Руханият

Қуатты құндылық

Ислам діні татулықты, ауызбіршілікті насихаттайды. Сондықтан, біздің де көздегеніміз – дінаралық, конфессияаралық татулықты нығайтуға өзіндік үлес қосу.

Алла тағала Құран Кәрімде: “Дін турасында сендермен соғыспаған, әрі сендерді өз Отандарыңнан қуып шығармаған адамдарға жақсылық жасауларыңа және оларға әділетті болуларыңа Алла тағала қарсы емес. Өйткені, Алла тағала әділеттілік жасағандарды жақсы көреді”, – деген (Мумтахина сүресі, 7-аят). Бұл аятта Алла тағала өзге дін өкілдерімен бейбіт ғұмыр кешуді, сондай-ақ, мұсылмандардың оларға жақсылық әрі әділдік танытуларына рұқсат берген. Адамдарға мейіріммен қарау, дауласқанды татуластыру, көршімен тату қарым-қатынаста болу – мұсылманның сипаттары. Көрші мен көрші, ел мен ел тату болса, әлемде бейбітшілік сақталады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Исламның ынтымағы мен бірлігін сақтау жолында өте сабырлылық танытты, сол әрекетін бізге үлгі етті. Қоғамның ынтымағы мен бірлігі, дін Исламның өркендеуі үшін жасаған қызметтері, расында да, үлкен жетістікке жеткізді.

Ұлтымыз бен діни сенімге қарамастан барлығымызды біріктіретін осы күн — қоғамдағы тұрақтылық пен келісім күні. Сондықтан, бірлік пен қайырымдылық, жақсылық пен гүлдену мерекесі ретінде қабылдаймыз. Рухани келісім – біздің ұлттымызға тән үлкенді сыйлау, отбасына құрмет, балаларға қамқорлық, қонақжайлылық, татулық, достық, ауызбіршілік тәрізді ізгі ортақ құндылықтар берік орнықты. Ендеше халқымыздың татулығы мен бірлігі – еліміздің өркендеп, алға басуына себеп болатындығын ескере отырып, осы байлығымызды қадірлей білу, оны жас ұрпақтың жүрегіне ұялату – еліміздің жарқын болашағының кепілі болмақ. Тарихы терең, шежіресі мол қазақ халқы қашаннан да бауырмал, құшағы ашық ел болғанын барша жұрт мойындайды. Оны біз жеріміздің кеңдігімен ғана емес, пейліміздің кеңдігімен де, ырысты тірлігімізбен ғана емес, ынтымақты бірлігімізбен де дәлелдеп келеміз.

Ардақты ағайын! Барша халықты мейірімділікке, игілік, бірлікке үндейтін Рухани келісім күні құтты болсын! Әрбір отбасында тыныштық, береке болсын. Жаратушы Иеміз елімізге береке, бірлік, ырысты ынтымақ берсін. Тәуелсіздігіміз бен татулығымыз мәңгі болғай!

Өмірзақ қажы БЕКҚОЖА,

Қарағанды облысының Бас имамы.

Басқа материалдар

Back to top button