Азық-түлік қауіпсіздігі басты назарда

Азық-түлік қауіпсіздігі – қазіргі таңда  дүниежүзілік экономикалық саясаттың күнделікті талқысына айналып отырған мәселелердің бірі.

Күнделікті өмірде өзіміз тұтынып жүрген азық-түлік, басқа да тауарлардың түріне, жалпы сипатына көпшілігіміздің мән бермейтініміз анық. Нәтижесінде, әртүрлі келеңсіз жағдайлар орын алып жатады.

Осы орайда,  Шымкент қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, халықты қауіпсіз тағаммен қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылдың қаңтар, ақпан, наурыз және қыркүйек айларында сауда орындарынан — 1237  өнім сынамаларын (тағам өнімдері — 741 (59,9%), тағам емес өнімдер 496 (40,09%)) сатып алып, зертханалық зерттеулер жүргізді. Зерттеу нәтижесінде техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмейтін — 64 өнім  (5,1%)  (микробиологиялық көрсеткіш бойынша – 16, таңбалау көрсеткіші бойынша – 46, физико-химиялық көрсеткіш бойынша -2, токсико-гигиеналық бойынша — 3) анықталды. Соның ішінде ет, құс еті, балық, сүт, кондитерлік өімдер мен кулинарлық өнімдер, шырындар мен алкогольсіз сусындар бар.

Өнімдері талапқа сай келмейтін сауда орындарының жеке кәсіпкерлеріне кемшіліктерді жою бойынша ұйғарымдар беріліп, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 425 бабының 1 тармағына сәйкес айыппұлдар салынды. Талапқа сай келмейтін  өнімдер сатылымнан алынып, жеткізушіге кері қайтарылды.

Құрметті тұтынушылар!

Дүкеннен кез-келген өнімді сатып аларда, оның сыртқы қорабына, дайындалған күні мен орнына, жарамдылық мерзіміне, сақталу жағдайына және  құрамына аса назар аударған жөн.

Өз денсаулығымызға пайдасы бар, құнарлы тағамдарды таңдай білейік!

Сапалы азық – денсаулық кепілі екенін ұмытпайық!