Жаңалықтар

2 наурыздан бастап Отбасы банк тұрғын үйді кезекте тұрған азаматтарға тек түгендеуден өткеннен кейін ғана үлестіреді

Банк ұлттық даму институты мәртебесінде тұрғын үйді кезекте тұрғандар арасында белсенді түрде таратып келеді. Облыс әкімдіктері банкке барлығы 13 393 пәтер тапсырды. Оның 8 846-сы жалдамалы тұрғын үйге, ал 4 547-сі несиелік тұрғын үйге арналған. Қазіргі уақытқа дейін 4 216 қазақстандық отбасы қоныс тойын атап өтті.

Сурет ЖИ

Тұрғын үйді бөлу үдерісі толық цифрландырылған. Банк мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграция жүргізіп, тұрғын үйді үлестіруге арналған orken.otbasybank.kz платформасын іске қосты. Пәтер бөлу кезінде кезекке қойылған күн мен азаматтардың санаттық басымдықтары ескеріледі. Барлық деректер мемлекеттік қорлардан автоматты түрде алынады, сондықтан азаматтарға қосымша анықтама жинап, құжат тапсырудың қажеті жоқ.

Түгендеу – кезекте тұрған азаматтардың деректерін тексеру және нақтылау рәсімі. Ол азаматтың мәртебесін, отбасы құрамын, санатын және тұрғын үйінің бар-жоғын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл процесс тұрғын үйді әділ әрі ашық бөлуге бағытталған.

Бұған дейін тұрғын үй бөлу үдерісі жедел басталуы үшін уақытша шешім қабылданып, пәтерлер түгендеуден өтпеген азаматтарға да берілген болатын. Алайда кейін тексеру барысында кейбір азаматтардың баспанасы бар екені немесе отбасы құрамының өзгергені анықталып, тұрғын үйді бөлу үдерісін қайта бастауға тура келген жағдайлар болды. Бұл уақыттың созылуына және жүйенің кідірісіне себеп болды.

Енді 2026 жылғы 2 наурыздан бастап түгендеу тұрғын үй алу алдындағы міндетті қадамға айналады. Егер азамат түгендеуден өтпесе, ол кезектен шығарылмайды, алайда тұрғын үй бөлу процесіне қатыса алмайды. Мұндай жағдайда банк жалдамалы тұрғын үйді де, сондай-ақ 2% (ЖТСМ 2,0–2,1%) және 5% (ЖТСМ 5,2–5,8%) мөлшерлемесімен жеңілдетілген несие арқылы пәтер сатып алу мүмкіндігін де ұсынбайды.

Қазіргі таңда кезекте тұрған 257 000 азамат түгендеуден өтті.

Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button