Руханият

“Қоңыр күз құдіретіне тағзым етіп…”

Күз – ақындардың ерекше шабыт шақыратын мезгілі. Мұны қаламыздың Орталық және демалыс саябағындағы жаңа сахнада өткен «Қарағанды – қоңыр күз» поэзиялық кеші дәлелдеді. Шайырлар арқалана жыр оқыды. Бұған дейін поэзия кешінің шілдеде алғашқысы өткен болатын. Бұл – екіншісі. Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының директоры, ақын Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫНЫҢ идеясымен қолға алынған жобаны қала әкімдігінің қолдауымен, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан ІЛИЯШ һәм рух жоқшысы Эльмира САЙЛАУҚЫЗЫ бірлесе ұйымдастырып отыр.

"Қоңыр күз құдіретіне тағзым етіп..."
Суреттер ұйымдастырушылардан

Әрдайым қара өлең дегенде басқа дүниенің бәрін ұмытатын, туындысының қан тамырларына, тұла бойына, табиғи болмысын, мінезін енгізіп, сонысымен дараланып тұратын ақындарымыздың бұл күні шабыттары асқақ болды. Жиылған жұртшылықтың көңілінен шығып, өз талантын танытқан ақындар бауырларын жаза шапты-ай келіп.

Бұл жолы сезімді селт еткізер, өміршең өлеңдерін Руслан Нұрбай, Саят Тұяқбай, Ілияс Мұқай, Салтанат Смағұл, Мөлдір Альжанова, Сұлтан Дәулетхан, Салтанат Қайырбек, Бек Ноғайбайұлы, Еркебұлан Елеусізұлы, Жоламан Әйткен, Марат Нұрдаулет, Тілеужан Қасымбай оқыды.

Поэзия кешін әлеуметтік желіден көріп, Жоламан Айткен Баянауылдан келсе, Сұлтан Дәулетхан Бұқар жырау ауданынан арнайы келіпті. Мұны өлеңге іңкәрлік деп ұқтық.

– Кездесу жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу, ақындар мен әншілердің шығармашылығын насихаттау, көркем әдебиетке деген сүйіспеншілікті ояту, жас дарындарға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылды.

Нәзiктiк пен сұлулық, адалдық пен адамгершiлiк, сүйiспеншiлiк, елге, жерге деген махаббат ақындардың поэзиясынан ерекше орын алады. Бір жарым сағатқа жуық бір тынбастан жыр нөсерін кезек-кезегімен төпелетіп, елдің көңілін сергітіп тастады. Жұртшылықтың ақындарға деген қошемет, құрметі ерекше болды. Скрипкамен сүйемелдеген Тәттімбет өнер колледжінің ұстазы Толғанай Аманкелдіқызына, ақындарды қолдап келіп, кешті әнмен әрлеген талантты әншілеріміз Арайлым Жүкенова мен Фархат Мейрашқа, Тәттімбет өнер колледждің IV курс студенті Айбек Тәттімбетке алғысымыз шексіз, – деді Нұржан Ағыбайұлы.

Ал, ұстаздық пен ақындықты қатар алып жүрген Мөлдір Альжанова: «Ұстаздығымды бірінші орынға қойып, өлеңді тек өзім үшін жазатын мені ақындық орта жылы қабылдаған сияқты. Ақындардың арасында – ұстаз, ұстаздардың арасында – ақын болу да ғажап екен. Поэзия сүйетін жандар көп болса екен» дейді.

– Бала күнімнен өлеңге құмармын. Сол арқылы әдебиетке қызыға бастадым. Абай, Мұқағали сынды біртуар ақындарды жаттап өстім. Кейін өзім де өлең жаза бастадым. Қазір 90-нан астам туындым бар. Оның бәрі өлең бе, жоқ па оны уақыт көрсетеді. Бұйырса, алдағы бір жылдың ішінде кітап шығару ойда бар. Осы шараға шақырғанына қатты қуандым. Сүйсіне өлеңдерімді оқыдым. Бұрын аттарын ғана естіп жүрген ақын ағаларымен танысып, өте жақсы әсер алдым. Ұйымдастырушыларға үлкен рахмет айтамын, – дейді өлеңге талаптанып жүрген жас ақын Марат Нұрдәулет.

Іс-шара соңында Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Жанат Жаңқашұлы сөз алып, кешке қатысқан ақындар мен өлеңге сусап келген жұртшылыққа алғысын айтты. Бұл игі шараның алдағы уақытта да жалғасатынын тілге тиек етті.

Өнер мұраты – халықты бір-бірімен рухани үндестіру десек, жиын мақсатына жеткені анық.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button