АймақЖаңаарқа

Жұмыс жүйелі жүруде

Жаңаарқа ауданында аталмыш бағдарламаға енген 44 жоба аясында 3 млрд. 889 мың 266 теңге қаржы игеру қарастырылған. Биыл 43 жобаны жүзеге асырып, 2 млрд. 70 млн. 13 мың теңге игеру көзделген. 542 жұмыс орны ашылып, соның тура жартысына жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен орналасады. Құрылыста пайдаланылатын жергілікті құрал-жабдық пен материалдың үлесі 91,4% немесе 371 млн. 487 мың теңге болады.

Жобаның алғашқысы аяқталып, Байдалы би ауылдық округінің жұртшылығын қуанышқа кенелтті. Электр қуатын тарату құрылғысындағы кемшілік көптен бері ауылдың бір бөлігіндегі тұрғындарды мазалап келген. Әлеуметтік маңызы бар сол мәселе «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының арқасында оң шешімін тапты. 1 млн. 889 мың теңгеге «ULAN» жеке кәсіпкерлігі екінші «КТП» құрылғысын (қуаты 100 кВА) салып берді.

Ал, Атасу кентінде қасында жаттығу залы бар жабық бассейн құрылысы қарқынды жүргізілуде. 373 млн. 51 мың теңге қаражатты игеруге білек сыбанып кіріскен мердігер «Карагандастройконструкция» ЖШС бассейннің қабырғасын көтеріп, жүзуге арналған орынның табанын құюда. Жаттығу залының да іргетасы дайын. Құрылыс барысы жіті бақылауға алынып, жұмыс сапасына жете мән берілуде. Авторлық және техникалық қадағалау жүзеге асырылуда. Амандық болса, атасулықтар биылғы жаңа жылды жаңа спорт кешенінде қарсы алады.

Таяуда аудан әкімі Юржан Бекқожин Ақтүбек ауылдық округіне барып, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыспен танысты. Жалпы орта білім беретін мектепте «Жаңа құрылыс-2012» ЖШС 23 млн. теңгеге жүргізіп жатқан жөндеуді көрді. Сондай-ақ, ауылдың 1 шақырым 260 метр кіреберіс жолына асфальт төсеп жатқан «Арқа құрылыс» ЖШС жұмысының сапасына назар аударды.

Әлібек ӘБДІРАШ.

ЖАҢААРҚА ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button