Жаңалықтар

Белгілі ғалым Мыңжасар Әдекеновтің құрметіне мемориалдық тақта орнатылды

Белгілі ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, қоғам қайраткері, Арқаның атпал азаматы Мыңжасар Әдекенұлы Әдекеновтің құрметіне қойылған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылуы өтті. Ескерткіш тақта Мыңжасар Әдекенұлы 25 жылдан астам тапжылмай еңбек еткен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ғимаратына орнатылды.

Белгілі ғалым Мыңжасар Әдекеновтің құрметіне мемориалдық тақта орнатылды

Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов, облыстың ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Асқар Санаубаров, Социалистік Еңбек Ері Сайлау Біләлов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Темірболат Мәжитов, ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген майталмандар Төлеутай Шахарбаев, Боранбай Жумкин, Амантай Рахимов, Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайын, облыстық ардагерлер ұйымының өкілдері, әріптестері, туыстары қатысты.

Мыңжасар Әдекенұлының есімі мал шаруашылығында селекционер, жаңашыл, артында жарқын із қалдырған көрнекті тұлға ретінде танымал. Ол – ауыл шаруашылығының, әсіресе қой шаруашылығының өркендеуі мен дамуына қомақты үлес қосқан тұлғалардың бірі. Оның есімі еліміздің және қазақстандық селекция тарихында кілемдік ұяң жүнді қазақы құйрықты қойдың отандық тұқымының авторы ретінде мәңгі жазылған.

Іс-шарада әріптестері, достары мен замандастары біртуар тұлғаның кәсібилігін, адалдығы мен азаматтығын айрықша атап өтті. Бүкіл саналы өмірін ауыл шаруашылығы өндірісіне арнаған білікті басшы, іскер ұйымдастырушы, өз ісінің талантты маманы тірі болғанда биыл 90 жасқа толар еді.

Бүгін осындай тарихи сәтке куә болып отырмыз. «Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» демекші, Мыңжасар Әдекенұлы өнегелі өмір жолы арқылы соңына өшпес мұра қалдырды. Ел үшін еңбек етудің асқан үлгісін көрсетті. Оның азаматтық болмысы кейінгі жас буынға үлгі. Қаншама шәкірт дайындады. Оның әрқайсысы елге адал қызмет етуде. Шәкірттерімен, ұрпағымен мың жасайтынына сенімдіміз, – деді Ербол Шымкентбайұлы.

Ғалымның ұлы Серғазы Мыңжасарұлы әке жолымен жүріп, химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі атанды. Еліміздің ғылым саласына өз үлесін қосып, қатерлі ісікке қарсы «Арглабин» препараты авторларының бірі ретінде ғылым тарихына есімін жазып үлгерді. Жалпы, осы салада еңбек етіп, елдің алғысына бөленіп жүрген Мыңжасар ағамыздың ұрпағы мен шәкірттері баршылық.

Мыңжасар Әдекенов атындағы колледжде қызмет істегенімізді мақтан тұтамыз. Өйткені, Мыңжасар ағамыз осы білім ордасынан түлеп ұшып, Алматыда оқуын аяқтап келіп, емтихан комиссиясының төрағасы болып, көптеген жасты білім нәрімен сусындатқан. Ағаның ұрпақтары мен шараны ұйымдастырушыларға колледж атынан шексіз алғыс айтамыз. Ұлы Серғазы Мыңжасарұлы колледждің жылдағы жөндеу жұмысына, материалдық-техникалық базасын нығайтуға үнемі қол ұшын беріп, қамқорлық танытып келеді. Колледже Мыңжасар Әдекенов атындағы жеке кабинет ашып, оны жөндеп, ішін ағаның құнды мұраларымен толтырып, шәкірттерге арнайы шәкіртақы төлеп келе жатқанын ел біледі. Бүгінгі шара құтты болсын! Мыңжасар ағамыздың есімі мәңгі жасасын! – деді Қарқаралыдағы М.Әдекенов атындағы ауылшаруашылық колледжінің директоры Саят Оспанов.

Мыңжасар Әдекенов – халқымен бірге мәңгі жасайтын тұғырлы тұлға. Облыстың үш ауданында басшылық жасап, ширек ғасырдан астам уақыт облыстың қой шаруашылығын дамытуға білім-білігін, бай тәжірибесін арнады. Өмірінің соңына дейін ел игілігіне еңбек етуден жалыққан жоқ. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де ұрпақ тәрбиесіне атсалысып, өскелең жастарды имандылыққа баулы ісіне азаматтық ұстаныммен үлес қосты. Мыңжасар Әдекенұлының туған жерді сүю, елге адал қызмет ету, адалдықтан айнымау тұрғысындағы боямасыз болмысы – көпке үлгі.

Салтанатты рәсімде сөз алған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қарағанды облысының Құрметті азаматы Рымбала Омарбекова ол кісінің адалдығын, өзінің сүйікті Қарқаралысына жасаған еңбектерін тілге тиек етті. 1964 жылы сол кездегі ҚазКСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Д.Қонаевтың қабылдауында болып, Қарқаралы ауданы үшін көптеген нысандар салынуына септігін тигізгенін өңір халқы аңыздай қылып айтып жүр.

Ел жүрегіне мәңгіге жөргектеліп, есімі ұмытылмайтын тұлғалар еңселі ұлдары бар бір өңірдің. Мыңжасар аға – солардың бірі һәм бірегейі. Бүгінгі қойылған ескерткіш тақта – біртуар ұлға лайықты құрмет!

Ардақталған аңыз тұлғаның есімі елі барда мәңгі жасарына бек сенеміз.

Жәлел ШАЛҚАР

Басқа материалдар

Back to top button