Ресми

Жердің жайы – елдің жайы

Қазақстан шекарасының белгіленген күні тұңғыш рет аталып өтті биыл. Республика аумағының алғаш заңдастырылғанының 100 жылдығы ғой. Осы уақытқа дейін атаусыз қалып келе жатқан бұл күннің (26 тамыз) қадіріне жету – елдік пен егемендікті парықтап, тәуелсіздіктің жауапкершілігін түйсіну деген сөз. Алаш, Алаш болып атқа қонғалы жер үшін соғысып келген екен. Тіпті, Түрік, Ғұн дәуірлерінен жеткен аңыздардың ләмі жер үшін болған шайқастарды айтады. Жер – жаннан қымбат қазақ үшін. Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ өткендегі Жолдауында «жер шетелдіктерге сатылмайды» деді. Ел естігісі келген сөз – осы. Жерді сату – Отанды сатқанмен пара-пар. Бірақ…

Ол «бірақты» да Президенттің өзі айтты. «Бірақ, Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Аграрлық секторға инвестиция тарту ауадай қажет. Кәсіби мамандардың тапшылығы, сондай-ақ аграрлық ғылымның ойдағыдай дамымауы – бұл саладағы қордаланған мәселелер. Осы бағытта атқарушы билік тарапынан нақты шаралар қабылдануы керек».

Ауыл шаруашылығына қатысты бұл мәселені ешқашан айналып өте алмайсыз. Ертеңге қалдыруға және болмайды. Үкіметтен бастап бәріміз жұмыла кірісетін ұлттық мәселе. Жерді игеру! Қазақ зиялылары алғаш атқа қонып, Алашорда үкіметін құрғанда – осыдан 100 жыл бұрын бой көтерген. Онда да осы Жолдаудағыдай мемлекеттік басқарудан кейінгі басты тақырып жер және оны игеру арқылы экономикалық өрлеуге қол жеткізу болғаны тарихтан белгілі. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан былай деген онда: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді», – деді Әлекең.

Демек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ә.Бөкейхан сөзінен бірден байқалады. Бүгінде бірен-сараны болмаса, жалпы қазақ ғылым мен техникаға сүйеніп, жерін игере алмай отырғаны. Сөйтсе де, ауылға барып сұрастыра қалсаң, бос жатқан жер жоқ. Әркім үлестіріп, бөліп алған. Онысы дұрыс емес деп айта алмаймыз. Бірақ, солардың көбі алты ай жазда шөбін бір шапса – шапты, болмаса, ол да жоқ. Өткенде Жолдау жарияланбай тұрып, ауылға барсам, жылқышылар қосын тігіп, күзей тұратын жер (жайылым) таппай жатқан көрінеді. Бие ағытылған соң, ауылдың көп жылқысын қостап жатып бағады ғой. Шабындығы бар ел жеріне мал жолата ма? Қысқы жайылымдық жер алыс әрі әлден жеп қоюға болмайды. Абайдың «ерте барсам жерімді жеп қоям деп» дегені еске түседі. Мәселенің тағы жерге тірелгені ғой… Бәрі – өтпелі. Жер – мәңгілік. Ал, ауыл шаруашылығынсыз ешқашан мемлекет құрылмайды екен. Тарихта ондай болмаған. Ауыл шаруашылығы өркендемей, елдің экономикасы да өркендемейді деген сөз. Қазақ та сол жерімен жасап келе жатқан халық. Әуелде Алаш арыстары білген де, бірден соны тиімді пайдалануды ойлаған. Президент те айдан анық қылып айтып отыр. Оны мына пандемия да дәлелдеп берді. Күллі шаруашылық жабылғанда, ауылға қарап қалды күніміз. Алладан соң аурудан аман сақтаған тағы сол ет пен қымыз. Біз аграрлы ел екенімізді түйсініп, қарекет қылуымыз керек. Абай «ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай» демеді ме? Шаруашылық заманауи негізде құрылмайынша, артта қала береміз.

Сонда, Президент Жолдауы шықпай тұрып ауылда бірер күн болғанымда, үлкендер жағы «бұрынғы кооперативке көшпей болмайды. Ауылда сатып алатын шөп жоқ. Біреулері шөп шауып, біреулері мал бағып, ірілену керек» дегенін естігенде мән бермегем. Олар шаруашылықтың бұл түрін өткен ғасырда басынан өткерген. Совет кезінде ауыл шаруашылығы дүрілдеп тұрған деседі. Президент соның заманауи келбетін қалыптастыруды ұсынғанын мынадан-ақ аңғарамыз: «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес.

Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы. Вертикальді кооперация аясында жеке қосалқы шаруашылықтың әлеуетін пайдаланған абзал. Жеке шаруашылық миллиондаған ауыл тұрғындарына табыс табуға мүмкіндік бере алады. Оларды өңірлік азық-түлік хабтарын құруға жұмылдыру керек.

Басы бірікпеген жеке қосалқы шаруашылықтар, шын мәнінде, өлместің күнін көріп отыр. Бұл ретте, сапалы әрі мол өнім өндіру, үздіксіз тауар жеткізу туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз. Бәсекеге қабілетсіздік пен импорттан арыла алмай отыруымыздың себебі де осында.

Кооперация кезінде жер және басқа да мүлікке қатысты барлық құқықтар сақталады. Кооперация шаруашылықтарға шикізат сатып алу, өнім өндіру және оны сатуды ұйымдастыру барысында күш жұмылдыруға мүмкіндік береді. Ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланады. Табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жатады. Сондықтан субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламалары аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу қажет».     

Бұл туралы кезінде Алаш қайраткері, осы саланың маманы Смағұл Сәдуақасұлы да тура жол нұсқап, Голощекинге қарсы шыққан екен. Ол «Кооперация һәм қазақ шаруасы» атты еңбегінде қазақ шаруасының сол кездегі жағдайын жіліктеп, кооперация ашу керек деген тоқтамға келген. Автор еңбегінде кооперацияның кіндігін кескен Англиядан бастап, Германия, Дания, Голландия, Швеция, Ресейге дейінгі елдердің бай тәжірибесін тілге тиек етеді. Олардың қазақ тұрмысымен қабысар тұстарын көрсетеді. Мұндай мысалдан кейін қазақ шаруасының негізін сақтай отырып, әлгіндей үлгілер арқылы жаңа түр-тұрпат беруді нұсқағаны – күні бүгінге дейін маңызды. Оны осы жолы Президент те айтты. Бірақ, жергілікті жерлерде мұны жүзеге асыратын маман жоқтың қасы. Қазақстанды шикізат көзіне айналдырмай, өнеркәсіп ашу мәселесін С.Сәдуақасұлы сол кезде көтерген. Президент Жолдауында да тап сондай ойлар бар. Ол енді жеке тоқталуды қажет ететін басқа әңгіме.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button