1700 ауыл баласы «Auyl Sport – 2025» турнирінде бақ сынады
Алматыда «Auyl Sport – 2025» атты республикалық турнир өтті. Қарағанды облысынан бұл додаға алты спортшы барды. Турнирге еліміздің түпкір-түпкіріндегі ауылдардан іріктелген 1700-ге жуық бала қатысқан. Әр өңірден іріктеліп келген кіл мықтылардың арасында Батухан Ысқақ бокстан жүлделі III орын алды.

Батухан Ысқақ – Бұқар жырау ауданына қарасты Үштөбе ауылдық округіндегі мектеп оқушысы. Аудандық, облыстық жарыстарда топ жарып жүрген талантты боксшы.
– Осындай беделді турнирде жүлде алғаныма өте қуаныштымын! Жарыста жүлдеден бөлек тәжірибе маңызды. Жан-жақтан келген мықты спортшылардың өнерін тамашалап, олармен жұдырықтасу – кез келген боксшының деңгейін өсіреді. Бапкерім Серғазы Кенжебергенұлына шын жүректен алғысымды білдіремін! Алдағы уақытта бұдан да маңызды, ауқымды додаларда топ жаруға тырысамын, – деді Батухан Ысқақ.
Ауылдағы жасөспірімдер мен балалар ғана бабы мен бағын сынайтын айтулы дода осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. 7 спорт түрі қамтылған. Былтырғысына Қарағанды облысының құрамасы қатыспапты.
Бұл турнирге бару үшін әр облыста іріктеу жарыстары өтіпті. Қарағанды облысының іріктеу жарысында Бұқар жырау ауданының – 5, Қарқаралы ауданының 1 спортшысы чемпион болып, жолдама алған. Батухан Ысқақтың бапкері Серғазы Кенжебергенұлы турнир өте жоғары деңгейде өткенін айтты.
– Еліміздің Оңтүстік өңірінде балалар спорты дамыған. Өйткені, ауылдарда, аудан орталықтарында заман талабына сай жасалған спорт кешендері, спорт үйірмелері өте көп. Дегенмен, Қарағанды облысы бірінші рет қатысып отырғанын ескеру керек. Ауылды жерде жаттығып жүріп, осындай деңгейдегі додаға барып өнер көрсету мектеп оқушысы үшін оңай емес. Алматыда балаларды жақсы қонақ үйге жайғастырып, дәмді ас беріп, автобуспен тасымалдады. Мұндай құрметті көрген ауыл баласы дәл осындай додаға барып, өз мықтылығын дәлелдеу үшін жігерін жанитыны сөзсіз, – деді Серғазы Кенжебергенұлы.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»



