Егемен елдің ертеңі – жарқын

Құрметті қарағандылықтар!
Сіздерді біздің басты ұлттық мерекеміз – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл күн халқымыздың ұлылығын, оның ерік-жігерін, бостандыққа және жарқын болашаққа деген ұмтылысын бейнелейді.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан дамудың даңғыл жолына түсті. Алтай мен Каспийдің арасындағы ұлан-ғайыр бұл дала ежелгі сақтар мен ғұндардың, көк түріктердің құтты мекені, қарашаңырағы болды. Осынау тереңнен тамыр тартқан тарихы қатпар-қатпар халқымыз бүгінде тәуелсіз ел ретінде бірлік пен келісімді, бейбітшілікті нығайта отырып, бабалар жолын жалғастырып келеді.
Тәуелсіздік – біздің басты байлығымыз, тірегіміз және ұлттық құндылығымыз. Ол бізге өзіміздің даму жолымызбен жүруге, еліміздің және туған өңіріміздің болашағын жарқын етуге мүмкіндік берді.
Қадірлі жерлестер!
Сіздерді осынау мәні терең мерекемен құттықтай отырып, әрқайсыңызға зор денсаулық, амандық, өркендеу және ертеңгі күнге сенімділік тілейміз. Сіздердің отбасыларыңызда әрқашан бақ-береке, өзара түсіністік болсын. Тәуелсіз Қазақ елі өсіп-өркендей берсін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
Ермағанбет БӨЛЕКПАЕВ,
Қарағанды облысының әкімі
Нұркен КОБЖАНОВ,
Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы



