"Білгенге маржан"
Төрт күн тынбай жүгірген
Адам қайратына таңданбасқа, тамсанбасқа шара жоқ. Мәселен, адыгейлік Виталий ДИДЕНКО көз ілмей 96 сағат жүгіріп, жаһандық рекорд орнатқан.
Бұған дейінгі рекорд 80 сағат 44 минут екен. Америкалық Дин Карнасиске тиесілі. 2005 жылы орнатыпты. Диденко Диннің көрсеткішін араға 14 жыл салып жаңартқан. Яғни, былтыр 18 шілдеде бастаған жүгірісін 22 шілдеде тәмамдаған.
96 сағатты тәулікке шаққанда, толық төрт күн. Жиырма төрт жастағы жігітке бұл межені бағындыру оңайға түспегені белгілі. Ол әр сағат сайын 10 минут дем басып, төрт күн ішінде небары үш мәрте 1,5 сағаттан күш жинаған. Ал, тамақты жүгіріп келе жатып ішкен.
Диденконың рекордынан асып түсуге жақын арада ешкім бел буа қоймасы анық.
Маржан терген Нұрқанат ҚАНАПИЯ.