Діни ахуал – қалыпты арнада

Қазіргі уақытта Қарағанды облысында діни ахуал тұрақталды. Бұған әлеуметтік зерттеу жұмысының нәтижелері дәлел. Жүргізілген сауалнамаға қатысқандардың 96%-ы жағдайды тыныш және бірқалыпты деп бағалап отыр. Аймақта 15 конфессияға біріктірілген 315 діни бірлестік пен мен филиалдар жұмыс істейді. Бұл туралы облыстық дін істері басқармасының басшысы Дулат ХАЛЕЛ мен діни конфессиялар өкілдері қатысқан «Карантин шараларын сақтау» тақырыбындағы баспасөз мәслихатында мәлім етілді.  

 

Дулат Халелдің айтуынша, басқарма мен діни орталықтардың қазіргі таңдағы жұмысы халық арасында КВИ таралуына жол бермеуге бағытталған. «Елімізде төтенше жағдай жарияланып, карантин шаралары енгізілгеннен бастап, діни бағыттағы бұқаралық іс-шараларға тежеу қойылды. Тұрғындар арасында діни мейрамдарда діни орындарға бару мен үйде адам жиып, дұға оқу шараларын өткізуден бас тарта тұруға қатысты түсіндіру іс-шаралары өткізілді. Діни бірлестіктер басшылары карантин шектеулерін сақтамағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тартылған. Наурыз айында төтенше жағдай жарияланған кезде ортақ талапты бұзудың үш фактісі орын алған еді. Қазір мұндай кемшіліктерге жол берілмейді. Ел аумағындағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты басқарма жұмысы толығымен онлайн-форматқа ауыстырылды», – деді ол.

Әлеуметтік желілердегі ведомство парақшаларында деструктивті діни ағымдардың идеологиясын түсіндіретін материалдар дәстүрлі түрде орналастырылады. Instagram-да күн сайын теологтармен, дінтанушылармен, дін өкілдерімен, республикаға танымал сарапшылармен тікелей эфир жүргізіліп, оларға діни террористік қауіпті аймақтардан оралған  әйелдер де қатысады. Барлығы 10 мыңнан астам адамды қамтитын 156 тікелей эфир мен әлеуметтік желілерде түрлі тақырыптық байқаулар өткізілген.

Баспасөз мәслихатында аймағымызда Құрбан айт мейрамын өткізу форматы да тілге тиек етілді. Қарағанды облысының бас имамы Өмірзақ Бекқожаның мәлімдеуінше, Қасиетті Рамазан айы сияқты, Құрбан айт мерекесі де онлайн-режимде өткізіледі.

«Биыл қасиетті Құрбан айт мерекесін әдеттегідей қарсы алмаймыз. Карантин 2 тамызға дейін ұзартылғандықтан, оны онлайн режимде атап өтеміз. Сол күні құрбандық шалынады. Аталған шараны қалай ұйымдастыру қажет екендігі алдағы уақытта нақтыланады. Алайда, ҚМДБ республикалық онлайн жиынында оны бейнебайланыс режимі арқылы өткізу жайлы пәтуа жасалды. Мобильді банктер арқылы әр адам қайырымдылық жасай алады. Соңыра мешіт өкілдері жиналған қаражатқа құрбандық шалу рәсімі өткізілгені туралы бейнеесептерін жібереді. Бұл шаралар республиканың бас санитарлық дәрігері мен Үкімет, сондай-ақ жергілікті биліктің рұқсатымен ғана жүзеге асырылады», – деді ол.

Ресми жиынға қатысқан Қарағанды және Шахтинск епархиясы орыс православиелік шіркеуінің хатшысы Владимир Фрейганг осынау күрделі кезеңде аймақ тұрғындарын бір-бірін қолдауға шақырды. Сондай-ақ, ол шіркеудің қоғамдық жұмысына тоқталды.

– Карантин ұзақ уақытқа созылып, күшейтілді. Діни бірлестіктердің әрекеттері шектеулі, кейбірі өз қызметін тоқтатты. Құлшылық ету тек онлайн-режимде өтіп, оны келушілер бақылайды. Біз коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеуге қол ұшын береміз. Әр ғибадатханада адамдардың өз жақындарын лайықты жерлеуі үшін белгіленген алгоритмі бар, – деді ол.

Жиында аймақтағы дін мәселесіне қатысты өзге де маңызды жайттар назардан тыс қалмады. Тұрғындар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға шара спикерлері толыққанды жауап берді.

Жәлел ШАЛҚАР.