Ойыншық сапасы – ойыншық емес
L.O.L. қуыршақтары, Mini W Tobot трансформер автокөлік, балық аулау, әскери ойыншық жиынтықтары балалар денсаулығына қауіпті. Жыл басынан бері Қазақстанда қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін 706 балалар ойыншығы анықталған. Осылай деп елдің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мамандары дабыл қағуда. Өнім қауіпсіздігі мониторингі аясында санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті балалар ойыншықтарының 1499 үлгісін зерттеді. Тексеру нәтижесінде оның тең жартысы, яғни, 47,1%-ы «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» заң талаптарына сәйкес келмейтіні белгілі болды. Оның ішінде, біз жоғарыда атаған ойыншық түрлері бар. Ойыншықтардың бала дамуында алар орны зор десек, оның қауіпсізін қалай таңдаймыз?
Маман кеңесі
Ол рас, самсап тұрған түрлі ойыншықтар арасында қауіпті-қауіпсізін ажырату қиын. Тұрмыстық химия және химиялық өнімдер бойынша сарапшы Гүлмира Садырова сатып алу кезінде ең бірінші тауардың түсі мен иісіне мән беруге кеңес берді.
– Өткір иіс болса, химиялық қосындысы барын бірден аңғаруға болады. Ойыншықтың бетін салфеткамен сүртсе, түсі кетіп қалатын ойыншықтардан аулақ болу керек. Ондай ойыншықтардың сапасыз екені, баланың денсаулығына зиян екені анық. Бірақ, оның бала денсаулығына қалай әсер ететін ешкім болжап айта алмайды. Аллергия шығуы, улануы мүмкін, – дейді Гүлмира Садырова.
Маман ойыншықтың жапсырмасында оның қанша жастағы балаға арналғаны, қауіпсіздік кеңестері, шығарылған күні туралы ақпарат болуы керек. Оған қоса, тауардың қайда шыққаны, Қазақстанға әкелген сатушы компанияның мекенжайы көрсетілген болуы қажет. Дегенмен, ең бірінші ойыншықтың сәйкестік сертификатын талап етіңіз. Бұл ретте санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ойыншықтарды сатып алғанда абай болуға кеңес береді. Өнімдерді күмәнді жерлерде сатып алмай, таңбалауға назар аударған жөн.
Бағасы әлде сапасы?
«Күмәнді жерлер» деген дала, көше бойы, тіпті, базарлар. Арнайы дүкендерде тұрған ойыншықтарды сол базардан 2-3 есе арзанға кездестіруге болады. Сондықтан болар, көпшілік ата-ана базардан ала салғанды жөн көреді.
– Мен ойыншықтың қандай екеніне, қай жерде сатылғанына мән бермеймін. Балама қайсы ұнайды, соны алып беремін. Тіпті, сапасына да қарамаймын, ұнатып тұрса болды. Қымбаты да, арзаны да сынады, сондықтан, қымбат болған сайын сапалырақ деп ойламаймын, – дейді Сымбат есімді ана. Ал, Ақгүл есімді қала тұрғыны тек сапалы ойыншықтарды алатынын айтады.
– Менің 5 қызым бар. Бір жақсы, сапалы ойыншық алсаң, бірнеше жылға жетеді. Яғни, келесі балалар да сонымен ойнайды. Бірақ, балалар тез жалығып кетеді. Сондықтан, біраз ойыншықты тығып қойып, біршама уақыттан кейін алып шығамын, – дейді ол.
Қазір базарда да арзан нәрсе таба алмайсыз. Сатушы біткеннің барлығы доллардың қымбаттағанына, тасымал құнының өскеніне салады. Сондықтан, арнайы дүкендерден ойыншықтың сапалысын таңдаған дұрыс сияқты. Оның үстіне, құнын бөліп төлеуге мүмкіндік болады.
Зиянды химикат
Сапасы сын көтермейтін ойыншықтардың 90%-ы Қытайдан келген екен. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, анықталғандардың арасында 1,3% – отандық өнім, 8,4%-ы – ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге тиесілі. Заңбұзушылықтардың негізгі бөлігі таңбалау талаптарын бұзуға қатысты – 97,6%, органолептикалық көрсеткіштер бойынша 3,3% жағдай анықталды. Санитариялық-химиялық бойынша 23 үлгіде қауіпсіздік көрсеткіштері асып кеткен. Ойыншықтардың құрамынан ксилен, бензол, фенол, гептан, формальдегид, этилацетат, стирол, сонымен қатар, метил, изопропил, изобутил спирттері анықталған. Дәрігерлердің айтуынша, шамадан тыс формальдегид тыныс алу органдарының ауруларын ғана емес, сонымен қатар, ринит қатерлі ісігін және ауыр жағдайларда ішек қатерлі ісігін тудырады.
Мұндай зиянды заттар еліміздің барлық аймақтарында анықталды.
Қарағанды да қалыс қалмады
Жартыжылдық қорытынды бойынша облыста зерттелген 215 ойыншық сынамасының 102-сі немесе 47,4%-ы сәйкес келмейтіні анықталды. Стандартқа сәйкес келмейтін барлық ойыншықтар Қытай, Ресей немесе шығу тегі белгісіз басқа елдерден әкелінген.
– Бұзушылықтардың түрлері бойынша негізгі бөлігі таңбалау талаптарының бұзылуына тиесілі – 89,2%, 91 сынама, органолептикалық көрсеткіштер, яғни, ойыншықтың иісі, сыртқы түрі, боялуы бойынша – 10,7% 11 сынама. Жүргізілген мониторинг нәтижелері сатылымдағы балалар ойыншықтарының басым бөлігі сәйкестік сертификаттарынсыз өткізілетінін көрсетті, – дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Айгерім Жилкибаева.
Бөлім басшысының айтуынша, анықталған бұзушылықтардың барлық фактілері бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне оны жою тәртібін міндетті түрде түсіндіре отырып, тиісті нұсқамалар берілген. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті де бұзушылықтарды жою бойынша ұсыныстар берген. Бұл жағдай жыл сайын қайталанса да ведомство ұсыныс айтудан әрі бара алмай отыр. Кәсіпкерлік палатасы да заң талаптарын бұзғандарға жауапкершілік арта алмайды. Қолданылған шара ретінде Денсаулық сақтау министрлігі сауда кәсіпорындарында 21,5 келі ойыншықтың сатылымнан алынғанын атап өтті. Бұл да біреудің бизнесі. Ал, бала – өзіңіздікі. Балаңыздың денсаулығына Денсаулық министрлігі емес, өзіңіз жауаптысыз.
Жансая ОМАРБЕК.