18 наурыз – Ұлттық киім күні
Көктемнің шуақты мерекесі – «Наурызнама» онкүндігінде әр күннің өзіндік мәні мен мазмұны бар. Солардың бірі – Ұлттық киім күні. Бұл – халқымыздың сан ғасырлық мәдениеті мен талғамын, ұлттық болмысы мен рухани мұрасын айшықтайтын ерекше күн.

Қазақ халқының ұлттық киімі – тұтас бір халықтың тарихын, дүниетанымын, салт-дәстүрін бойына сіңірген асыл мұра. Сан ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ киім үлгілері қарапайымдылығымен, ыңғайлылығымен және көркемдігімен ерекшеленеді. Киімдегі әр ою-өрнек пен әшекейдің өз мәні мен мағынасы бар.
Ұлттық киімдерді тігуде былғары, жүн, киіз, жібек пен түрлі маталар кеңінен қолданылған. Бұл материалдар адамға жылулық пен жайлылық сыйлап қана қоймай, киім иесінің әлеуметтік мәртебесін, атақ-дәрежесін, тіпті, байлығын да білдіреді. Ал, асыл тастар мен күміс, алтын әшекейлер киімге ерекше сән мен салтанат берген.
Дәстүрлі киімдері – ұлттық болмысымыздың көрінісі. Сәукеле мен кимешек, камзол мен шапан, кең етекті көйлек пен зерлі шапан – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан эстетикалық талғамының айқын белгісі.
Бүгінгі модернизация дәуірінде де ұлттық киім өз мәнін жоғалтқан жоқ. Керісінше, дәстүр мен заманауи стиль үйлесім тауып, ұлттық киім жаңа қырынан танылып келеді. Соңғы жылдары этно-стильдегі киімдер мен әшекейлер күнделікті өмірге батыл еніп, ұлттық нақыштағы киімдерге деген қызығушылық артып отыр. Бұрын ұлттық киімдер көбіне мерекелік іс-шараларда ғана киілсе, бүгінде жастар мен үлкендер күнделікті өмірде де камзол, шапан, ұлттық әшекейлерді еркін қолдана бастады.
Көбіне елге белгілі тұлғаларға құрмет ретінде иығына шапан жабу дәстүрі де – ұлттық киімге деген ерекше құрметтің белгісі. Бұл – ата-бабадан жалғасқан ізеттің, сыйластықтың айғағы.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың IV отырысында ұлттық киім мәдениетін дәріптеудің маңыздылығына арнайы тоқталып, оны күнделікті өмірде кеңінен қолдануға шақырды. Ұлттық киімнің халқымыздың рухани байлығы мен мәдени кодын сақтайтын маңызды құндылық екенін де атап өтті.
Ұлттық киім күні жаңа серпін беретін шығармашылық алаңға да айналып келеді. Бұл күні еліміздің әр өңірінде түрлі фестивальдар, сән көрсетілімдері, көрмелер мен байқаулар ұйымдастырылып, дәстүр мен заманауи сән үйлесім тапқан тың жобалар халық назарына ұсынылады.
Атап айтсақ, жыл сайын кеншілер астанасында Ұлттық киім күніне орай облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Кеншілер мәдениет сарайында түрлі ауқымды мәдени шаралар өтеді. Соның ішінде дизайнерлер өз коллекциясын таныстыратын «NAURYZ – FASHION» этно-заманауи киімдер фестивалі дәстүрге айналған. Аталған фестивальда ұлттық нақыштағы заманауи киім үлгілері ұсынылып, жас дизайнерлердің шығармашылығына жол ашылады.
Наурызнама аясындағы бұл күн – бүгінгі мәдени өміріміздің ажырамас бөлігі екенін тағы бір мәрте еске салатын ерекше мереке. Ұлттық киімді кию арқылы біз ата-бабадан қалған бай мұраны құрметтеп, оны келер ұрпаққа аманат етеміз.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



