АймақПриозерск

Көлге кетіп көз жұмды

Сәрсенбі күні Балқаш көлінде баласын құтқармақшы болған ер адам ажал құшты. Қайғылы оқиға Приозерск қаласынан 5 шақырым жерде орын алды. Бұл туралы Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Жанна ДӘУРЕНБЕКОВА хабарлады.

– Қайғылы оқиғаға душар болған отбасы демалуға келген екен. 2009 жылғы бала көлде үрлемелі матраспен жүзіп жүрген. Кенеттен қатты жел соғып, толқын үрлемелі матрастағы баланы жағадан алысқа алып кеткен. Мұны көрген әкесі құтқарушыларды күтпестен баласына көмектеспекші болған. Бірақ, ол баласына дейін жүзіп жете алмай суға батқан. Оқиға орнына жеткен Қарағанды облысы төтенше жағдай департаменті қызметкерлері баланы құтқарды. Оны жел мен толқын көлдің жағасынан 850 метр жерге алып кеткен екен. Баланың әкесін іздеу жұмыстары кешке дейін жүргізіліп, 13 тамызда да жалғастырылды. Құтқарушылар ер адамның мәйітін сағат 10:40-та көлдің жағасынан 350 метр жерден тапты, – деді Жанна Дәуренбекова.

Айта кетейік, құтқарушылар карантин кезінде облыстағы көлдер мен су қоймаларында шомылуға тыйым салынғанын ескертеді. Жалпы облысымызда жыл басынан бері 5 бала суға батып, қайтыс болған. 

Нұрдос КӘРІМ.

ПРИОЗЕРСК қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button