Жаңалықтар

19. Орақ: қырман толы береке

Биылғы орақ науқаны тәмам. Қырман толы береке. Ырзық-несібесін жерден терген диқандардың иығынан бір жүк түсті. Ырысы еселенген ауылдардың бірі – Абай ауданындағы Көксу ауылы. Ертеден дәнді дақыл, көкөніс өсіруге маманданған ауылда бүгінде жиналған өнімді сұрыптау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бізге осы көңілге шуақ сыйлар шаруаның басы-қасында болып, диқандармен тілдесудің сәті түсті.

«ШАНСТА» ШАРУА ШАШ-ЕТЕКТЕН

Аудан орталығынан отыз шақырымда жатқан ауылға жақындай бере шахмат тақтасындағы шақпақтардай бөлінген алқаптардың қатары жиілей түсті. Елдің аузынан ақ май ағызып отырған алқаптар бұлар. Ірілі-ұсақты 31 шаруа қожалығы осы шақпақтардан күн көріп отыр. Ірілері – республикалық деңгейде аты шыққан «Астра-Агро» ЖШС мен «Шанс» шаруақожалығы. Көксулықтар мен іргедегі өзге де ауылдар тұрғындарының дені қос шаруашылықта тер төгіп келеді. «Шанс» қоймаларында сұрыптау жұмысы қызып жатыр екен. Бүгінде шаруашылықта елу шақты адам еңбек етеді. Директор Игорь Жабяк қырман басында қарсы алды. Күздің жылы күндерін барынша пайдаланып қалғанды жөн көрген диқан бар істің бел ортасында жүр.

– Биылғы жаз шаруашылық үшін қиынға соқты. Аптап қуырды, жаңбыр жоқ. Тиісінше, түсім де аз шықты. Енді, сол бұйыртқанын рәсуа қылмау қамымен жарғақ құлағымыз жастыққа тимей жүр, – дейді.

«Шанс» 1999 жылы құрылды. Содан бері Игорь Василиевич отымен кіріп, күлімен шығып келеді. Қожалықтың 3500 гектар егістік алқабы бар. Қуаңшылық салдарынан бидай түсімі орта есеппен гектарына 9 центнерден шықты. Ал, картоп 250260 центнерден жиналды. Қолдағы картоп – 36 мың тонналық 4 қоймада, дәнді дақыл 16,5 тонналық 9 қоймада сақталады.

– Егер, заманауи технологияны қолданбағанда халіміз бұдан да мүшкіл болар ма еді. Тыңайтқыш себу, суару жұмыстарында жаңашыл тәсілдерді енгізіп үлгергеніміз бізге көп көмегін тигізді, – деген басшы мал азықтық дақылдарды өсіруге де күш салып отырғанын айтты.

Жоңышқаның түсімі жақсы шықты. Жаз бойы үш мәрте, тіпті, кейбір жерге төрт рет шалғы түсті. Кейінгі жылдары жүгері, бұршақ өсіруге бет бұрды. Шаруашылықта жем-шөп дайындауға қажетті мол қор бар. Үш жылдан бері құрама жем беретін зауыт жұмыс істеп тұр. Оператор Сергей Банков бұл жерде саналуан жем шығарылатынын тілге тиек етті.

– Жемнің бірнеше түрін өндіреміз. Жылқы, сиыр, ұсақ мал, шошқаға

арналған дегендей. Жұмыс автоматтандырылған. Арнайы компьютерден құрамын, көлемін бекітіп, тапсырма береміз. Аппарат дайындап береді. Күніне тапсырысқа сәйкес, 8-9 тонна жем өндіріледі, – дейді Сергей оператор.

«Шанс» – өңірдегі тұқым дайындайтын санаулы шаруашылықтың бірі. Бүгінде сол тұқымды аса дәлдікпен сұрыптайтын Petkus кешенін орнатты. Яғни, тұқым көлемі, салмағы бойынша іріктеледі. Адам қолымен мұндай істі жүзеге асыру мүмкін емес. Сағатына 50 тонна тұқым әзірлеуге қауқарлы. Әрине, мол мал азығының үстінде отырған жан мал шаруашылығын өркендетуі тиіс. Сол мақсатта шаруашылықта 400 сиырға арналған сүт фермасы тұрғызылуда. Әуелгіде ферманы 2022 жылы іске қосу жоспарланған. Әйтсе де, пандемия айтарлықтай кедергі келтірді. Салдарынан жоба мерзімі 2023 жылға дейін шегерілді.

«АСТРА-АГРО» ЖОСПАРЫ АУҚЫМДЫ

«Астра-Агро» ЖШС-не де қуаңшылық едәуір қиындықтар келтірді. Серіктестік директоры Амангелді Мұқашевтің айтуынша, түсім – ортадан төмен.

– Жаз бізді қатты сынады. Жаңбыр жоқ. Қолдағы техниканың күшімен шықтық. Абай жерінің құнары облыстың солтүстігіндегі астықты аудандарға қарағанда төмендеу екені белгілі. Сазды аумақтар басым. Сондықтан, биылғы ораққа көңіліміз толмаса да, шүкір дейміз, – дейді Амангелді Тұрсынұлы.

Шаруашылықтың иелігінде 3,5 мың гектар жер бар. Оның 2 мың гектарына бидай септі. Түсімі – 6 центнер. Картоп аумағы 600 гектарды құрады. Түсім – 250 центнер. Түскен өнімнің 500 тоннасын жылдағыдай азық-түлік бағасын тұрақтандыру қорына жөнелтті. Бұдан бөлек, 900 гектарға арпа, сұлы екті. Мал азығы үшін. Дегенмен, диқан түсім төмен болса да, жерге қарамай, келешекке ауқымды жоспар құруда. 500 сиырға шақталған сүт фермасының құрылысы қарқынмен жүргізілуде. Жоба құны – 1,5 млрд. теңге. Келесі жылы жұмысын бастайды. Шаруашылықта 4 мың тонналық екі дәнді дақыл қоймасы мен 16 мың тонналық 5 картоп қоймасы бар. Шаруашылық қырманында сұрыптау шаруасының қызған кезі. Бригадир Елена Сабировна – бұл жұмысқа аса жауапкершілікпен қарайтын жұмысшылардың қатарынан.

– Сұрыптауды қыркүйектің соңына таман бастадық. Қазір бригадада 40 адам бар. Әр картопқа мұқият үңілеміз. Тіпті, зерттейміз десем де болады. Өйткені, жарамсыз картоп қоймаға, қапқа түспеуі керек. Ертең бір шіріген картоп бүкіл тауарды бүлдіреді. Әрине, мұндай шығынның ешкімге керегі жоқ, – дейді бригадир ЕленаКүніне 150-160 тоннаға дейін картоп сұрыпталады. Қапқа салынып, іргеге келіп, иінінен дем алып тұрған жүк көліктеріне тиеледі. Картопты қораптарына шірей толтырған бұл көліктер Нұр-сұлтан, Алматы, Қарағанды сынды ірі қалаларға жол тартады…

КАРТОПТЫҢ ЖАРТЫСЫ – АБАЙЛЫҚТАР ҮЛЕСІНДЕ

Көктемде облыс көлемінде 932,5 мың гектарға дән себілді. Яғни, 755,2 мың гектарға – бидай, 157,8 мың гектарға – арпа, 13,8 мың гектарға – сұлы және 5,7 мың гектарға өзге де масақты дақылдар егілді. Бидай түсімі орташа есеппен гектарына 9,7 центнерді межеледі. 726,7 мың тоннасы бастырылды. 11,2 мың гектардан картоп жиналды. Яғни, картоп көлемі 270,7 мың тоннаға жетті. Сәбіз, қызылша, орамжапырақ сынды көкөніс егілген алқап 1,5 мың гектардан асып түсті. Жиналған өнім 47,4 мың тоннаны еңсерді. Әрине, аймақ ауыл шаруашылығында Абай ауданының да үлесі қомақты. Абайлықтар облыста өсірілетін картоптың 52,5 пайызын, көкөністің 61,9 пайызын береді. Биыл 40 мың гектардан – дәнді дақыл, 5,9 мың гектардан – картоп, 1 мың гектардан көкөніс жинады. Ел ырзығын еселеген абайлық диқандар қазір көктемгі егіс жұмыстарына әзірлікке кірісіп кетті. «Қыс шанаңды жаз сайла» деген…

СУРЕТТЕРДЕ:

  1. «Шанс» шаруа қожалығының сұрыптаушылары – Марина Колесникова мен Ирина Зарипова қызу жұмыс үстінде.
  2. Тұқымды аса дәлдікпен сұрыптайтын Petkus кешені.
  3. Жөнелтуге дайын картоп.

 Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

 Суреттерді түсірген Руслан ҚАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button