Бас тақырыпБасты тақырып

НАҒЫЗ АНТИБИОТИК – ауылдың дәмі

Жаңаарқаның қымызы жарнамаға зәру емес. Былтыр ғана 1000 күбінің күрпілімен сайын даланы жұпар аңқытып, Гиннестің межесін бағындырған бапты қымыз ғой бұл! Індет салдарынан іркілмей тұрған сала жоқ. Ауылдағы ағайынның пейілі ғана іркілмей тұрған. Жасыратыны жоқ, «бір жамандықтың мың жақсылығы» шығар, алыстап кеткен арамызды жақындатып, ниетімізді тазартып тұр бұл індет. Ауыл қалаға жақындап, қала ауылға емірене бастады.

Бүгін Қарағанды қаласына 1 тонна қымыз, 200 кг құртпен келген Жаңаарқа ауданы, Ералиев ауылы еріктілерінің қайырымдылық акциясынан осыны аңғардық. Қалаға аңқылдаған ақ пейіл, аңғал көңіл көшіп келгендей…

Не нәрсенің қадіріне қиналғанда ғана жететін дағдымыз бар ғой. Дәл осы маусымда қымыздың бір литрі ауылда – 200 теңге, қалада 400 теңгеге дейін құлдырап кететін-ді. Биыл ше? Биыл баға шарықтап тұр. Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалаларынан арнайы көлікпен келіп, бір литріне 500-600 теңге беретін алыпсатарлар әр үйдің күбісіне телміріп жүр. Күнкөрісі мен қант-шайын қолындағы азынаулақ малдың өнімімен айырып отырған ауыл халқына бұл да болса – нәпақа. Бірақ, Ералиев ауылының тұрғындары қалтаның қалыңдығынан елдің саулығын жоғары қояды, білем. Әйтпесе, 250 үйден бір күнде 1 тонна қымыз жинала ма?

Сонымен, Көнектің көгіне жайылған боз биенің Толағай тобылғысына ысталған күбіден қотарылған қымызы облыс орталығындағы төрт ауруханаға таратылды. Ауылдың аманаты мен еріктілер сәлемдемесін дертке шалдыққандарға жеткізуші топты ауыл әкімі Ербол Мәмбетов пен ауыл имамы Ерсін Бейбітов бастап келді. Осынау игі шараны ұйымдастыру жөніндегі идея авторы – ауыл тұрғыны Ерлан Түсіпов. Қымызды облыс орталығына жеке кәсіпкер Қайрат Өмірбеков тегін жеткізіп берді. Бірыңғай құтыға құйылып, арнайы жапсырмамен көмкерілген (ыдыстарды әзірлеуші Қарағандыда тұратын ауыл азаматы Айдос Ділдашев) бал қымыз науқастардың дертіне шипа болса екен! Ауылдастардың ниеті – осы.

– Ауыл – алаңдаулы. Білесіздер, қазақтың қымызы – ежелден мың бір дертке дауа. Әсіресе, тыныс жолдары дерті мен дәл қазіргі «Covid-19» жұқпалы вирусы үшін таптырмас ем. Қаладағы ағайынның ауыр дертке шалдығып, аурухана төсегіне таңылғаны ауылдықтардың да жанын күйзелтіп тұр. Бүгінгі акция осы мақсатта ұйымдастырылды. Ауырып жатқандардың еміне шипа, індетпен күндіз-түні күресіп жүрген дәрігерлердің бойына қуат болсын деген ниетпен артынып-тартынып келіп отырмыз. Ауырмаңыздар! Жаңаарқаның бал қымызы ем болсын! – дейді Ералиев ауылының әкімі Ербол Мәмбетов.

Өткен жұма күні Қарағанды, Жезқазған қалалары мен аудан оралығы Жаңаарқа кентіне тура бүгінгідей 1 тонна қымыз жеткізген ауыл тұрғындары игілікті шараны жұма сайын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Жалпы, осы аптада Жаңаарқа ауданының ауылдары облыс ауруханаларына 8 тоннадан астам қымыз, 1 тоннаға жуық сүт өнімдерін (құрт, ірімшік, сүзбе т.б.) таратқан. Міне, ел басындағы ауыр күнді, беймаза шақ пен батпандай салмақты көтерісе білген елдік мұрат осындай ниеттен туындаса керек-ті.

Жақсылық жасап жарысқан ауылдың еңсесі – биік, ертеңі – нұрлы. Қымызын қымбатқа сұраған саудагердің сағын сындырып, ауырып жатқан ағайынға тегін ұсынған Ералиев ауылының халқы – осындай! Негізі, нағыз антибиотик – ауылдың дәмі мен адамның бір-біріне деген адал пейілі…

Ерсін МҰСАБЕК.

Суреттерді түсірген Руслан ҚАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button