Спорт

«Тұлпар» турнирлік кестеде VII орынға сырғыды

Қарағандылық «Тұлпар» шағын футбол клубы футзалдан ел чемпионатында турнирлік кестеде VII сатыға түсіп қалды. Өткен жолы жерлестер алматылық «Қайратқа», бұл жолы өз алаңында «Семейге» қарсы кездесуде жеңілді. Жерлестер қос ойын қорытындысы бойынша қарсыластарына 1:4 және 2:4 есебімен есе жіберді.

Сурет клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Жалпы, шағын футболдың королі – алматылық «Қайрат» екені даусыз. Бірнеше жыл ел біріншілігінде тағынан түскен жоқ. Одан қала берді чемпиондар лигасында да керемет өнер көрсетіп жүр. Бірақ, 2023-2024 жылғы маусымда «Семей» клубы алматылықтарды басып озып, ел чемпиондары атанған болатын. Биыл да семейліктердің қарқыны қатты. Сырт алаңда «Тұлпарды» жеңіп, турнир кестесінде ұпай айырмашылығымен көш басына шықты.

Биылдыққа «Тұлпар» мен «Семей» төрт мәрте кездескен. Оның төртеуінде де қарсыластар жеңіске жетіпті. Бұл жолы жерлестер өз алаңында ойнайтындықтан «жеңісті қолдан бермейді» деп күткен едік. Өкінішке қарай, қарсыластардан айласын асыра алмады. Бірінші кездесуде 1:4 есебімен жеңілді.

Ал, қарымта ойында жанкүйерлер «есе қайтарады» деп күткен-ді. Десе дегендей-ақ, қарағандылықтар бұл жолы сәтті өнер көрсетті. Жерлестер алғашқы айналымды 0:1 есебімен түйіндеген болатын. Екінші айналымда есеп 2:3 болып аяқталады. Алаң иелері екі гол салып, есеп алшақтығын қысқартқанымен, қарсыластарды басып оза алмады.

Осылайша жерлестер төрт ойын қатарынан ұпай жоғалтып, турнирлік кестеде төмен түсіп қалды. Қазіргі уақытта «Семей» 33 ұпаймен көш басына шықты. Ал, алматылық «Қайрат» 29 ұпаймен ІІ орынға тұрақтаса, үздік үштіктің қатарында рудныйлық «Аят» шағын футбол командасы.

Чемпионаттың плей-офф кезеңіне алғашқы сегіз команда өтеді. Ал, жерлестер жетінші сатыда. Одан кейінгі сатыда оралдық «Бәйтерей» командасы тұр. Бірақ, олардың әлі ойналмаған екі ойыны бар. Егер олар сол екі ойында жеңіске жетсе, жерлестер төмен түседі. Қысқасын айтқанда, жерлестер қауіпті аймақта.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button