2 500-ден астам камера Абай ауданының қауіпсіздігін бақылайды
Абай ауданы полиция басқармасында заманауи Жедел басқару орталығы жұмысын бастады. Орталықтың мүмкіндіктерімен және техникалық жабдықталуымен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев танысты.

Полиция департаменті бастығының орынбасары Жанат Қақажанов өңір басшысына жаңа орталықтың қызметін таныстырып, оның алдағы даму жоспары туралы баяндады.
Бүгінде Абай ауданында орнатылған 2 571 бейнебақылау камерасының 1 119-ы орталық жүйесіне қосылған. Оның ішінде 156 камера көшелер мен қоғамдық орындардағы тәртіпті бақылайды, ал 963 камера 49 мектеп пен балабақшаның қауіпсіздігін қадағалайды.
Ермағанбет Бөлекпаев аудан орталығына жақын ауылдардағы бейнебақылау жүйелерін де қосу арқылы бақылау аймағын кеңейтуді тапсырды.
— Ішкі істер министрінің тапсырмасы және облыс әкімдігінің қолдауымен шағын қалаларда жедел басқару орталықтары кезең-кезеңімен ашылуда. Бүгін Абай қаласында осындай орталық жұмысын бастады. Алдағы уақытта Балқаш, Теміртау, Шахтинск, Саран және Осакаров ауданында да осындай нысандар іске қосылады. Бұл қоғамдық қауіпсіздікті арттырып, құқықбұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Жанат Қақажанов.
Жаңа орталық тәулік бойы жұмыс істейді. Мұндағы мамандар оқиғаларға жедел әрекет етіп, қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА