Жаңалықтар

«Шаңырақпен» үйлі болыңыз

Қазақстанда «5-10-20» тұрғын үй бағдарламасы бойынша несие беру басталды. «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламасының жаңа бағыттарының бірі «Шаңырақ» пилоттық жобасын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) жүзеге асырады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Жылдық үстемесі 5 пайызға тең (ЖТСМ 5,2%), жеңілдетілген заемды алу үшін, бағдарламаға қатысушылар әкімдікте тұрғын үй кезегінде тұруы қажет. Сондай-ақ, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» шоттарына займ мөлшерінің 10 пайызынан кем түспейтін соманы бастапқы жарна ретінде жинау керек. Несиелендіру мерзімі 20 жылға дейін», – дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

17 қыркүйектегі мәлімет бойынша Қазақстан бойынша банк 21 039 өтініш қабылдаған. Жалпы сомасы 6 миллиард теңгеден астам 472 несиелік өтінім мақұлданды. Аталмыш бағдарлама бойынша тұрғын үйді кезектегілер жергілікті әкімдіктер салып жатқан несиелік тұрғын үйлер мен жеке құрылыс компаниялары соққан үйлерден (сондай-ақ, «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ кепілдігі бар) ғана алады.

«Шаңырақ» жобасының аясында жеңілдетілген несиені бірінші кезеңде, баспанаға мұқтаж 1986 жылдан бастап 2015 жылға дейінгі мерзімді қоса алғанда кезекте тұрған Қазақстан Республикасының азаматтары ала алады. Өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін, банктің «Шаңырақ» жобасын одан әрі несиелендіруге қажетті қаражаты болған жағдайда, бағдарламаның екінші кезеңіне кезекке кейінгі жылдары тұрған азаматтар да шақырылуы мүмкін. Сондай-ақ, бағдарламаға қатысу үшін соңғы алты ай ішіндегі отбасының әр мүшесіне келетін отбасылық табыстың бір айлық көлемі 3,1 күнкөріс минимумынан аспайтын (2020 жылдың 1 сәуірінен бастап КМ – 32 668 теңгеге тең) еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен түсетін кірістің (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығы мен басқа да міндетті аударымдарды есептемегенде) болуы талап етіледі. Яғни, 2020 жылы отбасының әр мүшесіне келетін табыс көлемі 101 271 теңгеден аспауы тиіс.

«Шаңырақ» бағдарламасы бойынша пәтер алуға болатын құрылыс компанияларының тізімі hcsbk. kz сайтында берілген. Әкімдіктерде кезекте тұрған азаматтардан бағдарламаға қатысуға және төлем қабілеттілігін бағалауға өтінімдерін тек hcsbk.kz сайты арқылы, соның ішінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» клиенттерінен де, банкке клиент болмағандардан да қабылданады.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button