Жаңалықтар

Балқыма бапкерлері

Жезқазған мыс қорыту зауыты — әлемге әйгілі қуатты кәсіпорын. Ол кеңестік кезеңде-ақ төрткүл дүниеге танылған. Қазақстанда қазір мыс өндіретін кәсіпорын көшін бастап тұрған бұл зауыт – әлемдегі алғашқы “ондық” қатарында. Қалыптасқан өзіндік еңбек дәстүрі бар ұйымшыл ұжым даңқына дақ түсіріп көрген емес. Онда мәрт мамандық иесі — металлургтер еңбек етеді. Әлемдік нарықтағы таразының басындай теңселген мыс бағасының тұрақсыздығы мен жаһанға жайсыз тиген індеттің лаңына темірдей төзімі мен тағылымды тәжірибесін, қажымас қайратын қарсы қойған олар кәсіби мерекесін лайықты тарту-таралғымен қарсы алды.

ӨРІСТІ ӨНДІРІС ОШАҒЫ

Кенші жөнелткен жентек-жентек кенді баптаған байытушының құнарлы концентратынан металлург шақпақ мыс шығарады. Алдымен, байыту фабрикасынан келген концентрат шихта дайындау цехында ширатылып, одан әрі балқыту цехына жөнелтіледі.

Біреуі анау-мынау өндірістік буыныңды он орап алатындай үш бөлімшеден тұратын балқыту цехын “металлургиялық өндірістің өзегі” деп әспеттесек артық емес. Көпшілік көзбен көрмесе де, көңілінде берік ұялаған күреңқызыл балқыма осында алынады.

Саф алтындай сары мыс, түпкі өнімнің тұсауы кесілетін тұс – электролиздеу цехы. Мұнда шақпақ мыстың сапасын арттыруға бағытталған электролит температурасын реттейтін және оның құрамындағы активті затты бақылайтын автоматты желі өндіріске енгізілген.

Тегі темірдің түбі тозатыны түсінікті. Оның үстіне өндірістегі технологияның табандап тұрып қалмай, жетілдіріліп отыратыны тағы мәлім. Демек, уақыт талабына сай заманауи жүйелі жаңғыру – табиғи заңдылық. Жезқазғандық металлургтердің де мақсаты – өндірісті жаңғырту жолымен жаңа жетістікке жету.

Бұдан жеті жыл бұрын қыркүйекте “Қазақмыс” басшылығы мыс қорыту зауытын тоқтатты. Мамандардың мәлімдеуінше, мұндай шешім мыс балқыту қуатын дамыту келешегін зерттеу қортындысына сүйеніп қабылданды. Бір жыл көлемінде зауыт қайта қатарға қосылды.

Өндірісте оңай шаруа жоқ. Дегенмен, маман біліктілігіне зауытты қайта қатарға қосу кезінде кездескен ағымдағы қиындық кедергі келтіре алмады.

ДАҢҚТЫ ДӘСТҮР САБАҚТАСТЫҒЫ

“Қазақмыс” копаниясы құрылымында алатын өзіндік орны бар бұл зауыт ұжымы шуақты шақты да, қиын кезеңді де көрді. Дағдарыстың дүрбелеңін үздіксіз ізденіспен жеңді. Ілгері ұмтылды, жетістікке жігерленді. Жарты ғасырға жуық жылнамасында даңқты дәстүрі қалыптасты, мызғымас металлург әулеті, озат өндірісші шоғыры өсіп шықты.

Балқыту цехындағы Марат Елеукеновтің атасы Ерғазы ақсақал металлург әулетінің іргетасын сонау жиырмасыншы жылдардың екінші жартысында Қарсақбай металлургия зауытында қалаған. Ағасы Өмен де осында еңбек етті. Жезқазған мыс қорыту зауытының табалдырығын бұдан 18 жыл бұрын аттаған Марат – бүгінде кәсібінің қыр-сырын жетік меңгерген білікті балқытушы, жастар тәлімгері. Төрт жылдан бері ауысымда бригада басқарады.

– Цех жұмысында бір сәт те кідіріс болмайды, – дейді, өндірістің осы буынын тізгіндеген Жандос Ізтілеуов. Бұл балқыту цехы электр пеші, конвертор және анод телімінен тұрады, механикалық және энергетикалық қызметі тағы бар. Саф алтындай сары мыстың сапалы шикізаты – “қара мыс” осында “қайнайды”. Электр пешінде қорытылған ширатылған шихта сұйық штейнге айналып, конверторға қотарылады. Одан анод негізі алынады.

– Цехта екі рудотермиялық пеш толық қуатында ырғақты жұмыс істеп тұр. Ұжымдағы 490 адам жыл қортындысында 210 тонна қара мыс алуға жұмылған. Артта қалған алты айдың өндірістік көрсеткіші көздеген межеден көрінуге толық кепіл болады, – дейді цех бастығы. Еңбек жолын осыдан он екі жыл бұрын балқытушы болып бастаған Жандос бүгінде балқыту цехын басқарады.

АЛДЫҢҒЫ САПТА – АРДАГЕР

Кез келген ұжымның арқасүйер ақылшысы – ардагерлер. Бар саналы ғұмырын қызығынан қиындығы басым металлург мамандығына арнап, әріптестерінің ыстық ықыласына бөленген ондай өрендер Жезқазған мыс қорыту зауытында да жеткілікті. Ерен электролизші Берік Әбдірахман мен керемет катодшы Әлішер Жуанышев сондай саңлақ өндірісшілер қатарында. Екеуіне қуатты кәсіпорынның қақпасы қырық жылдан бері етене таныс.

Алғашқыда электролиздеу цехының табалдырығын имене аттаған алыстағы ауыл баласы, ұлытаулық өрен Берік – бүгінде бір ұжымның беткеұстары. Ал, Әлішер мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан бетте кәсіпорынның қақпасын қақты. Өндірістен қол үзбей жүріп Қарағанды политехникалық институты филиалының кешкі бөлімін “Пайдалы қазба байыту” мамандығы бойынша бітірді.

Конверторшы Мұрат Омаров – қарашаңырақ Қарсақбайдың түлегі. Сонда тектес кәсіпорынның тезінен өтіп, азды-көпті тәжірибе жинап, жұмысын Жезқазғанда жалғастырды. Бұл үшеуі – мыс қорыту зауытының алғашқы директоры Игнатий Ли мен одан кейінгі білікті басшы Төлеген Әбдірахмановтың көзін көргендер. Айтпақшы, Мұраттың ұлы Алмат та он бес жылдан бері осында. Қарағанды мемлекеттік техникалық институтын бітіргесін еңбек жолын конверторшы болып бастаған ол қазір ауысым шебері.

Ал, шихта тиеуші Алмаз Ертайды ардагерлердің алыбы десек, артық айтқандық емес. Салмағы 17 келілік арнаулы жұмыс киімі мен мөлшері 47-размерлі етік киіп, асай-мұсайын асынған бойы екі метрден асып жығылатын пошымын көз алдыңа елестетіп көрсең, өзің-ақ еріксіз иланасың. Оның бауыры Дәурен Ертаев та осы шихта дайындау цехында еңбек етеді.

КЕЛІСТІ КЕЛЕШЕК КӨКЖИЕГІ

Қазір кәсіпорын бұрынғы пирометаллургиялық тәсілмен тауарлы өнім шығарады. Түсінікті тілмен айтсақ, алдымен мыс концентраты электр қуатымен балқытылады, сосын алынған балқыма отпен және электролит ертіндісімен одан әрі тазартылып, сосын сапасы төрт тоғыздықпен (99,99%) таңбаланатын шақпақ мыс шығарылады.

Құнарсыз шикізат өңдейтін гидрометаллургиялық технологияны өндіріске енгізу бағытында да жұмыс жүруде. Ресейлік “РусРедМет” ғылыми-зерттеу бірлестігімен білек біріктірген “КазГидроМедь” компаниясының инновациялық технология ғылыми-зерттеу орталығы құнарсыз кенді кешенді өңдеудің тиімді технологиясын жасады.

Гидрометаллургиялық өңдеу технологиясы келешекте, ең алдымен, баланстағы және балансқа алынбаған кенді, бұрын есептен шығарылған қорды, ұзақ жыл жиналған өндірістік қалдықты аз шығынмен өңдеуге мүмкіндік береді. Соның арқасында кәсіпорынның өндіріс көлемі ұлғаяды. Жезқазған аймағында жұмыс істеп тұрған кеніш “ғұмыры” ондаған жылға ұзарады, экологиялық жағдай жақсарады.

Салаға тың тәсіл енгізілгенде шақпақ мыстың өзіндік құны 1,6 есе арзандайды. Жаңғырту жолымен жоғары жетістікке жетуге жұмылған жезқазғандық металлургтер өнім сапасын жақсартуды басты назарда ұстайды. Өйткені, онсыз талғамы тегеурінді тапсырыс иесінің талабын қанағаттандыру қиын. Сондықтан, катод мысының құрамындағы қоспа мөлшерін еуропалық стандарт деңгейінде ұстауға ұмтылады.

Қысқасы, кәсіпорынның келешек көкжиегі келісті. 

Әлібек ӘБДІРАШ.

Суреттерді түсірген Полина КУЗНЕЦОВА.

Басқа материалдар

Back to top button