Жаңалықтар

2. Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ: «БАРЫС ЖЫЛЫ ТУҒАН АСАУ БАЛЫҚПЫН…» ( ғұмырбаяндық эссе)

(Жалғасы. Басы газеттің №35 санында).

Біз баяғыдан Қарқаралы-Қызыларайдағы Қаракесек ішіне тастай батып, судай сіңіп кеткенбіз. Туған-туыстан жұрдаймын; өздері үш жүзге, ру-руға бөлінетін қазақ бізді өзіне қоспайды. «Қырғыз» дейді әлі! Бірде: «Атажұртым – қырғыз, Арқаға Енесайдан келген, Анажұртым – араб, Мекке-Мединадан» – деп, Мұхтар Мағауинді ашуландырып алғам. «Сенің бабаларың Абылаймен бірге қазақ хандығының шаңырағын көтерген! Арқаға әкеліп, Қарқаралыға жайғастырған да – сол! Не сандалып отырсың?! Қырғыздан не қалды сенде?! Арабтан не қалып еді?! Енді тағы бір жерде осы сөзді айтатын болсаң, ісім сенімен болады!» – деді! Зәрем ұшып кетті! Бір өзі бір ұлтқа айналып кеткен адам ғой «Қырғыз ем…» деп айтпаймын содан бері, ел айта берсін…

Әкем Ленин мен Сталинге жан-тәнімен берілген коммунист. Үш әйел алған. Менің шешем соның соңғысы. Үшеуінен де үш қыз көрген. Тұлабойы тұңғыш ұлы мен екем, еркелетіп, бетіммен жібергені содан болуы керек. Сол еркеліктен алпыстан асқанша есімді жинай алмай қойдым. Басыма Гегель, Фейрбахтар мен Маркс, Энгельс, Ленин, Сталиндердің шығармаларын үйіп қойып, «ЦК-ның Бас хатшысы боласың» деп өсіріп еді. 1960-1961 жылдары сурет сала бастадым. Бұл – Фидель Кастроның заманы. Есіктен төрге дейін шашылған Фидельдің суреттері… Хрущевке карикатура салам, өйткені оны әкем мысқылдап отырады… Бір күні Ақсұңқар соның біреуін көріп қойып: «Сен мені партиядан шығарасың!» – деп, суреттерімді отқа жағып жіберді! Сталиншіл, коммунист еді!

Мектепті тәмамдаған соң, 1967 жылы философ болам деп, Қарағанды пединститутының тарих факультетіне келдім. Әкем қасымда. Сағат 9-дың шамасында емтиханға кірсем, екі сұрақ келіпті, біріншісі Шыңғысханның шапқыншылығы, екіншісі партияның ХХ сьезі, «Жеке адамға табынудың зардабы». Жатқа білетін тақырып. Шошаңдап қайта-қайта қол көтерем: «Әй, бала! Сен дайынсың ба?» – деді емтихан алушылар ширақтығымды аса жақтыра қоймай. «Дайынмын!» – дедім өзеуреп. «Онда билетіңді ал» – деп, мырс етті.

Біріншісін зулатып айтып шықтым. Ырза болған. «Екіншіге, Сталинге көш» – деді. «Сталиннің 13 томын жатқа білем, ол Троцкий, Каменов секілді оңбағандармен күресіп, БКП(б)- ның лениндік курсын қорғап, социализм орнатқан адам, «жеке адамға табыну» деген болған жоқ, нағыз кемеңгер – осы!» – деп сөйлеп берейін… Емтиханды Фарфуддинов деген татар алып отырған, проф. Жуасов бірінші сұрағыма ырза болып, сыртқа шығып кетіп еді, есіктен кіре берген Жуасовқа: «Бізге бір қызық бала келді, мынау партияның саясатына қарсы ғой» – дегені. «Ендеше, неге отырсың?! Екіні қой да, шығарып жібер!» – деді жаңа ғана маған сүйсініп кеткен көкем… Айналасы 20-25 минуттың ішінде «құлап» шықтым. Әкем мен бір топ қызыларайлықтар күтіп тұр екен, ел: «Неше алдың?» – деп шулап қоя берді: «Бес!» – дедім, ерегісіп!

Былай шыға бере боздап қоя бердім… «Қандай сұрақ?» – деді әкем. «Сталин…» – дедім. «Е, онда түсінікті…» – деді әкем. Қабағы қарс жабылып кетті…

Атам Сүлеймен 1912 жылы Қажыкен деген баласымен аң аулап жүріп, Ақсораңнан ақсұңқар деген құсты көреді… Сол күні бәйбішесі, ұлы анамыз Күләнда босанып, ұл туады да, атын «Ақсұңқар» қояды. Құс затының білгірі Есенғалидың (Раушан) айтуына қарағанда, Сарыарқадан Ібір-Сібірге ақсұңқар ауғалы біраз заман болған… Сонда бұл қалай? Осы[1]ның жөнін Арқадағы атақты құсшы Тілеуғабыл Есенбековтен сұрағанымда: «Ол кезде Ақсораңда ақсұңқар болған, – деді, қазір бұрынғыдай сарышұнақ аяз, ат құлағы көрінбейтін боран, қаһарлы қыс жоқ қой. Бұл киелі құс елге ауыр жұт келген жылдары Арқаға әлі де ұшып кеп тұрады…»

Әкем Ақсұңқардың бір жыры

Бір тамшысы ем осынау дүние жалғанның,

Мөлдіреп тұрған Манас көкемнің кірпігінің ұшында, –

Домалап түсіп қалғанмын,

Беғазы-Дәндібайдың тұсында.

Айылымды жыймай замана дейтін дүлейден,

Аспанға ұшып құс-жаным, –

Затымды көріп, атымды қойғанда Сүлеймен,

Ақсұңқар құсқа ұқсадым.

Ой бақтым, сырбаз бой бақпай,

Көзіме ілмей көрінген көргенсіз немені.

Құлдың заманында құлаққа құрбақа ойнатпай,

Құдайым мені жебеді!

Мен де бір жүрген шерменде,

Жүрегінің түбі – тылсым мұң.

Орда бұзып отыз сегізге келгенде,

Һалифа дейтін Арудан,

Алашта бөлек ұл сүйдім!

Алдына –

Ханға жайғандай дастархан жасатып,

Бармағым балға батырып;

Қарпытып қазы-қарта асатып,

Қымыз сімірттім сапырып!

 

Кердеңге кеудесін игізбей,

Күміспенен күптедім,

Алтынменен аптадым;

Аяғын жерге тигізбей,

Ар-ұятын көзімнің қарашығындай сақтадым!

Жан жүйесін ерітіп,

Жанына жолатпай тексіздің.

Едігенің ертегісіне елітіп,

Хан Кененің қадіріне жеткіздім!

Кім болар бұл – деп – ел жүрді іштей бал ашып,

Күлкілі:

Патша болады деген сол паңым адасып,

Ақын боп кетті бір күні…

«Көзімнің жасы селдейді, –

Деуші едім, неге шелектеп?» –

Мұхаммед ғалейіс салам айтыпты:

«Бұл елге енді пайғампар келмейді, –

Пайғампардайын ақындар ғана келед…» – деп.

Жан пайыз таппай Хаққа кеп,

Мәйітім қалып түу Қызыларайдың жонында,

«Тіл-көзден, Алла, сақта!» деп,

Аруақ болып мен соның жүрмін соңында…

– 2 –

Әлі есімде. Ресейде, Пенза қаласында әскери борышымды өтеп жүрген кезім. Бір күні шешемнен қалың хат келді. Ашып қалсам, алтынмен апталғандай әп-әдемі кітап – «Көктем тынысы». «Жазушы» баспасынан жарық көріпті. Көлемі он баспа табақтай. Ол кезде бұл біздің түсімізге де кірмейтін дүние. Қырық шақты ақынның жыры. Бейне бір антология секілді: Несіпбек Айтұлы, Жұматай Жақыпбаев, Заида Елғондиева, Иран Ғайып, Исрайыл Сапарбайлар алғаш рет оқырмандарымен осы кітап арқылы жүздесті. Дәуітағам (Дәуітәлі Стамбеков) кітап құрастырушыларға жалынып-жалбарынып жүріп, мені әзер қосыпты. Беташарын қазақ әдебиетінің классигі Тұм-Ағам (Т.Молдағалиев) жазған. Несіпбек Айтұлымен қоса менің де аты-жөнімді ерекше бөліп атаған екен. Жүрегім лүпілдеп, жүрелеп отыра қалғаным есімде… Бұл 1975 жыл. Мен жиырма бес жаста едім.

Қазіргі жас ақындардың алғашқы кітабы Мұқағалидың тұңғыш таңдамалысы «Өмір өзендей» бір том. Тәңірі жарылқаған Тәуелсіздіктің арқасы – бұл! Мен бала жасымнан арман, аңсарым болған «ХХ ғасырдың 20 сәті» – деген поэманы Қызыларайда бастап, Қарқаралының Жиренсақал тауының етегінде жатып, 1977 жылы тәмамдап едім, (менде соның әр түрлі елу нұсқасы сақтаулы еді), ақ қағаз бен қаламды тастап, компьютерге көшкен соң, өртеп жібердім… Сол кезде Ақаң (Ақселеу Сейдімбек) республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің әдебиет пен өнер бөлімінің меңгерушісі еді. Салып ұрып Алматыға барайын. Қасымда Дәуітәлі. Әскерден келген бетім. «Мен сізге поэма әкелдім» – деймін ғой өзімше болып. Ақаң: «Біз поэма баса алмаймыз ғой. Бізде «бес өлең» деген рубрика бар, соған ыңғайлап көрейін» – деді. Тастап кеттім…

Бір аптадан кейін қайта айналып келсем, Ақаң мені бас салып құшақтай алды. Ол кезде қызара бөртіп жүретін кезім: – Айналайын, Серік! – деді Ақаң, – Мен сенен бірдеңе сұрасам, соны маған қиясың ба? – Ол не? – деппін сасқанымнан. – Арағыңды берші маған! Мені бір «алқаш» деп естіген ғой. Біреулер оңдырмай сыртымнан жамандап қойған. – Өзімде бары осы ғана, оны сізге берсем, маған не қалады?! –дедім. Ақаң сол жолы жырдың көңілінен шыққанын айтып, өзіне алып қалды. Поэма сол жатқаннан «Социалистік Қазақстанның» қоржынында бақандай 5-6 жылдай жатты. Сонан кейін де оны жарыққа шығару оңай болмады. «СҚ»-дан күдерімді үзіп, оны ұмытып та кетіп едім… Әлі есімде, 1984 жыл, күн сенбі болатын. Совет одағының кезінде Қарқаралыға «Правда» мен «Социалистік Қазақстан» шыққан күні келуші еді. «Социалистік Қазақстанның» төртінші бетін ашып қалсам, «Құрлықтар» деген атпен бір бетті алып, менің поэмам тұр. Сол поэма советтік цензура мен редактордың сүзгісінен әзер өтіп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде жауапты қызмет атқаратын Әбіш (Кекілбайұлы) ағамның алқауымен 1984 жылы, «Жалын» баспасынан жұлым-жұлым боп жарық көрді. Алты жыл арпалысып жүріп, отыз төрт жасымда жалғанның жарығына әзер шығардым. Көлемі бір баспа табақтай. Цензураның қатал тезінен өткен. Редактор шимайлаған… Өлеңдерімнің нобайы бар да, өзі – жоқ! Оның жарыққа шығуының өзі бір жыр. Одан біреулер антисоветтік сарын іздеген-ді… «Мұны жарыққа шығаруға болмайды!» – деген сол кездегі көзі тірі классигіміздің жазбасын да өз көзіммен көргем. Ахаң оны «Сен жоғалтып аласың» – деп, маған бермеді: ол хат Ахаңның архивінде жатуы да мүмкін.

Басы дауда қалған қолжазба Қазақстан Жазушылар одағының поэзия секциясында қызу пікір туғызып, сол кездегі цензура мен редакторлардың сүзгісінен әрең өтіп, 1984 жылы «Жалын» баспасынан әзер дегенде жарық көріп еді. Кітапты әдеби орта, жыр сүйер қауым қуана қабылдап, Ғафу Қайырбеков бастаған, Кеңшілік Мырзабеков, Жұматай Жақыпбаев, Ұлықбек Есдәулет, Есенғали Раушан, Светқали Нұржан қоштаған жылы лебіздер айтылды.

«Әлі есімде досым Табылды (Досымов) бірде керемет бір ән шығарды. Сөзі – сұмдық

Дірілдерін, гүрілдерiн,

Құлақ түріп, тыңдай қалып.

Бүгін менің жұмыр жерім,

Бара жатыр Күнді айналып…

– Кім жазған?! – деп шу ете қалдық. Мұндай сөзді алып ақынның жазғанына күмәніміз жоқ еді.

Күнді айналу – мұңды ойлану,

Көз жастағы көліңменен.

Өмір деген – Күнді айналу,

Күлге айналу – өмір деген!

Өлең сіздікi екен, аға! Сол күннен бастап Ақсұңқарұлымен ауырдық. Бүтіндей бір буын Сізді пір тұтты! Ақын Ақсұңқарұлы, Сіз бақыттысыз! Ендігі ақындар Сіз секілді оқырманымен, өлеңсүйер өрендерімен бақытты бола ала ма? Білмеймін, аға» – деп жазды айтулы журналист Арман Сқабылұлы facebook-тің бетінде «ХХ ғасырдың 20 сәті» хақында.

Менің буынымдағы арқалы ақындарға мұнан асқан марапаттың керегі шамалы!

Содан бері аттай 35 жыл өтіпті. Қоғамдықэкономикалық-саяси формациялар ауысты. Бодан жұрт азат елге айналды. Алланың алқап, әруақтың жебеуімен менің маңдайыма ХХ ғасырға ХХІ ғасырдың көзімен қараудың қаракеті жазылған екен, Тәңірге тәубе деп жүрмін. Ахаң көзі тірісінде «Поэмаң қиын кезеңге тап келді ғой. Қайта жаз! Елің – азат. Цензура жоқ» деп еді. Сол жырдың өзімше кемеліне келді-ау деген соны Һәм соңғы нұсқасын Ұлықбек редактор боп тұрғанда «Жұлдыз» журналына жариялап едім. Сол Ахаңның көзіне түспеді. Отыз жыл бойы осы жырдың азабын мен қалай тартсам, Ақселеу ағам да менен кем тартқан жоқ-ау деп ойлаймын.

Ахаң – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Әлімхан Ермековтердің бізге қалған сарқытындай бір тұлға еді. Бәрі де мен туған топырақтың төлдері. Жендет Алаштың сорпа бетіне шығарын қолымен қалқып алғанда, Алла солардың көзіндей ғып Ахаңдарды қалдырып еді. Орынында бардың оңалып жатқаны содан. Соңында көшпелілер цивилизациясының үш тағанындай «Қазақ әлемі», «Қазақтың күй өнері», «Қазақтың ауызша тарихы» сынды үш сом дүниесі қалды. Ахаңдары бар Алаш өткен-кеткенін жадынан шығара алмайды. Өткенін ұмытпаған ұлттың келешегі де кемел болады.

Ақмелеу Сейдімбек қайтқанда

Ахаң кетті-ау, көрсетпей қарасын да,

Қалған қара қазақтың бәрі – осында.

Алла ғана тұр қазір, біздер жоқпыз,

Ақселеу мен Алаштың арасында.

Көзге Алаштан басқаны қара көрмей,

Қаракөгім – қайтсе де қалар өлмей.

Құлағына ғаламның бір жетерсің,

Қазақтағы ғажайып қара өлеңдей!

Қайран, Ахаң,

Хош, арда Алашұлы,

Әлиханның ақтық бір жан ашуы!

Жидебай мен Қараойдың шырақшысы ең,

Алла менен Абайдың жарасымы!

Қазақ болу қашан да ғажап қой деп,

Ауа жұту Алашсыз азаптай боп, –

Паң кейіпте жүруші ең,

Дүниеде Пайда болған алғашқы Қазақтай боп!

Сарыарқаға аспаннан дүбір еніп,

Саф алтындай орның үңірейіп, –

Енді, міне, ең соңғы Қазақтайын,

Қайда көшіп барасың күңіреніп?!

Кімдер сенің төбеннен өкім етті,

Кімдер сенің сыртыннан көкіп өтті?

Адамзатқа жіберген Алашымның,

Елшісі боп Сен қалдың –

Өкілетті!

Қазағыңның тартып бар күйігін де,

Көңіліңнің болмады-ау, күйі, мүлде.

Фәниде де биікте жүріп едің,

Бақида да қалдың сол биігіңде. Дәуітәлінің есімін естіген сайын әлі күнге дейін егіліп отырамын мен… Алматыда туған-туысым, арқа сүйер көкем, ат басын тіреп түсетін үйім жоқ. Дәуітәлінің үйі – Сарыарқаның алтын бекетіндей. Алаштың бүгінгі айтулы ақыны Ғалым Жайлыбай, жазушы Роза Мұқанова осы үйден шығып, Коммунистер даңғылындағы 105 үй – Қазақстан Жазушылар одағына имене кірген-ді…

Дәуітәлі Станбековтің мына жарық дүниеге ақын болып келмеуі ақылға сыймайтын дүние десе болады. Кіндік қаны түскен топыраққа қараңыз: Алашорданың үш бірдей арысы Әлихан Бөкейхан, Ақбайдың Жақыбы, Әлімхан Ермековтің туған жері.

– Совет өкіметі Ақтоғайды неге жек көреді?! Білесіңдер ме? – деуші еді кейде Дәукең ашуына мінген бір кезінде. Үндемей құтыламыз.

– Ақтоғайға неге шойын жол тартылмаған?! – дейді Дәукең одан сайын қаһарына мініп.

– Оны мен қайдан білейін?

– Оны білмесең, қолыңа қалам ұстап, несіне кісімсініп жүрсің?!

Көкемнің мінезі өзіме белгілі. Үндемей құтыламын… Біраз уақыт үнсіз отырады да: «Совет өкіметінің үш қас жауы осы топырақтан туған! Соларға кеткен өшін алу үшін бізді құс ұшып, құлан жортпас құладүзге қалдырып отыр!» – деуші еді… Мұны естігенде Ақтоғайдың коммунистерінің зәре-құты ұшып, орындарынан тұра-тұра қашатын… Солардың көбісінің көзі әлі тірі. «Совет өкіметін иттің етінен де жек көрген қазақтың үш боздағы осында туған!», – дейді! Не деген сөз?! О кезде мұндай сөзді айту үшін адамға арыстан-жүрек керек-ті. Әсіресе, қазаққа!

Ұлқаш (Есдәулет) совет өкіметі кәріне мініп тұрған 1972 жылы Дәуітәлінің КазГУ-де өткен бір поэзия кешінде «Совет өкіметі құласа(?!), Маяковскийді ешкім оқымайды!» – дегенін өз құлағымен естігенін аңыз ғып айтып жүр!

«Ассалаумағалейкум, Ақырзаман!» – деп жазды ол сол кезде. Біреулер заманның балын жалап жатқанда, ол уын ғана ішіп жүрді…

«Достарым менің – ұрылар!

Достарым менің – бандиттер!» – деп жазды ол 70-ші жылдары. Совет өкіметіне ерегісіп айтқаны.

Халықаралық «Алаш» сыйлығына ұсынғанда ол өлім аузында жатқан. Лауреат болғанын естімей кетті марқұм. Соңғы кітабы «Жұмағым мен тамұғымды» қолына ұстай алмай да кетті.

Ол маған бір өзі бір әдеби ортадай болған тұлға еді. Алматыға келсем, ат басын Дәуітәліге тіреймін. Буырқанып Қазақстан Жазушылар одағының үйіне келеміз.

– Қашан келіп едің? – дейді Қадағам (Қадыр Мырзалиев). Ол кезде о кісі Қазақстан Жазушылар одағының кеңесшісі.

– Келгеніме 2-3 күн болды – деймін күмілжіп…

– Ендеше, өзіңе-өзің келіп ал… Соңсоң, маған келесің ғой.

Әдеби ортаға алысқанмен-алысып, жұлысқанмен-жұлысып жүріп, мені сүйреп әкелген – Дәуітәлі! «Менің пірім – Сүйінбай» деген Жамбыл тәтем. Менің пірім – Қасым мен Дәуітәлі! Алдында Дәуітәлідей адуынды азамат ағасы болмаса, мына дүниеде мендей Серік Ақсұңқар деген басы жұмыр пенде болар еді. Ақын болмас еді! Алматыға келсем, көзіме Дәуітәлі елестейді. Бәрі – бар. Дәуітәлі – жоқ…

Жалғасы бар.

Басқа материалдар

Back to top button