Қарағандыда «Жоламан» қойылымының тұсауы кесілді
Сәкен театрының сахнасында Жүзбай Серіктің «Өмір-ғайып» романының желісі бойынша жазылған «Жоламан» атты музыкалық драмасы көрермен назарына ұсынылды. Бұл – жаңадан құрылған инклюзивті бағыттағы «Qazaq Inclusive Theatre»-дың алғашқы қойылымы. Қоюшы режиссері – Думан Омаров.

«Qazaq Inclusive Theatre» театры Астанадан арнайы келді. Жоламанның образын сомдаған Айбек Мұстыбаев қойылымның қоғамға айтары көп дейді.
– «Qazaq Inclusive Theatre» театры биыл қыркүйек айында құрылды. Бұл – Жүзбай Серіктің идеясы. Театрды құру туралы аян берілген екен. Астана қаласынан таланттар іріктелініп алынды. Сахнада біршама тәжірибем бар. Бірақ, Қарағандыға алғаш келуім. Негізінде әншімін. Мен басты кейіпкер Жоламанды сомдаймын. Жоламан – тастанды бала. Анасы вокзалдағы ата мен әжеге қалдырып, кетіп қалған. Асыраушылары Жоламанды тұлғаға айналдырған. Бүгінде Жоламан өнердің жарық жұлдызына айналды. Жоламанның образы арқылы көп дүниені айтуға болады қоғамға, – деді бас кейіпкер Айбек Мұстыбаев.
Пьеса Жоламан атты тастанды баланың өмірге келіп, тағдыр тауқыметтерімен бетпе-бет жолығуын баяндайды. Кейіпкерлер қатарында көз жанарынан айырылған екі актер бар. Екеуі қол арбада отырады. Барлығы да тағдырларына мойымай киелі сахнаға шығып, өнерлерін дамытып жүрген батыл жандар.
Туындының негізгі идеясы – сәби көз жасына қалмау. Режиссер осы мақсатты көздейді. Спектакльде өмірде болатын әртүрлі жағдайлар суреттелген. Туынды отбасы құрудағы құндылықтарды айшықтайды.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»



