Коронавирус

Сақтық шаралары күшейді

Қарағанды облысында 2020 жылғы 16 қазандағы жағдай бойынша коронавирус инфекциясы басталғаннан бері 10 375 жағдайы тіркелді. Сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда – 730. Республикалық көрсеткіш – 585,7. Оның ішінде, симптомды – 5501 науқас бар, ал 4875 адам вирус тасымалдаушылар ретінде анықталған.

Сонымен қатар, ұйымдастырылған балалар ұжымдарында індет жұқтыру жалғасуда. Оқушылар арасында коронавирус инфекциясының 18 жағдайы тіркелді. Оның ішінде, 11 оқушы қашықтан, 7-еуі «офлайн» оқитын оқушылар. Сондықтан, көрші облыстарда науқастардың өсуіне байланысты індеттің алдын алу шараларын қабылдау және коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне жол бермеу мақсатында 19 қазан сағат 00:00-ден бастап, облыс аумағында облыс периметрі бойынша санитарлық бекеттер орнатылады. Бұл туралы онлайн-брифингте облыстың бас санитарлық дәрігерінің міндетін атқарушы Юрий Залыгин мәлімдеді.

Сондай-ақ, облыстың тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті кіреберістерде, лифтілерде, паркингтерде тәулігіне кемінде 2 рет дезинфекция жүргізуді жалғастыру қажеттігін атайды.

– 65 жастан асқан адамдар қозғалысын шектеу, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшылары қызметшілер саны 30-дан асса, оның 50%-ын қашықтан жұмыс режиміне көшіру ұсынылады. Коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында туристік фирмалармен шетелге шығатын адамдарды індеттің алдын алу туралы хабардар ету жұмыстары жүргізілуі тиіс, – деді Юрий Залыгин.

Сонымен бірге, сауда – ойын-сауық орталықтарында, сауда үйлерінде, желілік дүкендерде, қоғамдық тамақтандырудың 50 адамнан аспайтын субъектілерінде «нақты уақыт» режимін бұзғандығын тіркейтін және ол деректерді аумақтық бақылау және сапа басқармаларына беру мүмкіндігі бар бейнекамера орнату мәселесін шешу жүктелді.

Өнеркәсіп кәсіпорындарда, автовокзалдар мен автостанцияларда стационарлық тепловизорлар мен «ақылды» бейнебақылау қондырғылары орнатылады. «Қарбалас» сағаттарда автобустарды біркелкі толтыру мақсатында органдар мен ұйымдардың сараланған жұмыс кестесі белгіленеді.

Кәсіпорын басшылары кәсіпорын қызметкерлерін тасымалдауды ұйымдастыруы қажет. Зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету үшін еріктілердің жұмысы жандана түспек.

Ойын-сауық, спорттық, отбасылық, естелік, салтанат және басқа да бұқаралық іс-шараларды, конференциялар мен көрме, форумдар өткізуге тыйым салынады.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button