19 қазан – Құтқарушылар күні
Мамандығын жалақысының көптігіне қарап таңдайтындар бар. Жалақысына да, қиындығына да қарамай, жанының қалауымен таңдайтындар да бар. Мұнда өз ісіңе деген махаббат пен адалдық жатыр. Құтқарушы мамандығына барғандар тіпті, күнделікті жұмысында өмірін, денсаулығын өзгелердің амандығы жолында қауіп-қатерге тігіп жүреді. От пен судың ортасында жүрген бейбіт күннің қаһармандары. 19 қазан – Құтқарушылар күні. Осы бір қастерлі мамандық иелерінің кәсіби мерекесі қарсаңында осы салада адал қызмет етіп жүрген Шәріповтер әулеті туралы айтпақпыз.

мұрағатынан
Шәріповтер әулетінен шыққан тұңғыш құтқарушылардың бірі – Төлеген Шәріпов. Ол еңбек жолын 2000 жылы жылу беру станциясындағы өрт сөндіру бөлімінен бастаған. Бетіңді қаритын жалын мен шаң-тозаңның ортасында жүріп, мол тәжірибе жинақтайды. Сөйтіп, 2005 жылы №7 өрт сөндіру бөліміне ауысады. Осы бөлімде 16 жыл тынымсыз еңбек етті. 2016 жылы зейнетке шыққан.
– Әулетімізде өрт сөндірушілер көп. Ағам Ерболат Шәріпов те №7 өрт сөндіру бөлімінде талай жыл еңбек етіп, зейнетке шықты. Ағамның ұлы сол бөлімде бөлімше командирі болып қызмет атқарады. Ұлы әкесінің жолын жалғады. Бағдат Қасымов есімді күйеубалам да сол бөлімде еңбек етіп жатыр. Ол да – бөлімше командирі. Ұлым Нұрболат Төлегенұлы 2019 жылы Отан алдындағы борышын өтеп келіп, №11 бөлімге өрт сөндіруші болып орналасты. Бұл – ұлымның өз таңдауы. «Әке жолын қуамын», –деді. Інілеріме, балама осы мамандықтың маңызы туралы жиі айтамын. Бұл мамандықта батырлық пен бойдағы сабырың сыналады. Ең бастысы – адам өміріне жауаптысың. Әлсіздік танытуға болмайды. Әр шақырту – сын, әр сөндірілген өрт – аман қалған адам, ойрандалмаған тағдыр. Бүгінде сала министрлігі жаңа бөлімшелер ашып, жаңа техникалармен қамтамасыз етіп жатқаны көңілге қуаныш ұялатады! Құтқарушылардың жас буыны үшін қуанамын! – деді Төлеген Шәріпов.
Ерік НАРЫН
«Ortalyq Qazaqstan»