Жаңалықтар

Пандемия мен қымбатшылық салдары

Соңғы уақытта құрылыс материалдарының қымбаттауы және әлемді дүрліктірген пандемия салдарынан бірнеше жоба іске аспай қалды. Бұл туралы Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы Серік ӨТЕШОВТІҢ төрағалығымен өткен AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасының облыстық Жол картасын іске асыру жөніндегі кеңесте айтылды.

Кеңеске облыстық мәслихат депутаты, AMANAT партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бекзат Алтынбеков, облыстық мәслихаттың депутаты, әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Қадиша Оспанова және басқа да депутаттармен қатар облыстық басқармалардың, департаменттердің, құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.

Жиында есеп берген облыстық экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқановтың айтуынша AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың Жол картасы 7 басым бағыт пен 2021-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылатын 132 іс-шарадан тұрады.

2021 жылғы есепке келетін болсақ, өткен шолудан бері осы жылдың 16 ақпаны аралығында бұрын орындалмаған 7 шараның 4-і орындалды. Жалпы 2021 жылға жоспарланған 124 іс-шараның 106-сы орындалса, 15-і орындалмаған, 3-і жүзеге асып жатыр.

Біз AMANAT партиясының 2022 жылға арналған облыстық сайлауалды бағдарламасының орындалу барысына алдын ала талдау жасадық. Биылға барлығы 115 іс-шара жоспарланған, – деді басқарма басшысы.

Азамат Мұқанов келесі іс-шаралар бойынша орындалмау тәуекелі болжанып отырғаны туралы айтты.

Сонымен, Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының іс-шаралары бойынша жыл сайын 124 мың тұрғынды қамти отырып, кемінде 440 көп пәтерлі тұрғын үйлердің қасбеті мен шатырын жөндеу жоспарланған. Ал, қаржыландырудың жоқтығынан аталған іс-шараны орындау мүмкін емес.

Осыған байланысты жоспарлы көрсеткіштерді түзету арқылы бұл санды 50-ге төмендету ұсынылды. Яғни, Қарағанды облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес жыл сайын 14 100 тұрғынды қамти отырып, кемінде 50 көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырларын жөндеу жоспарлануда.

Сонымен қатар, 2022 жылы 108 лифтіні қалпына келтіру және ауыстыру жоспарланған. «Бірақ, қаржыландырудың жоқтығынан аталған іс-шараны орындау мүмкін емес» дейді басқарма басшысы. Сондықтан 108 емес бұл санды 42-ге дейін түсіру керектігі айтылды.

2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес шамамен 261 лифтіні қалпына келтіру және ауыстыру жоспарлануда.

Кеңгір кентіндегі «Kaz Green Energy» ЖШС биоэлектростанциясын тапсыру мерзімін ұзарту керектігі де айтылды. Өйткені инвестор жоқ.

Басқарма басшысы баяндамасында Жезқазған және Қарағанды қалаларындағы спорт орталықтары, Ақтас және Нұра кентіндегі 2 ДСК, Қарағанды қаласындағы жабық жүзу бассейні және ипподром құрылысының биыл аяқталмай қалуы мүмкіндігін айтты. Басты себеп – Жезқазған қаласында спорттың ескек түрлері кешені жобасы қайта қаралуда, жобаны түзету аяқталғаннан кейін іске асыру жоспарланып отыр.

Ал, Қарағанды қаласындағы күрес орталығының құжаттары түзетіліп, сараптамадан өтуде. Сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін іске асыру көзделген.

Сонымен қатар, Ақтас кентінде 150 орындық ДСК-сараптаманың оң қорытындысымен ЖСҚ әзірлеу аяқталған. Нұра кентіндегі ДСК-2019 жылы бассейнге ДСК мақсатын өзгертуге ЖСҚ түзетілді. 2020 жылы басталған бассейн құрылысы әлі аяқталмаған. Себеп – карантиндік шектеулер мен құрылыс материалдарын жеткізу қиындығы. Биылғы жылы құрылыс сот талқылауларына байланысты тоқтатылды. Құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жобаны қайта қарау қарастырылған.

Қарағанды қаласындағы 50 метрлік бассейн жобасына түзету жүргізілуде. Сонымен қатар қосымша жер телімін бөлу қажет. Жобаны іске асыру 2023 жылға жоспарланған.

Қарағанды қаласындағы ипподром – қаржыны қайта есептеу үшін қаржы басқармасына жіберілген жоба.

Сонымен қатар кеңесте Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауын іске асыру мақсатында облыста Ұлытау облысының жерлерін аумақтан шығару, Қарағанды облысының шекарасын өзгерту бойынша жұмыс жүргізіліп жатқаны айтылды.

Осыған байланысты Жол карталарын қайта қарау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Алдын ала Қарағанды облысы бойынша Жол картасы 2022-2025 жылдарға арналған 120 іс -шарадан тұрады, оның ішінде орындалмау тәуекелдерімен 8 іс-шара. Ұлытау облысының 2022-2025 жылдарға арналған Жол картасы 112 іс – шарадан тұрады, оның ішінде 9 іс-шара орындалмау тәуекелімен жүзеге асырылады.

Ревизияға келер болсақ: облыстық мәслихаттың өткен сессиясында экономика басқармасына жол картасын іске асыру мәселесін талқылау қорытындысы бойынша тапсырма берілді. Осыған байланысты Мемлекет басшысының 28 қаңтардағы тапсырмасы, Қазақстан Республикасы Премьер – Министрінің орынбасары Б.Сұлтановтың қарарына сәйкес экономика басқармасы іс-шараларды іске асырудың бірыңғай тәсілін қамтамасыз ету, сондай-ақ оларды сапалы пысықтау және облыстағы мемлекеттік жоспарлау жүйесін қайта форматтау мақсатында облыстың жол картасы тармақтарының орындалуына талдау жүргізілді, – деді Азамат Мұқанов.

Облыстық мәслихат тарапынан Ұлттық экономика министрлігіне, AMANAT партиясының орталық аппаратына Қарағанды облысы бойынша AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасының облыстық Жол картасының көрсеткіштері мен іс-шараларына өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарау туралы хат жолданды.

Алдағы уақытта 2022-2025 жылдарға арналған Жол картасына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ. 

Басқа материалдар

Back to top button