ЖаңалықтарКоронавирус

Жанашырлықтың жарқын үлгісі

Елімізде таралған індетке байланысты төтенше жағдай енгізілгелі облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері жұмыла жұмыс атқарып келеді. Этномәдени бірлестіктер мен меценаттар клубының өкілдері карантин кезінде аз қамтылған отбасыларға, қарттарға азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізіп беріп, материалдық көмек көрсетуде. Соңғы екі апта ішінде ауыз толтырып айтарлықтай қайырымдылық істері жасалды.

Атап айтсақ, қашанда игі істің бастамашысы болып жүретін Теміртау қаласындағы «Имсталькон Теміртау» ЖШС бас директоры, меценат Иван Георгиади өз қаражаты есебінен 200-ден астам қызметкерге диагностикалық жұмыс жүргізуге көмек қолын созды. COVID19-ға тест тапсыру бойынша  57 адамға тестілеуге демеушілік жасап, 1 млн. теңгеден астам қаражат бөлді.

Сондай-ақ, «НАМУС» әзірбайжан ұлттық мәдени орталығы, «Видергебурт» неміс орталығы» және «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі де аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға азық-түлік және материалдық көмектер көрсетті.

Оқу жылын қашықтықтан оқыту жүйесімен бастайтынымызды ескерсек, Шет ауданындағы «Нова-цинк» ЖШС директоры, меценат Сүйіндік Асанның демеушілігімен Ақшатау кентінің екі мектебіне 4,5 млн. теңгеге компьютерлер берілді.

Осы орайда, «Қазақстан татар-башқұрттары конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шамиль Осиннің Жұмабек ауылындағы мешіт құрылысына демеушілік жасағанын айта кетейік.

Карантин кезінде бір мүддеге ұйыған Сәтбаев қаласының Достық үйі мен этномәдени бірлестік өкілдері де жұмылып, ауызбіршілік пен ынтымақтың жарқын үлгісін іс жүзінде дәлелдеп келеді. Әлеуметтік желіде де халықты рухани қолдауға бағытталған шараларын онлайн форматта өткізіп жүр.

Индира ТОҚМУРЗИНА,

Қарағанды облысы ҚХА баспасөз хатшысы.

Басқа материалдар

Back to top button