Жаңалықтар

Ұстаздар ұлықталды

Жалпы ұстаздардың кәсіби өсуіне, дамуына негізделген «Педагог мәртебесі туралы» Заң мұғалімнің мерейін арттырып, мәртебесін көтеруге бағытталған. Осы орайда ұстаздардың кәсіби өсуіне мүмкіндік жасау тетіктері көбеюде. Жақында еңбек жолын енді бастаған, өзіндік жаңа көзқараспен педагогикалық саланы таңдаған жас мамандарды қолдау мақсатында ұйымдастырылған Қарағанды қаласы әкімінің сыйлығын тағайындау конкурсының жеңімпаздары анықталды.

45 педагог қатысқан байқауда мамандығы бойынша 5 жылға дейін жұмыс өтілі бар 29 жасқа дейінгі жас мамандар таңдап алынды. Іріктеу кезеңінен өткен әдістемелік, педагогикалық және қоғамдық қызметтегі жетістіктерімен ерекшеленген 10 мұғалім қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Ал, байқаудың ақтық мәресіне педагогикалық қызметте оң нәтиже көрсеткен мұғалімдер жіберілді. Өзіндік зерттеу қызметі, ғылыми-әдістемелік және авторлық бағдарламалары бар, педагогикалық жобаларға қатысушы, балалармен жұмыс бойынша әдістемелік ұсынымдарын жазған жас педагогтер іріктелді.

– Педагогтердің портфолиосын зерттеуде мұғалімнің біліктілік деңгейіне сай болуы, оқытудың жаңа педагогикалық және ақпараттық технологияларын қолдануы назарға алынды. Жас әріптестеріміздің қоғамдық қызметке белсенді қатысуы, стартап, дебаттар, жастар қозғалысына, әлеуметтік желілерде пайдалы блогты жүргізу тәрізді қоғамдық істеріне басымдық танытылды. Қазіргі білім саласы педагогтерге аса жауапты міндеттер жүктейді. Ұстаздық жолда адаспай, шәкірттерге білім беру арқылы халқымызға адал қызмет ету әр жас мұғалімнің жүрегінде болмақ, – деді қалалық білім бөлімінің маманы Гүлшат Баграмова.

Конкурста «Мектепке дейінгі білім беру мекемесінің үздік жас педагогі» сыйлығы «Толағай» балабақшасының тәрбиешісі Бекзатхан Әлибиге берілді. «Бастауыш сыныптардың үздік жас мұғалімі» сыйлығын № 25 мектептің инклюзивті бастауыш сынып мұғалімі Екатерина Рыжевич иеленді. «Үздік жас пән мұғалімі» атағын «№101 мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі Александра Голобурдина жеңіп алды. «Үздік информатика пәні жас мұғалімі» сыйлығы № 73 мектептің педагогі Ержан Акижановқа табысталды. «Қосымша білім беру мекемесінің үздік жас мұғалімі» сыйлығы «Балалар мен жасөспірімдер сарайының» жас педагогі Медет Мауияновқа бұйырды. 

Аяулым СОВЕТ.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button