Шаруашылық кеңеюде

Қарқаралы ауданының агроөнеркәсіп саласы айтарлықтай қарқында дамып келеді. Бұл бағытта іскер фермерлердің қосып жүрген үлесі қомақты. Солардың бірі – «Атамекен» шаруа қожалығының басшысы Сламбек ҚИНАЯТ.

Кәсіпкер Сламбек алғашқыда жылыжай кәсібін қолға алып, аудан тұрғындарын экологиялық таза, сапалы өніммен қамтамасыз еткен болатын. Кейін заманауи құрылғылармен жабдықталған сүт өңдеу цехын ашты. Тибеттік технология негізінде сүт өнімдерін өндіруді қолға алды. Құрттың бірнеше түрімен қатар, май мен қаймақ, ірімшікті де сатылымға шығарды.

Еңбекқор азамат цех жұмысын жандандыру мақсатында бүгінде сүтті және етті бағыттағы асыл тұқымды сиыр өсіріп отыр. Сондай-ақ, егістік жерлерді игере бастады. Шаруашылық аясын кеңейтумен қатар, мал азығын дайындау мақсатында шаруашылық басшысы «Қарқаралы» несие серіктестігі арқылы 13 млн. теңгеге «Беларусь» маркалы трактор алды. Және «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ-ы несиелендіруімен 24 млн. теңгеге Қытайдың «Lovol» маркалы тракторын сатып алды.

Енді, шаруашылық 100 гектар жерге – бидай, 100 гектар жерге – арпа, сондай-ақ, 20 тонна картоп тұқымын сеппек. Бұдан бөлек, кәсіпкер алдағы уақытта құс шаруашылығымен айналысуды да жоспарлап отыр.

Сағыныш ӘБІЛ.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.