Приозерск қаласында карантин режимінің сақталуын қадағалау қатаң қолға алынды. Мониторингтік топ мүшелері күн сайын қоғамдық орындар, сауда орындары мен басқа да нысандарды аралап, тексерді. Шағын шаһарды тексеру нәтижесінде адамдар әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 425-бабы бойынша 14 құқықбұзушылық анықталды.
Қала аумағында карантин кезінде жұмыс жасап жатқан нысандарға кезекті рейд жүргізілді. Адам өміріне қауіп төндірген індет туралы күн сайын ескерту жасалып жатса да, қауіпсіздік шараларын сақтамайтындар бар көрінеді. Мұндай заңсыздықтардың жолын кесу мақсатында шаралар қабылданған.
– Жалпы алғанда, карантин кезеңінде 37 рейд жүргізіліп, рейд барысында 148 нысан тексеріліп, адамдар әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 425-бабы (халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саладағы заңнама талабын бұзу) бойынша 14 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде, 7 құқықбұзушылық мобильдік топ мүшелерімен бірлесіп, атқару нәтижесінде анықтау мүмкін болды. Ал, қалған 7 құқықбұзушылықты тек полиция қызметкерлері әшкерледі. Барлық фактілер, фото және видео жазбаларға түсірілді. Заңды бұзғандардың арасында 1 мейрамхана, 1 кафе-бар, 1 автокөлік қызметі, 1 көлік жуу, 3 базар, 4 дүкен, 3 такси бар.
Орын алған заңсыздық бойынша полиция қызметкерлері әкімшілік хаттама толтырды. Карантин режимін сақтауға, бұқаралық іс-шараларды өткізбеуге және қатыспауға, сондай-ақ қоғамдық орындар мен адамдар көп жиналатын орындарға барған кезде қажетті жеке қорғаныс құралы қолдануға шақырды, – дейді Қарағанды облысы ІІД Приозерск қаласы ІІБ ЖПҚ бастығы полиция подполковнигі К.Байекешов.
Мобильдік топ мүшелерінің айтуынша, Приозерск қаласында полиция қызметкерлері карантин кезінде тұрғындардың көшелерде белгілі талаптарды сақтап, жүріп-тұруы, аса қажеттілік болмаса сыртқа шықпауы, адамдар көп шоғырланған жерлерде қауіпсіздік шараларын сақтауды түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізген.
Нұрдос КӘРІМ.
ПРИОЗЕРСК қаласы.