АбайАймақБас тақырып

180 домбырашы бір мезетте күй орындады

Абай қаласының орталық алаңында «Ұлы даланың ұрпақтары» атты ауқымды флешмоб өтті. Шараға 180 домбырашы қатысып, олар бір мезетте күй орындады. Музыкалық көрініс ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған мәдени онкүндіктің бір бөлігіне айналды.

Суреттер облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен

Мерекелік шараға тек қала тұрғындары ғана емес, Абай ауданына қарасты ауылдық округтерден де адамдар келіп қатысты. Домбырашылардың арасында кәсіби өнерпаздармен қатар, түрлі сала мамандары, мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері де бар.

Флешмобты ұйымдастырушылардың бірі, жергілікті халық театрының жетекшісі Динара Жұмағұлованың айтуынша, бастаманы ауыл-аймақ халқы ыстық ықыласпен қабылдаған. Алайда дәл 180 қатысушыны жинау оңай болмаған.

– Басты мақсат – Абайдың мерейтойына орай 180 домбырашыны қатар шығару еді. Әуелде күмән болғанымен, нәтижесінде біз діттегенімізге жеттік. Бұл – үлкен еңбектің, ұйымшылдықтың жемісі, – дейді Динара Жұмағұлова.

Флешмобқа қатысушылардың бірі – Южный кентінен келген Әсел Қайырбекова. Домбыраны бала кезінен тартатын бойжеткен өңірдегі барлық маңызды мәдени шараларға белсене қатысып келеді.

– Домбыра – менің жүрегіме жақын, ерекше аспап. Бала күнімнен қолымнан түскен емес. Абай қаласындағы бұл шараға арнайы келдім. Мұндай рухани оқиғадан тыс қалғым келмеді, – дейді ол. – Бұған дейін де Домбыра күніне арналған шеруге қатысқанмын. Ол кезде де халық үлкен қолдау білдірді, әлеуметтік желілерде бейнероликтерімізге көптеген жылы пікірлер жазылды. Бұл бізге зор шабыт пен мақтаныш сезімін сыйлайды.

1–10 тамыз аралығында Қарағанды облысында Абайдың туған күніне орай мәдени онкүндік өтуде. Оның аясында шығармашылық кештер, көрмелер, айтыстар, зияткерлік кездесулер және өзге де іс-шаралар ұйымдастырылуда. Онкүндік Абай ескерткішіне гүл шоғын қою және мерейтойға арналған байқаулардың жеңімпаздарын марапаттау рәсімімен қорытындыланады.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button