Аймақта «Ақылды ферма» ашылады
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан ОМАРОВ жұмыс сапарымен Қарағандыда болды. Министр Абай және Осакаров аудандарының бірқатар шаруашылығын аралап, егін жинау, сүт фермаларын салу жобаларының барысымен танысты.
Министр күзгі жиын-терін жұмысының жай-күйіне қанықты. Одан соң 500 және 400 түлікке арналған сиыр фермаларында қолға алынған жұмыстарды барып көрді. Абай ауданы, Көксу ауылдық округіндегі «Астра-Агро LTD» ЖШС және «Шанс» ШҚ-ға ат басын бұрды.
Бұлар биыл Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес және сүт өнімдерінен импортты алмастыру міндеттері аясында пайдалануға беру жоспарланған 22 сүт ферманың екеуі. Министрдің мәліметінше, биыл бірінші жартыжылдықта 6 сүт фермасы іске қосылған. Жылдың соңына дейін 16- сы жұмысын бастайды.
Түс ауа министр Осакаров ауданына арнайы барды. Батпақ ауылындағы «Жаңа ай» ЖШСнің астық кептіру кешені мен астық қоймасының құрылыс жұмысының жай-жапсарына үңілді.
Сонымен қатар, Осакаров ауданында «Найдоровское» ЖШС егістігінде министрге селекциялық дән тұқымдарын қолдану нәтижесі көрсетілді. Кәсіпорын алдыңғы қатарлы агротехнологияны қолданушылардың бірі. Мұнда алғаш рет күздік бидай егіліп, гектарына 25 центнерге дейін астық жиналды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сағынжан Апақашовтың айтуынша, аймақтағы егіс алқабы – 1017,7 мың гектар. Бұл өткен жылғыдан 67,6 мың гектарға көп.
Көктемгі егіс жұмыстарында жаздық дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар – 918,0 мың га, майлы дақылдар – 24,4 мың га, картоп – 16 мың га, көкөніс – 3,1 мың га жерге егілді.
Шаруаларға көмек ретінде жергілікті бюджетте тыңайтқыш сатып алуды субсидиялауға 423,2 млн. теңгеден астам қаражат қарастырылған. Республикалық бюджеттен қосымша 75 млн. теңге бөлініпті.
Сонымен қатар, пестицидтерді субсидиялауға 1,3 миллиардтан астам қаражат берілді. Жиын-терін жұмысын жүргізу үшін қарағандылық фермерлерге 17 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінген.
Демек, өнім – мол. Жұмсалған қаражаттың қайтарымы да бар деген сөз.
Менің сапарымның мақсаты – егін жинау жұмысының барысымен танысу. Екінші мәселе – сүт фермаларының құрылысы. Елімізде импорт алмастыруды дамыту үшін жылына 25 нысан салу жоспарланған. Бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр. Соның ішінде, осы орталық өңір жүйелі жүргізуде. Осы жылдың аяғында мұнда үш сүт-тауар фермасын іске қосу көзделуде. Үшінші мәселе – суармалы жер. 2030 жылға дейін біз еліміздегі суармалы жер көлемін екі есеге ұлғайтып, 3 млн. гектарға дейін жеткізуге тиіспіз, – деді Сапархан Омаров.
Облыста соңғы жылдары ірі қара 751 мыңға (3,2%), жылқы 427,6 мыңға (8,7%) және түйе 1,7 мыңға (2,3%) көбейді. Демек, өріс кеңейіп, өнім молаюда.
Ет өндіру көрсеткіші де осал емес. 5,2 пайызға артып, 36 мың тоннадан асты (сиыр еті – 16,6 мың тонна, жылқы еті – 6,5 мың, қой еті – 3,5 мың, шошқа еті – 4,1 мың, құс еті – 4 мың тонна).
Сондай-ақ, 13 мың малды бордақылауға арналған 2 ірі алаң және 11 ет өңдеу кәсіпорны бар.
Министр фермерлер көтерген проблемалар шешімін табатынына уәде берді.
Қасымхан ҒАЛЫМ.