Жаңалықтар

Қазақстан өзгерістер кезеңінің табалдырығында тұр

Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясы қарсаңында аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК Қарағандыдағы «Достық үйінде» сессия делегаттарымен, ҚХА мүшелерімен, этно-мәдени бірлестіктердің басшыларымен кездесті. «Жаңа Қазақстан – мызғымас бірлік мекені» атты кездесуге қатысушылар еркін форматта өңірлік әлеуметтік-экономикалық дамуындағы Ассамблея ролін талқылады. Сондай-ақ, кездесуге өзек болған тағы бір тақырып – жұмысшы мамандықтарының имиджін арттыру қажеттілігі мен өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие берудегі әкенің рөлі болды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық сессиясына Қарағанды өңірінен 27 делегат қатысатынын айту керек. Олардың қатарында этномәдени орталықтардың басшылары, қоғам белсенділері мен ғалымдар бар. Жиын алдында тақырыптық көрме ұйымдастырылып, жас таланттар жұмыстарын көрермен назарына ұсынды. «Күз» және «Көзімнің қарасы» атты картиналардың авторлары, «Ала гүлдер» бейнелеу өнері студиясының оқушылары – Аружан Құрамыс пен Айбибі Саятқызы болашақта өмірлерін шығармашылықпен байланыстыратындарын айтады. Бұл олардың бірінші көрмелері емес. «Ала гүлдер» студиясының мұражайында студенттер жыл сайын ғажайып өнерді бағалаушыларға жұмыстарын паш етеді.

«Ала гүлдер» студиясының тағы бір талантты оқушысы Данил Воробьевтің «Менің Қазақстаным» атты жұмысында ел болашағын қандай қылып көретіні бейнеленген. Суреттің ерекшелігі де осында. Елімізде ғана емес, шетелде де жүлделі орындарға ие болып жүрген жеткіншек 8 жасынан сурет салумен айналысады.

Кездесуді ашқан облыс әкімі Жеңіс Қасымбек этномәдени бірлестіктердің бейбітшілік пен келісімді сақтаудағы атқарып жатқан жұмыстарының маңыздылығына тоқталды.

Біздің басты жетістігіміз – бейбітшілік. Оны болашақ ұрпақ үшін сақтауымыз керек. Көп ұлтты ел үшін Ассамблеяның ролін бағаламау немесе асыра бағалау қиын. Біз үлкен отбасымыз. Кез келген отбасында түрлі сұрақтардың туындайтыны заңды. Бірақ, этномәдени бірлестіктердің арқасында олардың барлығы жедел шешілуде.  Ассамблея алаңы – бірегей алаң, біз оны белсенді түрде пайдаланамыз. ҚХА-ның өңірдегі әлеуметтік-саяси жағдай мен экономикалық тұрақтылыққа қосқан үлесі зор. Байсалды жұмыс істеп келеді және және өз нәтижелерін беруде. Қазір ҚХА жұмысының рөлі үлкен. Бұл жұмыстарыңыз үшін сіздерге алғыс айтамын, – деді Жеңіс Махмұдұлы.

Жақында ғана Ассамблеяға мүшелікке өткен Қарағанды техникалық университетінің Жастар саясаты департаментінің директоры Рустам Бузяков биыл республикалық сессияға бірінші рет аттанады. Маңызды әрі жауапты міндетті қабылдаған Рустам еліміздегі ұлтаралық келісімді нығайтуға үлесін қосуға уәде берді.

Қатысушылар проблемалық мәселелер банкі мен перспективалық жобаларды қаржыландыру қорын құру керек деген пікірлерін де білдірді. Осы орайда бірегей жобаларды ұсынушылар оқушылар екенін де айту керек. Кездесуге келген Назарбаев зияткерлік мектебі оқушылары медицина және экология саласындағы жаңалықтарымен және жетістіктерімен бөлісті. Ал, аталмыш оқу орнының мұғалімі Гүлбақыт Әбдікенова алдыңғы буын кейінгі буынға дұрыс тәрбие беріп, «Отан» сөзінің мән-мағынасын жете түсіндіруі үшін мектептеріне оқушылардың ата-әжелерін жиі шақыратындарын айтады. Ал, оқушылар болса өз кезегінде оқудағы жетістіктерімен қатар, қандай жобалармен айналысып жатқандарымен де бөліседі. Бұл өз кезегінде ұрпақ сабақтастығын жалғастырып, тәрбиеде үлкен рөл атқармақ.

Кездесуде өскелең ұрпақты тәрбиелеу, отбасы институтын сақтау, жұмысқа орналастыру және жаңа жұмыс орындарын құру мәселесі де талқыланды.

Тәжірибелі педагог ретінде мен кез келген елдің бірлігі мен игілігінің негізі – ақылды және тәрбиелі балалар деп санаймын. Ел болашағы ұрпағымызды қалай тәрбиелейтінімізге байланысты болады. Сондықтан, бала тәрбиесіне мектепте де, отбасында да үлкен көңіл бөлуіміз керек. Ұлттық әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерге сай тәрбиеленіп, жан-жақты дамыған жастар ғана жарқын болашақты құра алады, – дейді Қарағанды облысы ҚХА Аналар кеңесінің мүшесі, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері Күліш Төлеуханова.

Қатысушылар Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы роліне де тоқталды. Олар жұмысшы мамандығының имиджін көтеру қажеттігін айтты.

«АТЦ-АЗИЯ» ЖШС директоры, Теміртау қалалық мәслихатының VI-VII шақырылымдарының депутаты, Amanat партиясының мүшесі Михаил Коновалов ҚХА-да 5 жылдан бері жұмыс істеп келе жатса да, биылғы жылдың ерекше екенін айтады.

Оның бірнеше себебі бар. Алдағы сессия індеттен кейін көзбе-көз, офлайн режимде өтпек. Қаңтар оқиғаларының қорытындысы бойынша Қазақстан саяси өзгерістер кезеңіне енді, біз осы өзгерістердің қатысушыларымыз. Мен бизнес саласының өкілімін. Осы орайда техникалық кадрларды кәсіби даярлау мәселесі әлі де өзекті екенін айтқым келеді. Сондықтан, кадр мәселесін шешуге бәріміз бірдей атсалысамыз деген ойдамын, – деді Михаил Коновалов.

«КамаTуresКZ» ЖШС өкілі Виталий Дедов кәсіпорын жұмыс орындарын ұсынуға даяр екенін жеткізді. Ал, Абай атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі болашақ қызметкерлерді оқытуға әзір. Виталий Петрович кәсіпорын ұжымы көпұлтты әрі өте тату екеніне тоқталып өтті.

Мағжан Жұмабаев атындағы гимназияның «Шолпан» үлгілі хореографиялық ансамблінің жетекшісі Гүлнар Омарова өскелең ұрпақтың шығармашылық тәрбиесіне тоқталды. 500-ге тарта бала айналысатын ұжымды 30 жылға жуық басқарған Гүлнар Омарова балаларды хореографияға оқыту процесінде, ең алдымен, бала бойында өнер мен мәдениетке, халықтар тарихына деген махаббат ұялайтынын айтады. Елімізде ғана емес, шетелде де өнер көрсетіп жүрген «Шолпандықтар» жақында ғана Түркиядан оралған.

Сөз алған Күнту Серікжан болса, әлеуметтік желілердің рөлі туралы мәселені көтеріп, барша жұртшылықты әлеуметтік желіні тек бейбіт мақсатта, жақсылық жасау үшін пайдалануға шақырды.

Кездесуде ой бөліскендердің қатарында жуырда өткен тікелей сайлау нәтижесінде жаңадан сайланған Абай ауданы Құрма ауылының  әкімі Айжан Қыдырбаева  да болды. Бұған дейін мемлекеттік қызметте істеп, тәжірибе жинаған жас әкім қызметте жеткен жетістіктері Жаңа Қазақстан құру бағытындағы өзгерістер кезеңіне дөп келгеніне қуанышты.

Дөңгелек үстел соңында қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысқаны және жаңа қазақстандық қоғамды құруға қосқан үлесі үшін облыс басшысының атынан Вилен Молотов-Лучанский, Виталий Тварионас, Деспина Касапиди, Виктор Кисту, Лилия Ким, Рамис Ширинова, Михаил Коновалов, Рустам Бузяков секілді қоғамдық бірлестіктердің төрағалары мен мүшелеріне алғыс хаттар тапсырылды.

Салтанат ІЛИЯШ.

Суретті түсірген: Руслан ҚАЛИ.

Басқа материалдар

Back to top button