Жаңалықтар

1978 жылғы студенттермен сырласу: Евней Бөкетовтің соңғы сұхбаты алғаш рет жарияланды

Уақыт пен кеңістікті жарып өтіп, бізге 1978 жылғы студенттермен болған Сіздің сұхбатыңыздың стенограммасы жетті. Ол талай жылдар бойы филология ғылымдарының докторы, профессор Таисия Тимофеевна Савченконың қолында сақталған. Бірегей сұхбат мәтіні «Орталық Қазақстан» газетінің бетінде алғаш рет жарияланғалы отыр.

Сұрақ: Сіздің сүйікті жазушыңыз кім?

Жауап: Қазақ халқының аттары аталмаған, белгісіз жазушылары – менің сүйікті жазушыларым. Әжемнің айтқан әңгімелерін де жақсы көремін. Негізі менің әр жиырма жылда артық көретін жазушыларымның тізімі өзгеріп отырады. (Түсіндірме. Қазақтың аттары аталмаған, белгісіз жазушылары деп сол кезде атын атауға болмайтын қазақ әдебиетінің алыптарын, әлі ақталмаған бес арысы мен үш бәйтерегін айтқаны. Олар А.Байтұрсынұлы, Ш.Құдайбердіұлы, М.Дулатұлы, С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, Б.Майлин, т.б. еді. Сондай-ақ, артық көретін жазушыларының ішінде Ивашкевичтің фамилиясын атайды. Ивашкевич – поляк халқының белгілі ақыны, жазушысы, драматургі, эссеисті, аудармашысы. Ол Евней ағамыздың ең жақсы көретін жазушыларының бірі болған. Мұны Ивашкевич жазбаларының тақырыбынан-ақ тануға болады. Мысалы, «Хвала и слава в двух томах» эпикалық романы, т.б. Бұл жазушыны поляк әдебиетінің титаны деп атаған, өте жан-жақты адам болған, дипломат, музыкант, аудармашы, саяхатшы және эстет – Н.Бөкетова).

Сұрақ: «Алты хаттың» жанры қандай?

Жауап: Мен бұл кітапты досыма хат ретінде жаздым, ал осы ниетімнен не шыққанын өздеріңіз көріп отырсыздар.

Сұрақ: Кейіпкерлердің аты-жөні кітапта сақталды ма? Бұл автобиографиялық кітап па?

Жауап: Иә, Стендер, Пономарев, Байқоңыров, Сәтбаевтың есімдері кітапта сол күйінде дерек ретінде қалды. Субъективті мінездеме болмасын деп кейбір сүйкімсіз адамдардың атын өзгерттім. Кейбір сәтте бір тұлғаның бойындағы мінезінің сан қыры ашылады немесе екі түрлі тұлғаның қасиеті бір адамның мінезіне тоғысады. Бұл рухани үндестік һәм шығармашылық болса керек.

Сұрақ: Макбетті аудару туралы ой Сізге қалай келді?

Жауап: Қай іске ынтамен кіріссең, сол жұмыс нәтижелі болады. Айналамыздағы көп адам бас кейіпкер Макбетке ұқсайды. Ол секілді қызметте өсуі үшін ештеңеден тайынбайтын, кез келген амалын жасайтын адамдар жетерлік. Өмірде де өн бойында періште мен жын қатар мекендейтін кейіпкерлер кездеседі. Мұндай кейіпкерлер – бүгінгі адамның бейнесін айқындайды. Сондықтан, бұл пьесаның өзектілігін ескере отырып, аударуға бел будым.

Сурет университет мұрағатынан

Сұрақ: Қарағанды театры қойған Макбет қойылымы көңіліңізден шықты ма?

Жауап: Бұл сұраққа мен былай жауап берер едім. Қанша тырысқанмен, бірде-бір театр Шекспир туындыларының шексіз тереңдігі мен асқақ рухын толық жеткізе алмайтын секілді. Біздің театр осы жолдағы алғашқы қадамын жасап отыр. Шекспирдің ойлары, шығармалары адамның жан-дүниесін тазартады, тура жолға жетелейді.

Сұрақ: Сіз қалай жазасыз?

Жауап: Күнделік дәптерлерім жоқ. Маған бір уақытқа он түрлі ой келеді. Тыныш күйде отырып, белгілі бір бағытта ғана ойлауға тырысасың. Сағат жеті мен онның арасы – менің ойланатын уақытым. Әріптестерімнен өз пікірлерін нақты әрі қысқа тұжырымдауды талап етемін, бұл кейде оларға қиындық туғызады.

Сұрақ: Қай тілде ойлайсыз?

Жауап: Мұхтар Әуезов орыс тілінде тамаша әрі асқан шеберлікпен импровизация жасай білген, бірақ қазақша жазды. Ал мен болсам, батылдық танытып орыс тілінде жазып отырмын. Әуезов «түсімді қазақ тілінде көремін» депті. Мен де жазушы сияқты түсті қазақ тілінде көремін, сондықтан менің ана тілім – қазақ тілі.

Сұрақ: Қазіргі қазақ әдебиетінде қандай ағымдар бар?

Жауап: Бес-алты жылдан бері пікір жазып келемін. Содан кейін бір уақытта мен мақалаларымның бір-біріне ұқсас екенін білдім. Бұл әуесқойлыққа байланысты. Мен әдеби сынға қызығамын. Әдебиеттің өзі дамуда кең өріс алды. Жалпы, өсу жақсы шығармалардан байқалады.

Белгілі Кеңес инженер-сынақшысы, КСРО Ғылым академиясының корреспондент мүшесі В.Грум-Гржимайлоның мынадай сөзі бар:

«Даналар ойды қайталайды, бірақ, әркім оны өзіндік болмысымен, шешен тілімен жеткізеді. Әсіресе, бұл өзіңе деген адалдықты талап етеді. Жалпы біз өз кемшіліктерімізді мойындамаймыз.
Өзің жасаған қателікті ашық айтып мойындау – батылдықтың белгісі. Сол қателікті түзеу арқылы адам шын мәнінде кемелдене түседі».

Сұрақ: Сыншылардың пікірін қалай қабылдайсыз?

Жауап: Жазушының тағдыры өте ауыр. Олар сынға төзімсіз, сезімтал келеді. Десе де, бәрімен пікірталасқа бара бермейді.

Сұрақ: Қазіргі заманғы адамның дилетанттығын жеңу мүмкін бе?

Жауап: Адамның маман ретінде айналысатын белгілі бір саласы болу керек. Бірақ бір ғана саламен шектелуге болмайды. Қабілеті мол, дарынды адамды өз ғылымының екі-үш саласында еңбек етуге ынталандыру керек. Классикалық көркем әдебиеттен әркім хабардар болу керек. Өнерге әуес болуы қажет. Неғұрлым адамның мәдениеті биік болса, соғұрлым оның шығармашылық, ғылыми әлеуеті жоғары болмақ. Ал бір бойынан мұндай қасиет табылмаса, онда олар ғалым емес, тек ғылыми кызметкерлер ғана.

Евней ағамыздың жастарға аманаты:

Құрметті студенттер!

Жүректеріңнің түбіне алғыс сезімінің нәзік гүлін өсіріп, оны әрдайым баптап, қадірлеп жүріңдер. Қиын сәтте қол ұшын созған адамдардың жақсылығын ешқашан ұмытпай, оларды қадірлей біліңдер.
«Рақмет» деген бір ауыз сөз – үлкеннің де, кішінің де көңілін жадыратады, жылытады.
Шынайы алғыс – адамды адам ететін асыл қасиет.

Нұрсұлу БӨКЕТОВА,
Е.Бөкетовтің немере қарындасы, ф.ғ.д., профессор

Басқа материалдар

Back to top button