1998 жылы Әскери қорғаныс күштерінің Әскери-әуе күштерін құру туралы директиваға қол қойылды. Сол уақыттан бастап бұл атаулы күн болып күнтізбеге енді.
Қазақстанның Әскери-әуе күштері – маңызды бағыттарды, аудандар мен объектілерді әуе қарсыластарының соққыларынан қорғауға арналған негізгі маневрлік атыс әскер тегі болып табылады.
Олар әуе кемелерінің заманауи түрлерімен, соның ішінде көп функциялы жойғыштармен және соққы беруші тікұшақтарымен жабдықталған. Ұшқыштардың жауынгерлік даярлық жүйесі де ұдайы жетілдіріліп отырады. Сонымен қатар қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың тәжірибесі де ескеріліп, талданады.
Бұның бәрі іс жүзінде жеке құрамды әуеде соғыс жүргізудің жаңа әдіс-тәсілдерін үйренуіне мүмкіндік береді. Ұшу және инженерлік құрамның, тыл және байланыс мамандарының, авиациялық бөлімдердің азаматтық персоналының күнделікті тынымсыз еңбегі қазақстандық авиацияның жауынгерлік әзірлігін арттыруға бағытталған.
Біздің әскери-әуе күштерінің ептілігі «Жусан» гуманитарлық акциясы кезінде көрінді. Ұшқыштар Сирияға рейстер жасап, азаматтарды елге жеткізді. 2021 жылдың тамызында аса күрделі әрі қауіпті жағдайларда әскери-көлік авиациясының экипаждары Кабулдан келген отандастарды эвакуациялау операциясын жүзеге асырды.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Елшілігіне көмек сұрап келген Қырғызстан, Ресей және Литва азаматтары да Ауғанстаннан гуманитарлық операция кезінде шығарылды. Бүгінгі таңда Қазақстанның әуе кеңістігін қорғаушы буын Әскери-әуе күштерінің даңқты дәстүрлерін лайықты деңгейде жалғастырып келеді. Олар ұшу шеберлігін жетілдіріп қана қоймай, күрделі оқу-жауынгерлік міндеттерді шешуге әрқашан әзір екенін іс жүзінде көрсетіп жүр.
Думан ЖҰМАШҰЛЫ,
Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы