Жаңалықтар

Қарағандыда алғаш рет «Талдау мектебі» жобасы іске қосылды

Облыс әкімдігі хабарлауынша, Қарағанды өңірінде «Талдау мектебі» жобасы алғаш рет іске қосылды. Бұл бастама бұған дейін тек Астанада Сенат жанында жүзеге асырылып келген болатын. Енді жоба аймақтық деңгейде де өз жұмысын бастап, жергілікті мамандар мен жастарға жаңа мүмкіндіктер ұсынбақ.

Сурет Облыс әкімдігі сайтынан

Жобаны ашу бастамасын облыс әкімдігі көтерді. Аймақтың жоғары зияткерлік әлеуетін және өңірдегі жоғары оқу орындарының мүмкіндіктерін ескере отырып, әкімдік жергілікті сарапшыларды даярлауға арналған арнайы алаң құруды ұсынды. Бұл бастамаға Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қолдау білдірді.

Жобаның басты мақсаты – Қарағанды өңірінің тұрақты дамуы үшін сараптамалық ойлау мен деректермен жұмыс істеу дағдыларын дамыту.

— Өңірді тиімді басқару сарапшылар мен қоғам өкілдерінің белсенді қатысуынсыз мүмкін емес. Өзара ықпалдастық пен бірлескен жұмыс сын-қатерлерге жедел жауап беретін, аймақ пен елдің дамуына серпін беретін басқару моделін қалыптастырады. Жобаға қатысушылар жаңа білім мен тәжірибе алып, экономиканың негізгі бағыттары бойынша маңызды сараптамалық материалдар әзірлейді деп сенемін. Өңір мен еліміздің өркендеуіне бағытталған тың идеялар мен нақты шешімдер күтеміз, — деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мектептің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.

Жоба Сенаттың қолдауымен жүзеге асырылып, жастардың кәсіби құзыреттерін, сыни ойлау қабілетін және стратегиялық сараптама дағдыларын дамытуға бағытталған. Қатысуға 90-нан астам өтінім түсіп, екі кезеңнен тұратын іріктеу қорытындысы бойынша 35 жасқа дейінгі 40 адам – жоғары оқу орындарының оқытушылары, жеке сектор мамандары мен жұмысшы мамандық иелері таңдалды.

Оқыту 2025 жылғы 8 қарашадан 6 желтоқсанға дейін офлайн форматта өтеді. Бағдарлама бес модульден тұрады – сараптамаға кіріспеден бастап деректерді визуализациялауға дейін. Дәріскерлердің 90 пайызы – Астана мен Алматыдан шақырылған тәжірибелі мамандар. Олардың қатарында ҚР Парламенті Сенаты Аппаратының басшысы Максим Споткай, депутат Айдос Сарым, Eurasian Center for People Management компаниясының бас директоры Леся Каратаева және өз саласының өзге де беделді сарапшылары бар.

Сенат төрағасының кеңесшісі әрі жоба кураторы Жұлдызай Ысқақова мұндай бағдарламалардың маңыздылығы тәжірибе алмасуға және кәсіби дамуға арналған орта қалыптастыруында екенін атап өтті.

— «Талдау мектебінің» ерекшелігі – ол білім мен тәжірибені ұштастырып, сарапшылардың өзара байланысын нығайтады. Мұнда қатысушылар өз әлеуетін арттырып, сараптамалық ойлау қабілетін жетілдіре алады. Қарағанды облысының қатысушылары лайықты нәтиже көрсетіп, бес жылдан бері Сенат бастамасымен жұмыс істеп келе жатқан Taldau Community қауымдастығының белсенді мүшесіне айналады деп сенеміз, — деді Сенат өкілі.

Жоба қатысушыларының пікірінше, бұл бастама кәсіби тұрғыда ғана емес, жеке даму үшін де үлкен мүмкіндік береді. Электровоз машинисінің көмекшісі, «ҚТЖ» ҰК» АҚ жастар кеңесінің өңірлік жетекшісі Камбар Хасанов бағдарламаға қатысуды өзін-өзі дамыту жолындағы маңызды қадам ретінде бағалайды.

— Біздің өміріміздің барлық саласы деректер мен сараптауға негізделген: күнделікті жоспарлау, жұмыс, отбасы, қаржы – барлығы талдау мен есепке сүйенеді. Өзім бұл бағытта терең білімге ие емеспін, сондықтан өмірде де, кәсіби салада да қажет болатын жаңа дағдыларды меңгергім келеді. Бұл білім маған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының қатысушысы ретінде де пайдалы болады деп ойлаймын, — деді ол.

Оқу қорытындысы бойынша қатысушылар Қарағанды облысының мемлекеттік органдарына арналған сараптамалық материалдар әзірлейді. Ең үздік түлектер өңірдің сараптамалық кеңесіне мүше болады. Ал ең мықты жобаларды ұсынған екі команда 2026 жылғы қаңтарда басталатын Астанадағы «Талдау мектебіне» шақырылады.

Жамал АКПАРОВА

Басқа материалдар

Back to top button