Хорваттың құрметі
«Еліміздің бірлігін айтқанда міндетті түрде сонау тарихтан сөз терудің қажеті шамалы. Бірлік – біздің ішімізде, бірлік – әр ұлттың бір тудың астында, бір арманның жетегінде болуы. Ол арман – ұлтаралық татулық. Ал, Қазақстан менің екінші Отаным» – дейді «Шахтер» футбол клубының хорватиялық қорғаушысы Иван ГРАФ.
2021 жылдың аяғында кеншілер командасы қайта жасақталды. Жаңа ойыншылар келді. Атап айтсақ, босниялық Джордже Чосич, ресейлік Кирилл Маляров пен Амир Адуев, армениялық Петрос Аветисян, колумбиялық Роджер Каньяс және украин Николай Ковталюк. Осылайша, құрамға жан-жақтан белді ойыншылар жиналды. Осы аталған ойыншылардың ішінде біздің елге ерекше құштар һәм Қазақстанды екінші Отаным деп білетін хорват Иван Графты атап өтпеске болмас.
— Қазақстан маған бар салт-дәстүрімен қатты ұнайды. Мен бұл елге үйреніп қалдым және өзімді қазақ секілді сезінетінді шығардым. Отбасымның да бұл ел көңілінен шықты. Олар әрқашан менің жанымда. Қызым қазақ және орыс тілдерін меңгеріп те үлгерді. Біз мұнда үлкен ұлымның 4 айлығында келдік. Қазақстан – менің ұлымның туған жері. Бір жолғы демалысымда туған еліме Загребке барғанда ұлым: «Әке, елімізге қашан қайтамыз?» деп еді. Оның бұл сөзі – Отаным деп Қазақстанды білетіндігінің айғағы, – дейді Иван Граф.
Асылында, кеншілер сапындағы сайыпқырандардың ұлты кім болса да Қарағандыға құрметі ерен. Бұл – «Шахтер» барда бар қағида.
Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.