Ресми

19 инфрақұрылым жобасы іске қосылады

Алдағы уақытта Қарағандыда облыстық көпсалалы балалар ауруханасының құрылысын кім аяқтайтыны белгілі болады. Біраз жылға созылып кеткен аурухана құрылысы биыл аяқталуы керек.

Бұл – өте маңызды жоба. Жаңа аурухананы тұрғындардың игілігіне беру үшін қажеттіліктің бәрі бар. Құрылыстың аяқталуына қаржы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша бөлінді. Негізінде, нысан дайын. Қалай да аурухана құрылысын аяқтау керек, – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек онлайн режимінде өткен аппараттық жиында.

Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Абзал Жайлыбаевтың айтуынша, байқаудың қорытындысы маусым айының ортасында шығады. Осыдан кейін мердігер жұмысқа кіріседі.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының барысы туралы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Әсем Жүніспекова баяндады.

Аймақта «Жұмыспен қамтудың жол картасына» сәйкес биыл 19 ірі инфрақұрылым жобасын іске асыру жоспарланған. Оның 13-і өтпелі болса, 6-ауы – жаңа. Олардың қатарында жаңа денсаулық нысандары, Қарағандыдағы мектеп, Жезқазғандағы, Шахтинскідегі, Жезді кентіндегі және Ұлытау ауданының Қарсақпай кентіндегі 4 спорттық-сауықтыру кешені, Нұра кентіндегі бассейн, Саран қаласының РТЖ аумағындағы модульдік қазандық бар. Құрылыс аяқталғаннан кейін 801 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады, – деді Әсем Жүніспекова.

Басқарма басшысы бағдарламадағы өзгерістерге тоқталды. Енді, бағдарлама агроөнеркәсіп кешені жобаларын да қаржыландырады. Шағын несиелер «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы «Бастау Бизнес» жобасының түлектеріне, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне беріледі.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» – бұл, ең алдымен, жаңа жұмыс орындарына мүмкіндік береді. Бағдарламаның барысы үнемі – бақылауда. Жобалар максималды қайтарымды әрі тиімді болуы керек, – деді Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ, аймақ басшысы жүзеге асырылған жобалардағы жергілікті қамту үлесін қадағалауды тапсырды. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкіміне сәйкес тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің кем дегенде 90%-ы отандық өндірушілерден сатып алынуы тиіс.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button