Облыс әкіміРесми

Жеңіс Қасымбек жұмыс сапарымен Шет ауданына барды

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек жұмыс сапарымен Шет ауданында болып қайтты. Өңір басшысына «Ауыл – ел бесігі» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламаларының жүзеге асырылу нәтижелері көрсетілді. Мұнда көптеген құрылыс жұмыстары жүргізілген: аудандық аурухана, мектептер жөнделді, саябақтар мен жолдар ретке келтірілді. Алайда әлі де шешілмеген мәселелер бар. Олар жайлы жергілікті тұрғындар облыс әкіміне айтып берді.

Ақадырда Жеңіс Қасымбек ақсақалдармен кездесті. Бүгінде оларды толғандыратын тақырыптардың бірі – медицина кадрларының жетіспеушілігі. Ауыл тұрғындары салалық мамандарға қаралып, ем алу үшін кейде бірнеше шақырым жол жүрулеріне тура келеді деп шағымданды. Сонымен қатар, жыл сайын мүмкіндігінше көп жолдарды жөндеуді сұрады.

Жергілікті әкім Дәурен Карсембаев биыл Ақадырда Жұмыспен қамту жол картасы бойынша төрт көше, үш тұйық көше, Мәдениет үйі жөнделгенін, мектеп шатыры ауыстырылғанын, вокзал аумағында нөсер кәрізі жасалғанын хабарлады. Жаңбырлы кезеңде бұл аймақ үнемі су астында қалатын.

Сондай-ақ, биыл “Нұрлы Жер” бағдарламасы бойынша 24 пәтерлік екі үйдің құрылысы басталды. Мердігер оларды жыл соңына дейін тапсыруға уәде береді. Тұрғын үй алу кезегінде 260 адам тұр.

Жеңіс Қасымбекке жылыту маусымына дайындық туралы да айтылды. Облыс әкімі ауылды жарықпен, сумен және жылумен қамтамасыз ететін «Электржабдықтау» ЖШС-да болды. Кәсіпорын есептеуіштердің көрсеткіштерін беру кезінде цифрлық технологияларды пайдаланатынын атап өтті.

– Диспетчер қосымша арқылы қай үйде қысымның төмендегенін көреді және апаттың қайда екенін түсінеді. Жылдам әрекет етудің арқасында күрделі апаттардан құтылуға болады, – деп түсіндірді «Электржабдықтау» ЖШС директоры Амандық Серіков.

Ал Ақсу-Аюлы ауылында тұрғындарды жөндеуден өткен аурухана қабылдайды. Өткен жылдың желтоқсан айында жұмыс сапары барысында Жеңіс Қасымбек дәрігерлердің жұмысы мен пациенттерді қабылдау үшін қалыпты жағдай жасауды тапсырған болатын. Қаражат «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша бөлінді. Ол қаржыға күрделі жөндеу жасалды және жаңа медициналық жабдықтар сатып алынды.

– Енді кадр мәселесін шешу керек. Жергілікті әкімдік тұрғын үймен қамтамасыз етеді, сондықтан мұнда мамандарды тарту қажет, – деді Жеңіс Қасымбек Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаевқа.

Айта кету керек, Ақсу-Аюлыда жаңартылған спорт мектебі де жас спортшыларды қабылдауға дайын. Ол да биыл жөнделді. Қазір құрылысшылар ғимараттың қасбетін қалыпқа келтіруде.

Сапар соңында облыс әкімі Қарағанды-Балқаш жолын салып жатқан мердігерлермен кездесті. Жыл соңына дейін олар мүмкіндігінше айналма жолдардың санын азайтып, жаңартылған трассамен жүрудің бір бөлігін ашуды жоспарлап отыр. Қазір аталмыш жолдың бойында жалпы екі мыңға жуық адам жұмыс істейді, 650 бірлік техника жұмылдырылған.

Басқа материалдар

Back to top button