Бас тақырыпРеспублика күні

Құны өтелген құндылық

25 қазан – Республика күні. Иә, бұл күн – тарихи күн, Ұлттық мереке. Осыдан тура 32 жыл бұрын Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Яғни, Тәуелсіздікке алғашқы тарихи қадам жасалған күн. Сондықтан да, бұл күннің Ұлттық мереке – Республика күні ретінде қайта таңдалуы қазақ сынды тағдырлы халық шежіресіндегі тарихи шешім болды.

 

Араға 9 жыл салып қайта оралған мәртебелі мейрамның тарихи мәні мен маңызын ашып түсіндіру – біздің әріптестеріміздің (БАҚ саласы) қастерлі міндеті. «Бұл мерекенің мән-мазмұнын халық білмейді» деп, көпке топырақ шаша алмаймыз, әрине. Десек те, ең басты құндылығымыз Тәуелсіздік ұғымының идеологиялық тұжырымын жасай алмай келе жатқанымыз жасырын емес.

Кеше біз кім едік? Ұлт көсемсөзінің ұлы тұлғасы Камал Смайылов сонау 90- шы жылдары АҚШ-тың Карашна штатында болғанын жазады бір жолжазбасында. Колледж студенттерімен кездесуге қатысып, Қазақстаннан келгенін айтқанда, бүкіл аудитория «Ол қандай мемлекет?» деп аңтарылғанына қынжылыс білдіреді. Дегенмен, бірлі-жарым жастар Қазақстанды «Байқоңыр космодромы» деп қана танитынын, ал, ересектер жағы біздің елді «Семей полигоны» мен Петропавлдағы «СС-20» ракетасын шығаратын әскери зауыт арқылы ғана білетіндіктерін жеткізген екен.

Жылдар өтті. Ел Тәуелсіздігі нығайды. Қазақстанды әлем таныды. Танып қана қойған жоқ, барлық алпауыттар біздің мүмкіндігімізбен санасатын деңгейге жеттік. Арқа төсіндегі айбарлы Астанамыз алты құрлықтың тағдырын таразылайтын келіссөздер алаңына айналды. Шекарамыз шегенделіп, қауіпсіздігіміз нығайтылды. Міне, Тәуелсіздік игілігі!

Тәуелсіздік игілігі туралы мыңдап мысал келтіруге болады. Өркениет бізді өгейсіте алмайтын өрелі жобалар өмірге келді. Мәселен, Одақтан енші алып шыққанымызда, Қазақстанда әр мың шаршы шақырымға шаққанда – 30 шақырым асфальт жолымыз болған екен. Қазір осы көрсеткіш 35 шақырымға жетіпті. «Сонда 30 жылда салған жолымыздың түрі осы ма?» деген заңды сұрақ туындайды. Ол олай емес, әр мың шаршы шақырымға есептелген әлгі 5 шақырымды әлемде тоғызыншы орын алатын 2 724 902 шаршы шақырым жерімізге үлестірсеңіз, 14 мың шақырым жол салған болып шығамыз. Бұл да – Тәуелсіздік игілігі!

Кейде біздің саясаткерлердің «Тәуелсіздікке ешқандай қантөгіссіз қол жеткізгеніміздің өзі – бақыт» деп көлгірситіні бар. Сонда, ғасырлар бойы белінен алдаспаны, қолынан найза-садағы түспеген жауынгер бабалардың Азаттық жолында төккен қаны қайда? Тағдыры оққа байланған Алаш арыстары Тәуелсіздік үшін опат болмады ма? Ең соңғысы 1986 жылғы «Желтоқсан көтерілісінде» ақ қар не үшін қанға боялып еді?

Жасыратыны жоқ, 70 жыл үстемдік құрған Одақ бейбіт жолмен ыдырады. Оның өзі – 1922 жылы КСРО Конституциясына енгізілген «Одақтас республиканың Одақтан шығу құқығы туралы» норманың арқасында мүмкін болған бақытымыз.

Қалай болғанда да, бізге Тәуелсіздік төбеден жауған шұға, Азаттық аспаннан түсе қалған алтын емес. Күннің астын билеген Күлтегін заманынан бастау алып, Сақ дәуірінде салтанат құрып, Ғұн дәуірінде ғұрыпқа айналған, қазақ мемлекеттігінің іргесі қаланған Қазақ хандығы дәуірінде найзаның ұшына байланып, білектің күшімен шыңдалған, кешегі Алашорда тұсында құқықтық тұғырнамасы құжат болып сөйлеген ұлы идея 1990 жылы 25 қазанда заңдастырылып, 1991 жылы 16 желтоқсанда арманымыз ақиқатқа айналды! ХІХ ғасырдың жуан ортасына дейін толас таппаған қанды жорықтар ХХ ғасырдың басында ғана ұлттық идеяға айналды. Шынтуайтына келгенде, болмыстың санаға өктемдік ететін құлдық ғұрпынан керісінше сана болмысты нақтылайтын еркіндік санасына өтпейінше, ұлттық идея қалыптаспайтынын білген Әлихан бастаған алашордалықтар қантөгіс пен төңкеріс тактикасын ұлттық идеямен алмастырды. Осылайша, ғасырдан-ғасырға ұласқан күрескерлік рухтың сабақтастығы Тәуелсіздік идеясына айналды.

Ендеше, Қазақстан Тәуелсіздігі – өтеуі ғасырлар бойы қисапсыз төгілген бабалар қанымен, 1916-1933 жылдары қазақты екі айналып қырғынға ұшыратқан аштық зобалаңымен, асылдарымызды қырып-жойған қуғын-сүргінмен, Семейдегі жарылыстар зардабымен, Желтоқсандағы жастарымыздың көз жасы-жүрек қанымен өтелген құндылық! Бүгінгі мереке – дабыра даңғазаның дақпырты емес, еркіндік жолында жанын қиған, Азаттық жолында арпалысып өткен бабалар рухына тағзым етіп, Тәуелсіздігімізді баянды етуге еңбек сіңірген тұлғаларға құрмет көрсететін қастерлі күн!

Тәуелсіздігіміз ғұмырлы, еліміз тұғырлы болғай!

Ерсін МҰСАБЕК

Басқа материалдар

Back to top button