Рухани жаңғыруРуханият

1937-1938 жылдардағы «ҚАРАҒАНДЫ ІСІ» жазықсыз жапа шеккен Аяпберген ТӨЛЕУБАЕВ тағдыры хақында

1993 жылдың 14-ші сәуірінде Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси репрессия құрбандарын ақтау туралы» Заңы, 1996 жылы 30 желтоқсанда Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «1997 жылды жалпыұлттық келісім және саяси репрессия құрбандарын есте сақтау жылы деп жариялауы туралы» жарлығы шықты. Елімізде «31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» болып бекітілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ өткен жылдың 30-шы мамырындағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жариялаған үндеуінде: «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады. Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз», – деп атап көрсетті.

Ұлт зиялылары мен мемлекет қайраткерлерін жаппай қуғын-сүргінге түсірген атақты «Қарағанды ісі» – 1937-1938 жылдардағы сталиндік қызыл террордың орасан зор алапаты мен қасіретін тануымыздағы тарихи танымымызды жаңғыртады. «Қарағанды. Қарағанды облысы» энциклопедиясындағы осынау іске қатысты тарихи анықтама тоталитарлық жүйенің қылмысын айғақтайды.

«Қарағандыдағы екінші репрессия 1937-1938 жылдары жүргізілді. Себебі, бұл жылдары бүкіл елімізде, әсіресе Мәскеу мен Ленинградта жаппай репрессия басталған еді. Соның ызғары Қазақстанға да келіп жетті. Өйткені, Қарағанды еліміздегі үшінші көмір ошағы аталды. Мұнда көптеген партия, мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар, ақын-жазушылар, артистер жұмыс істеді. Сондықтан да, 1937 жылғы Қазақстандағы репрессия ең алдымен Қарағандыдан басталды. Осы жылдың маусымында Қарқаралы округтік партия комитетінің хатшысы М.Ғатаулин ұсталады. Өйткені, ол 1932 жылдың өзінде-ақ, Ғ.Мүсірепов, М.Дәулетқалиев, Қ.Қуанышев, Е.Алтынбековтермен бірге Қазақстан өлкелік партия комитетінің сол кездегі I хатшысы Ф.Голощекиннің үстінен БК(б)П ОК-не хат жазған болатын. Бұл хат Қазақстан Компартиясы тарихында «Бесеудің хаты» деген атпен белгілі еді. Осы хатқа байланысты М.Ғатаулин үнемі бақылауда жүретін. Сол тұста онымен бірге Н.Нұрсейітовті, М.Ордабаевты, Ж.Баймолдинді тұтқынға алады. Сол жылдың күзінде осы іс бойынша А.Асылбеков, Н.Нұрмақов, С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов және басқалар ұсталып, ату жазасына кесілді. Бұдан кейін осы облыста кызмет істеген Ғ.Пинхасик, Ә.Мақатов, Ж.Сәдуақасов, М.Тәтімов, Ж.Сұлтанбеков, X.Әміров, О.Беков, X.Жүсіпбеков, Т.Нұртазин, С.Талжанов, Р.Әлсенов, А.Асылбековтің әкесі Мүсәпір, С.Сейфуллиннің әкесі Сейфулла, Хасен Жетпісбаев сияқты қарттар қамауға алынып, ауыр жазаға ұшырады. Сол жылдары Федорова, Куперман, Мрачковский, Кадаленко, Шедин, Измаиловтардың тобы деген «істер» ұйымдастырылды, көптеген адамдар нақақтан-нақақ жауапқа тартылды. Солардын ішінде, Смирнов, Смертюк, Парамонов, Хенкин, Скрипкин, Көрпебаев сияқты жұмысшы гвардиясының көрнекті өкілдері де кетті. Бұлардан басқа «Қарағанды ісі», «Қарқаралы ісі» деген жалған қылмыспен сан қазақ сотталды» (Қараңыз: Қарағанды. Қарағанды облысы: Энциклопедия. – Алматы, 2006.).

«Қарағанды ісі», «Қарқаралы ісі» бойынша ұйымдастырылған ашық сот барысы жазықсыз жандардың «халық жауы» деп атылуына, қудалануына ұласты. Мемлекет қайраткерлері Абдолла Асылбеков, Нұрғали Нұрсейітовтердің «Кеңес өкіметін құлатуды көздеген зиянкес сыбайластарын» жер-жерден, ауыл-ауылдан іздестіру қалыпты үрдіске айналды. «Шаш ал десе бас алатын» шолақ белсенділер әпербақандығы тіптен өрши түсті. «Елдің ішкі-сыртқы өміріне шектеусіз билік орнатқан большевиктер партиясының, оның ішінде Қазақстан Компартиясының 30-шы жылдардың аяғындағы білім, кадрлық және интеллектуалдық әлеуеті мақтанарлық деңгейде болған жоқ. Мәселен, республика коммунистерінің 78-80 пайызы бастауыш мектеп бітіргендер мен шала сауаттылар ғана болса, 600-ден астамы оқи да, жаза да білмейтін сауатсыздар еді. Ал, 1938-1940 жылдар арасында партия мүшелері қатарындағы жоғары немесе аяқталмаған жоғары білімді мамандар үлесі 4,2-ден 1 пайызға дейін азайып кетті» (Қараңыз: Нұрпейісов К., Әбжанов Х. 51-жылдың ызғарлы күзі // Қазақстан коммунисі. – 1991. – №3).

«Қарағанды ісі» бойынша қуғын-сүргінге түскен тұлғалардың шырғалаңды ғұмырлары, өмір өткелдері мейлінше күрделі. Жазықсыз жапа шеккен жандардың тамұқтан өткен тағдыр-талайы әміршіл-әкімшіл жүйенің қиянаты мен озбырлығынан сақтандырып, тарих тағылымына жетелейді.

Аяпберген Төлеубаев – «Қарағанды ісімен» 1938 жылы 29 қаңтарда Қарағанды облыстық НКВД басқармасы үштігінің шешімімен тұтқындалып, 1938 жылы 14 ақпанда РСФСР Қылмыстық кодексінің атақты 58-ші бабымен, 8 жылға еңбекпен түзеу лагеріне (ИТЛ) айдалған тұрлаулы тағдыр иесі. Қазақстан Республикасы ҰҚК Қарағанды облысы бойынша департаменті мұрағаты, «Жертвы политического террора в СССР» базалық дерек көздері, «Бессмертный барак» естелік кітабында саяси айыпталуымен қуғындалған қылмыстық іс құжаттары тіркелген. Оларда саяси репрессия құрбаны болған мыңдаған отандастарымыздың аты-жөні берілген. Аяпберген Төлеубаевқа қатысты төмендегідей анықтама жазылған:

«Толеубаев Аяпберген (1905)

Дата рождения: 1905 г.

Место рождения: Карагандинская обл., Тельманский район, Акжарский с\ совет

Пол: мужчина.

Национальность: казах.

Образование: среднее специальное техническое.

Профессия / место работы: заведующий школой, колхоза Тегисжол Тельманского района Карагандинской области.

Место проживания: Карагандинская обл., Тельманский район, колхоз Тегисжол.

Где и кем арестован: УНКВД по Карагандинской обл. Мера пресечения: арестован.

Дата ареста: 29 января 1938 г. Обвинение: «участник контрреволюционной националистической организации».

Осуждение: 14 февраля 1938 г. Осудивший орган: УНКВД по Карагандинской обл.

Приговор: 8 лет ИТЛ.

Дата реабилитации: 18 ноября 1943 г. Реабилитирующий орган: НКГБ КазССР.

Основания реабилитации: за отсутствием состава преступления».

Источники данных: БД «Жертвы политического террора в СССР»; Сведения ДКНБ РК по БД Карагандинской обл.; МВД Республики Казахстан; [http://www. karlag. kz/art.php?id.

Қарағанды өңірінің тумасы Аяпберген Төлеубаев (1905-1997) – арнаулы техникалық орта білім алған ел ішіндегі санаулы көзіқарақты, көкірегі ояу азаматтың бірі. Көкшетау мұғалімдер училищесін тәмамдап, Петропавл (Қызылжар) қаласындағы партия активі курсында білімін ұштаған ол еңбек жолын Балалар үйі директорының орынбасары қызметінен бастап, білім беру саласында тер төкті. Сол кездегі Тельман ауданы (қазіргі Бұқар жырау ауданы) «Тегіс жол» колхозында бастауыш мектеп мұғалімі болса, кейіннен мектеп директоры қызметіне тағайындалды.

Білікті маман ретінде ел құрметіне бөленді.

Мектептегі қарбаласқа толы жұмыс күндерінің бірінде асыл азамат «халық жауы» ретінде тұтқындалып, итжеккенге айдалып кете барды. Айыптауға «Қарағанды ісі» бойынша қуғындалып, сот үкімімен атылып кеткен Қазақстан К(б) П Қарағанды обкомының ІІ хатшысы Нұрғали Нұрсейітовпен «сыбайлас» болуы бірден-бір бұлтартпас негіз ретінде алынды. Сотсыз, тергеусіз әуелі Қарағанды абақтысына қамалып, кейіннен сегіз ай Қызылжар (Петропавл) түрмесінде айыптау үкімін күтіп, зарықты. 1943 жылы 18 қарашада Қазақ КСР ҰҚХК (НКГБ) шешімімен ақталып, 1948 жылы елге оралған қария ұзақ жылдар Қарағанды қаласында, Аманкелді ауылында, «Ақбастау» мал шаруашылығы бөлімінде, «Кузнецкий» (қазіргі Тоғызқұдық), Қарақұдық ауылында (бұрынғы «Көктал» совхозы) қажырлы еңбек етті.

Сталиндік лагерьлердің қанды тезінен өткен Аяпберген Төлеубаев ақсақалмен көзі тірісінде жүздесіп, қуғын-сүргін жылдары басынан өткерген тағдыр-талайын жазып алудың сәті түскен еді.

«Қарағанды ісі», «Қарқаралы ісі» деген аты шулы сот Қазақстан К(б)П ОК бюросының 1937 жылғы 10 қыркүйектегі каулысы негізінде сол жылдың қараша айында Қарағанды қаласында өткізілді. Абдолла Асылбеков, Нұрғали Нұрсейітов, Мансұр Ғатаулин сынды ел басқарған азаматтарға «халық жауы» деген жала жабылып, нақақтан-нақақ атылды. Айыптау қорытындыларын жариялаған газеттер «контрреволюциялық ұлтшыл ұйым құрып, кеңес өкіметін құлатуды көздеген қас жауларымыз әшкерленді» деп шулап жатты. Осы қудалау науқанының бір ұшы маған да тиіп, «халық жауы» ретінде сегіз жылға сотталып, итжеккенге кетемін деген ой үш ұйықтасам түсіме енді ме десеңші?!

Қазақстан К(б)П Қарағанды обкомының ІІ хатшысы қызметін атқарған Нұрғали Нұрсейітов (1904-1938) халыққа қадірлі азамат болатын. Ол кісінің өз ісіне адалдығы, шынайы еңбекқорлығы, турашылдығымен қатар қарапайым халықтың мұң-мұқтажын шешудегі іскерлігі, жанашырлығы көп айтылатын.

Бірде, сол кездегі Тельман ауданына қарасты «Тегіс жол» колхозына жұмысшылардың хал-жағдайын білуге, колхоз шаруашылығының жай-күйімен жақынырақ танысуға облыс басшысы Н.Нұрпейісовтің өзі келді. Кеңес өкіметі қызметкерлерінің көбі жөн-жосықсыз әкіреңдеулерімен елдің есін алып, екі аяғыңды бір етікке тығатын қызылкөздер болатын. Аштықтан, жоқшылықтан тұралаған елдің сондай шолақ белсенділерден әбден ығыры шықты. Колхоз мүшелері «мына басшымыз да солардың қатарындағы парықсыз көп шуылдақтың бірі болар» деген оймен Нұрғалиды тосырқай, жақтырмай қарсы алды. Содан әңгіме тиегін ағытып, халықтың күнделікті тұрмысы мен жұмысына, әлеуметтік хал-ахуалына тоқталды. Кеңес өкіметі мен коммунистік партияның колхоз жұмысшыларына қолдан келгенше көмек қолын созып жатқанын баяндады. Басшы атаулыдан шырайлы сөз естімеген қаймана жұрттың іші жылып, үлкендер жағы батасын беріп, мәре-сәре болып қалдық.

Колхоз төрағасымен емен-жарқын әңгіме барысында мектептің хал-жайы, сауат ашуда қордаланған қиындықтар сұрастырылды. Мектеп басшысы ретінде қойылған сұрақтарының бәріне мүдірместен жауап бердім. Қылшылдаған жас кезіміз әрі ел басқарған ақжүрек азаматтарды қадірлеп, құдайы қонағын сыйлаған қазақтың баласы болғандықтан «Үйге жүріңіз, дастарханымнан дәм татып кетіңіз» демесім бар ма?! Ол кез тұрмысымыз құлдыраған, әлеуметтік жағдайымыз тұралаған күрделі кезеңді. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, сығарға битіміз, үрерге итіміз жоқ халде едік. Қонақ болыңыз деп шақыруы шақырғаныммен, «Біздей пақырды менсіне ме?» деген күмәнді оймен қатар, жүдеу-жадау дастарханымды еске алып, құтым қашқаны-ай. «Соярға мал, тігерге тұяқ жоқ» десем біреу нанар, біреу нанбас. Кеңпейілді Нұрғали Нұрпейісов шаңырағыма бас сұғып, бұйырған дәмнен ауыз тиіп шықты. Көңілім едәуір марқайып, кеудеме мақтаныш сезім ұялаған маңғаз күйде масаттанғаным әлі есімде.

Мектептің қат-қабат шаруашылық жұмыстарына толы күнделікті күйбең тіршілігімен шапқылап жүргенімде жаналғыш әзірейілдей НКВД қызметкерлері жетіп келгені. Ол – 1938 жылдың 29-шы қаңтары болатын. Әй-шәйға қарамастан қолымды артыма қайырып, ағайын-туыстарыммен, отбасыммен қоштасуға мұрсат берместен «қара машина» («черный ворон») деп аталып кеткен көліктеріне салып, әкетті. Сол кеткеннен мол кетіп, Магадан ГУЛАГ-нан бір-ақ шықтым. Араға он жыл салып, туған жерге оралдым. Сібірдің қақаған қысының 50 градустық үскірік аязында күні-түні қара жұмысқа жегілдік. Алтын кеніштерінде бір түйір қара нанды талғажау етіп, ит қорлықты басымыздан өткердік. Атақты «Святая Елена» алтын кенішінде жер қазып, ағаш кестік. Талай адамның басын жалмаған Магадан ГУЛАГ-ын еске алудың өзі құйқаңды шымырлатады. «Қалай тірі қалдым?» деп көп ойлайтынмын. Бала кезден тесік өкпе болып өскендігім, жаз демей, қыс демей мал бағуымның пайдасы тиген болар…

Айдауылдар (карауыл) айқайы, абалаған иттер дауысы ұзақ жылдар бойы құлағымнан кетпей қойды…

«Ит байласа тұрғысыз» барактарда жан сақтаудың өзі қияметтің қияметі болатын. Талай боздақтың түрлі аурудан, аштықтан, адам төзгісіз суықтан жан тәсілім еткенін көрдім. Қыстың қақаған аязынан ну ормандағы қалың ағаштардың шытынап жарылуынан талай адам мертікті, талайы ажал құшты…

Жоғарыда айтқанымдай «Қарағанды ісі», яғни, Қазақстан К(б)П Қарағанды обкомының ІІ хатшысы қызметін атқарған Нұрғали Нұрсейітовпен «сыбайлас» ретінде еңбекпен түзеу лагеріне (ИТЛ) кесіп, 8 жылға бас еркімнен айырды. Жаналғыш ОГПУ, НКВД уысына бір түстің бе, одан дін аман құтылуың екіталай. Нұрсейітовті қудалау науқанының бір ұшы маған келіп тірелуін кейін түсіндім.

Құдай басқа салмасын, ойранды жылдары «халық жаулары» «сыбайластарын» әшкерлеу науқаны ерекше белең алды емес пе?! Сөйтсем, ел басшысының үйімде болып, дәм татуынан үлкен саяси астар іздепті ғой. Заңды тұрғыда 1943 жылы 18-ші қарашада қылмысым дәлелденбегендіктен ақталдым. Елге 1948 жылы оралдым».

Иә, атақты «Қарағанды ісі» тарих қойнауында қалғанымен, оның күрделі шырғалаңы тарих тағылымына жетелеп, өткен кезең қасіретінен ащы сабақ алуға ой салады. Қарағанды, Қарағанды облысына арналған «Азалы кiтап – Книга скорби. Расстрельные списки / Казахстан» кітабының төртінші шығарылымының 3-ші томында (Алматы, 1997) қуғын-сүргінге ұшыраған, атылған 2960 адамның аты-жөні қамтылған. Бұл деректердің жаңа архивтік мәліметтермен толықтырылатыны сөзсіз.

Сан жылдар бойы НКВД, ОГПУ, МГБ, КГБ мұрағаттарында аса құпия түрде сақталған құжаттар ел игілігіне айналған сайын сталинизм жылдары жазықсыз жапа шегіп, заңсыз атылғандар, із-түссіз жоғалғандардың өміріне қатысты құнды деректер қолға түсеріне сенімдіміз. Ресейлік ғалымдар жарыққа шығарған «Советская деревня глазами ВЧК – ОГПУ – НКВД. 1918-1939», «Система исправительно-трудовых лагерей в СССР. 1923-1960», «Всесоюзная перепись населения 1937 года: общие итоги» атты құнды кітаптар, сондай-ақ том-том болып басылған «Трагедия советской деревни. Коллективизация и раскулачивание. 1927-1939», «Красный террор на востоке России в 1918-1922 гг.», «Сборник законодательных и нормативных актов о репрессиях и реабилитации жертв политических репрессий», «История Сталинского ГУЛАГа», «Военнопленные в СССР. 1939-1956», «Русский архив: Великая Отечественная. Иностранные военнопленные второй мировой войны в СССР. Документы и материалы» сипатындағы іргелі еңбектерге қазақ қоғамы зәру.

Кеңестік әміршіл-әкімшіл жүйе қысымында бұрмаланған тарихи шындықты қалпына келтіруде, заңсыз қудаланған азаматтардың есімдерін толықтай ақтауда, ұмытылған тұлғаларды ұлықтауда қолға алынар келелі істер мол. Оған үлес қосу әр саналы азаматтың басты міндеті деп білеміз. Отанымыздың қилы тарихына бойлау туған ауылымыздың өткенін танудан басталады.

Сағымбай ЖҰМАҒҰЛ, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Айтбай ЖҰМАҒҰЛ, филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

Басқа материалдар

Back to top button