Нұраталды орта мектебінің 8-класс оқушысымын. Әкем жұмыстан әдеттегісінен кешірек оралды. Алдынан шығып қарсы алғанымда жалғыз емес, жанында қонақ барын көріп, сәлем бердім. Бойы ортадан сәл төменірек, денесі тығыз, келісті келген жас жігіт жылұшырай амандасып жатыр. Әкем «Бұл жігіт – біздің шаруашылыққа ауданнан келген өкіл, есімі – Марс» деп таныстырды үйдегілерге. Бұрын-соңды ұшыраспаған есімін естігенімде «ежелгі римдіктердің соғыс Құдайының атын иемденген адам да ерекше болуы керек шығар» деген ой бірден есіме оралды.
Үй-іші қонаққа үйренген, екі күннің бірінде ауданнан, облыстан келген адамдар біздің үйге келеді. Төргі бөлмеге өтіп, футболдан болып жатқан матчты қызықтап отырмыз. ЦСКА мен Тбилисидің «Динамосы» ойнап жатқан. Қонақ жігіт «Кімге бүйрегің бұрып отыр?» деп сұрады. Мен бүкіл командалардың құрамдарын жатқа білетіндігімді көрсетіп, атап-атап, «грузиндер құрамында жақсы шеберлер бар, сондықтан соларға болысып отырмын» деп жатырмын ғой. Барлық сөзімді байыппен тыңдап алып: «Жақсы, кавказдық командаға назар аударшы, бәрі өз елінің жігіттері емес пе?» деп тың әңгіме бастады. Шынында, жағдай бәрі солай еді. Ал, «армиялықтардың» құрамы ала-құла, кім екеніне тікелей көзің жете қоймаса да, әр ұлт өкілдерінен екенін аты-жөндерін айтқанда пайымдайсың. «Армия клубы құрамында қазақтардың жоқ екендігіне көзің жете ме? Сондықтан, ЦСКА-ға болысқаның жөн шығар…» деген Марс аға әлі де дүдәмалдау болып отырған маған.
– Әлжан Жармұхамедов деген ойыншыны білесің бе? – деп сұрады.
Қалай білмейін, баскетболдан Одақ көлеміндегі нағыз мықтының бірі ғой. Нина Еремина деген одақтық комментатор болушы еді. Сол Әлжанның атын айтқанда, таңдайы тақылдап отыратын. «Ендеше, ЦСКА-ны ұстап тұрған сол мықтың – қазақ». Не сенерімді, не сенбесімді білмеймін. Одақтың «Советский спорт» газетінің түгін қалдырмай оқитын басым ондайды кездестірмеппін. Не онда, не қазақстандық баспасөзде бір ауыз сөз айтылмайды ғой бұл тақырыпта. Әңгімеге әкем де келіп араласты. Үлкендер спортта ұлтқа байланысты әділетсіздіктің көп болатынын нақты фактілер келтіріп айтқанда, көңілім құлазып, бұрынғы ойымдағылардың астан-кестені шыққанын сезінгендей болдым. Сөйтіп, аяқ астынан аралас мектептің оқушысының бұған дейінгі берік интернационалистік позициясы біршама босаңсып қалды.
Арада қанша жыл өтсе де, үшеуміздің, үшеуміздің деймін-ау, негізінен, үлкендердің айтқан сол жолғы әңгімелері барша бояуымен сол қалпы есімде. Қоғамды танудан өткен алғашқы сабақтарымның бірі осы болды-ау деймін. Тамақ үстінде де жалғасқан әңгімеміз де осы тақырыпты қаузап, ұлт мақтанышы Бауыржан Момышұлын да қамтып өткен еді. Өйткені, Марс аға студенттік кезінде Баукеңмен кездескенін келістіре суреттеп берген болатын.
Сол жолғыдан кейін үйге талай рет келген Марс ағайды кездестіргенімде біртүрлі іш тартып, туысқанымды көргендей сезімде болатыным рас еді.
Арада жылдар өтіп, оқу орнын бітіріп, ауданда алғаш қызметке орналасқанымда, Марс Еренбекұлы аудандық партия комитетінде ұйымдастыру-кадр бөлімінің меңгерушісі болып қызмет ететін. Талайлардың тағдырын шешетін аупартком бюросында оның мүшесі Марс Еренбекұлының талқыланып отырған мәселені тікесінен қойып, өткір сөйлеп отыратынын талай көріп, өзім куә болып едім. Мұндай пікір айту үшін мәселені терең түсініп, хатшылардың, ауданның бетке ұстарларының алдында өз позициясын қорғап шығу үшін қаншалықты білімдар болу керек екенін пайымдай беріңіз. Ешкімнің уәжіне жығылмас үшін бұлжытпайтын дәлелің болуы қажет. Осының бәрін ағамыздың бойынан көріп, сондай болуға тырысатынбыз. Марс Еренбекұлы мектепте директорлық қызметте де, кәсіподаққа басшылық жасағанда да жемісті еңбек еткен жылдарында аудан азаматтарына әсері мол қасиеттерін көріп, ұқсасақ деп ұмтылатын ұстазымыз болды.
Ауданымыздың шаруашылықтары түгелдей ірі қара мал өсіруге, ет пен сүт, астық өндіруге маманданған, шалқыған кеңшарлар болатын. Жай кеңшарлар өз алдына, асыл тұқымды мал зауыттары қандай еді, шіркін! Бұл – «жоғалған балтаның сабы алтын еді» дегендік емес, шын мәнінде осындай болатын. Қазіргі кез келген мақтаулы шаруашылық сол кезде экономикасы мен мәдениеті шарықтаған олардың ширегіне де келмейтіні жасырын емес.
Жезқазған облысының ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі өңірі болғандықтан, «кадрлар бәрін шешеді» принципімен «партиялық, кеңестік, шаруашылық мамандары» деп ерекше көңіл бөлінетін, жоғары, орта буын мамандары бірыңғай «сен тұр, мен атайын» болатын. Тірліктері таң атқаннан кеш батқанша шаруашылықтардың ғана жұмысы болатын мамандар сол кездегі ауыл шаруашылығындағы барлық жетістіктерді өз қолдарымен жасаған, ауылдың аузынан ақ май ағызған азаматтары болатын. Оқу-тоқулары өз алдына, іс жүзінде ең алдыңғы қатарлы шаруашылықтарда жұмыс істегеннен соң, қолға алған істері де, сөздері де ірі, жалпақ тілмен айтқанда «сайдың тасындай» кадрлар ауданның абыройын асқақтатты. Шет ауданынан келген десе, облыс көлеміндегі кез келген қызметке бірінші кезекте, тіпті кезектен тыс ілігетін.
Осындай кадрларды сұрыптап алу, оларды тәрбиелеу, одан кейін орналастыру – аудандық партия комитетінің ұйымдастыру-кадр бөлімінің, тікелей Марс Еренбекұлының жұмысы болатын. Солардың бәрін оқытып, үйретіп, ретімен жолға салып отыратын қалыптасқан жүйе болатын. Сол жүйенің қозғаушы күші, тетігі біздің ағамыз Марс Еренбекұлының қолында болатын. «Кезінде бұл жүйені қалыптастыру үшін «өздері – дара, сөздері – дана» Өтебай Құлмаханов, Мәлік Имашев, Кәмәли Дүйсенбеков, Мейрам Абақанов, Ермек Оразалин сынды талмай еңбектенген, мені де жұмысқа үйреткен көрген-білгендері ұшан-теңіз, тағылымдары мол, алдары кең ағаларымыз еді», – деп отырады Марс Еренбекұлы сол жылдарды еске түсіргенде.
Қалай қысылып барсаң да, алдына барғанда мәселең шешілсін мейлі, шешілмесін – көңілің жайланып шығатын. Адалдығын айтатынына сеніп баратынбыз. Принципшілдігімен, тазалығымен аты шыққан Марс Еренбекұлы ұдайы сол биік деңгейден бір мысқал төмендеген емес. Бізден үлкен ағаларымыз, одан кейін біздің қатарларымыз, бізден кейінгілер Марс Еренбекұлын аға тұттық, ұқсасақ дедік. Ұстаз санадық. Көңілінен шықпаған шаруаға адамның шымбайына жеткізіп сын айтатын. «Адамның сыртқы бейнесін өзгерте алмайсың, ал, ішкі жан-дүниеңді толассыз дамытуға болады» деп айтатын ұстаз үлгісіне сай болу үшін мамандық жетілдіруді, оқу-тоқуды, ізденісті тоқтатқан емеспіз. Соның арқасында шәкірттері біраз жетістіктерге де қол жеткізді.
Кейінірек 90-шы жылдары аудандық әкімдікте аппарат жетекшісі ретінде жұмысты алғаш жолға қойды. Жекешелендіру мен кеңшарларды таратудың қиындығы мен зардабын бірдей көріп жатқан ауылдарда бағыт-бағдарын жоғалтып, дағдарған халықпен тығыз байланыс орнатып, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу, жергілікті комиссияларды құру, олардың жұмысын бір арнаға түсіру, туындап жатқан түсініспеушіліктер мен наразылықтардың алдын алу, шаруашылықтарға, жергілікті әкімдіктерге кадрлар таңдап орналастыру, олардың жұмысын тиянақтап отыру сияқты толып жатқан жұмысты қажымай-талмай сүйретті.
«Құрмет белгісі» ордені бастаған көптеген мемлекеттік марапаттардың, «Шет ауданының Құрметті азаматы» атағының иесі атанды. Зейнеткерлікке шығып, ауылдан Қарағанды қаласына көшкенде де ортамыздағы өзіндік орнын жоғалтқан жоқ.
Биыл 85 жасқа толып отырған ұстаз соңғы уақытқа дейін Қарағанды қалалық ардагерлер кеңесі президиумының мүшесі болып, жастарды тәрбиелеу ісінен қол үзген емес.
Адамды тек біржақты суреттеу – жеткіліксіз. Ол жан-жақты, күрделі құбылыс болған соң, әлеуметтік ортада алатын орны тек қызметімен ғана емес, отбасын құруы, дүниеге келген балаларына берген тәрбиесімен де ерекшеленбей ме? Сонда ғана кейіпкеріңіздің толыққанды бейнесі дараланбақ. Марс Еренбекұлы жары Роза Ыбырайқызымен 63 жылдан астам бірге ғұмыр кешті. Дүниеге келген ұрпақ, ұлағатты әулеттің тәрбиесін бойларына сіңіріп өсті. Әрқайсы жеке отбасы болып, әке-шешесіне немере-шөбере сүйгізді. Адам бақыты деген осы емес пе?!
Бала кезімдегі есімін алғаш естігенімдегі таңданысым, жас ұлғая келе түсіністікке ұласты. Римдіктердің Юпитерден кейінгі құдайының атын иемденген адамның есімін қойғанда «жарқыраған жұлдыз іспеттес болсыншы» деген әкенің ниетін танығандай болдым. Сіз әке арманын орындаған адамсыз!
Көгімізде жарқырай беріңіз, Ұстаз аға!
Қайыржан ТІЛЕУБЕРГЕНОВ.
ШЕТ ауданы.