Ресми

Жаңа өнім алынды

«Шұбаркөл Көмір» АҚ белсендірілген көмірдің сынамалық өндірісін бастады. Бірінші партия тәжірибелік-өнеркәсіптік қондырғыдағы іске қосу-жөндеу жұмыстары барысында алынды. Өнімнің сапасын химиялық зертханада жүргізілген талдаулар растады.

– Шұбаркөл белсендірілген көмірінің негізгі артықшылығы – оның өзіндік құнының төмендігі болып табылады. Шикізат ретінде арзан кокс қолданылады. Ал, энергия ретінде қазіргі уақытта жағылып жатқан кокс газы қолданылады. Бұл өндірістік қалдықтарды кәдеге жаратудың өте маңызды проблемасын шешуге көмектеседі. Осы технология бойынша алынған активтендірілген көмір сапасы жағынан нарықтағы осындай өнімдерден кем түспейді. Бірақ, құны бойынша ол негізгі бәсекелестерге қарағанда 1,5-3 есе төмен болады, – деді «Шұбаркөл Көмір» АҚ операциялық тиімділік бөлімінің бастығы Александр Лапшин.

Іске қосу-жөндеу жұмыстарына кәсіпорынның, ERG ғылыми-зерттеу инжинирингтік орталығының және «Аймлаб» ЖШС мердігерлік ұйымының мамандары қатысты. Жабдықты дайындаушы зауыт – «Сплайн – М» ЖШҚ (Ресей Федерациясы) мамандары онлайн режимде қосылды.

Кәсіпорын стандартын алу үшін белсендірілген көмірдің сынама үлгілері тәуелсіз зертханаға жіберілді. Сапа сертификатын алғаннан кейін өнеркәсіптік өндіріс басталады. Қондырғының қуаттылығы жылына 1000 тонна белсендірілген көмір болады деп жоспарлануда.

Жоба – импорт алмастырушы. Қазақстан қазір белсендірілген көмірді шетелден әкелуде. Елдің қажеттілігі жылына 7000 тоннадан асады. Бұл өнім гидрометаллургиялық, алтын өндіру, фосфат өнеркәсібінде, суды тазартуда қолданылады.

«Шұбаркөл Көмір» АҚ – Қазақстандағы жоғары сапалы, күлі аз көмірдің ірі өндірушісі. Еуразиялық Топтың (ERG) құрамына кіреді. Кәсіпорын көмірді ашық тәсілмен өндіреді. Сондай-ақ, кокс газынан арнайы кокс және электр энергиясын өндіреді.

Шұбаркөл көмірінің күлділігі төмен (4%) және калориясы жоғары (6000 ккал/кг дейін). ERG көмірді Еуропа, Азия және әлемнің басқа да бөліктеріндегі жиырмадан астам елге жеткізеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button