Жаңалықтар

Азық-түлік қоры жеткілікті

Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан ОМАРОВ республикадағы азықтүлік қоры туралы ақпарат берді. Әкімдіктердің ақпаратына сүйенген министрлік басшысы қазіргі уақытта елімізде 620 мың тоннаға жуық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының және 318 миллионнан астам тауық жұмыртқасының қоры бар екенін мәлімдеді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұдан бөлек, азық-түлік тауарларының 16 түрі бойынша Үкімет резерві құрылды. Бұл мақсатқа 16,7 миллиард теңге бөлініп, 43,5 мың тонна азық-түлік сатып алынған. Сонымен қатар, 21 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын, оның ішінде, 9,1 мың тонна картоп, 3 мың тонна пияз, 2,5 мың тонна сәбіз, 2 мың тонна қант жеткізуге форвардтық келісім-шарттар жасалды.

«Өңірлердің азық-түлікпен қамтамасыз етілуін қорлардағы тауарларды бағалау арқылы мониторинг жүргізілуде. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі негізгі 29 тауар бойынша ішкі нарықты толықтыру бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл ретте 12 тауар бойынша ішкі нарықты қамтамасыз ету 100 пайыздан асады. 11 тауар бойынша – 80% және одан көп. 6 азық-түлік тауар бойынша импортты алмастыру жұмыстары жүргізілуде», – деді Сапархан Омаров.

Министрдің айтуынша, елімізде қазір картоп, қияр, қызылша, күріш, қарақұмық жармасы, қой еті, жұмыртқа, ұн, нан, макарон, сүт және тұздың қоры жеткілікті. Қызанақ, сәбіз, қырыққабат, пияз, бұрыш, сиыр еті, жылқы еті, шошқа еті, ашытылған сүт өнімдері, май сияқты тауарлармен толық қамтамасыз етілген. Құс еті, шұжық, ірімшік және сүзбе, алма және қант тауары бойынша қамтамасыз ету 80%-дан төмен.

Ішкі нарықты өсімдік шаруашылығы өнімімен толықтыру үшін ағымдағы жылы сұранысқа ие ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 439,2 мың гектарға кеңейтілді. Жалпы егіс алаңы 22,7 миллион гектарға дейін жеткізілді. Биыл 18 миллион тонна астық дақылдарын жинау жоспарлануда. Бұл – ішкі нарықты қамтамасыз ету және экспорттық әлеуетті іске асыру үшін жеткілікті.

Азық-түлік тауарлары өндірісінің қосымша көлемінің өсуін қамтамасыз ету үшін АӨК-де бірқатар жаңа инвестициялық жобалар енгізілуде.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button