АймақБас тақырыпРуханият

20 мың кітап оқыған шопан Қарқаралыда тұрады

Қарқаралының қатпар-қатпар тарихы бар Тәттімбет ауылында 20 мың кітап оқыған шопан тұратынын аймақтағы БАҚ өкілдері жария етіп жатқаны біршама уақыт болды. Қой бағып қоймай ой бағып, рухани байлықты бойына қатар сіңірген Мінәжат Исабеков бүгінде 75 жасқа толса да, кітапты қолынан тастамайды. Мемлекеттік деңгейде «Кітап оқитын ұлт» жобасы қолға алынған кезеңде бұл ақсақал – таптырмас кейіпкер.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бір таңқаларлығы, Мінәжат ақсақалдың кітап қорында 18920 кітап бар екендігі. Шопан осы еңбектің бәрін оқып тауысты. Қазірдің өзінде қолына жаңа кітап түсе қалса, бірден оқуға асығады. Қария бір кітапты орта есеппен екі күнде оқып шығады екен. Кейде, тіпті, кітаптарды қайталап оқиды. Кітап оқуды 11 жасында ертегі оқып бастапты. Одан кейін тауысып оқыған көлемді туындысы – Мұхтар Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы». Күні бүгінге дейін шығарманың кез келген жерін жатқа айтып беретін санасы сергек, қағылез.

Мінәжат Исабеков 50 жыл бойы шопан болып келеді. Ен далада қой баға жүріп, талай автордың шығармаларын оқып тәмамдады.

– Оқыған әр туынды терең ойға батырып, жұлдызды түнде Темірқазықтай жол сілтейді. Мәди Айымбетовтің бірнеше шығармасын, Зейтін Ақышевтің «Иманжүсіп» кітабын да оқыдым. Сөз жоқ, ғажап. «Қараш-қараш» оқиғасындағы бірінші сөйлем менің миымда жаттаулы, – деді Мінәжат Исабеков.

Жасыратыны жоқ, қазір көбі ғаламтор мен ұялы телефонды қолданады. Дегенмен, Тәттімбет ауылының кітапханасында жас оқырмандар саны күн санап артып келеді. Мінәжат ата балаларға бағыт-бағдар беріп, ақылын аямайды. Оқушыларға және ауылдың адамдарына қызықты шығармаларды ұсынып отырады.

– Кітап, газет болмай қалғанда, үйдің іші тұтастай дүрлігеді. Бізді «ана үйден кітап алып келші» деп жұмсайды. Кейде «Мен қойдан келгенше кітапханадан керек кітап тізімін әкеліп қой» деп тапсырма жүктейді. Айтқанын бұлжытпай орындасаң, балаша шаттанып, мәз болады, – деді жұбайы Күміс Мұқашева.

Зерделі зейнеткер үшін миды қартайтпаудың бір жолы – кітап оқу. Бұл көзбенен қиялды қатар дамытып, танымды да арттыра түседі. Ақылына ақы сұрамайтын асыл қазынаны серік еткен ақсақал ендігіде немерелерінің жанында солардың қызығын көрсем деп армандайды.

Мирас ЫБРАЙ,
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ IV курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button