Арқа ән дәстүрін жаңғыртқан Қайрат Байбосыновтың 75 жылдық мерейтойы аталып өтті
Кеншілер мәдениет сарайында Қазақстанның Еңбек Ері, Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Қайрат Байбосыновтың 75 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш өтті.

Мерекелік іс-шараға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, мәдениет және өнер қайраткерлері, дәстүрлі әншінің шәкірттері мен ізбасарлары, сондай-ақ дәстүрлі ән өнерін сүйетін тыңдармандар қатысты.
Салтанатты кеш Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен ашылды.
Кеш барысында әншінің шығармашылық жолына арналған бейнебаян көрсетіліп, оның өмірі мен өнері жайлы әсерлі естеліктер айтылды. Кеш қонақтары Қайрат Байбосыновтың ән өнеріндегі дара жолы мен ұстаздық еңбегін ерекше атап өтті.
Сахна төрінде Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев сөз алып, мерейтой иесін құттықтады:
– Қайырлы күн, құрметті қауым, қадірменді Қайрат аға!
Сізді 75 жасқа толған мерейлі жасыңызбен және бүгінгі өнер кешіңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіз өзіңіздің дара дарыныңыз бен әуелете салатын әсем әуеніңіздің арқасында халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген ардақты азаматсыз.Біз өзіңізді Арқа төсінен Алаштың өнер аспанына қанат қаққан даңқты жерлесіміз деп мақтан етеміз.
Сізді әнді дауыспен емес, жүрекпен айтатын сирек дарын иесі деп білеміз.Әншілік дарыныңызбен қатар ұлағатты ұстаз ретіндегі еңбегіңіз зор. Санаулы ғұмырыңызды сахнаға арнап, еліміздің мәдениетінің танымал тұлғасына айналдыңыз.
Өнер саласындағы адал еңбегіңіз бағаланып, Мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстанның Еңбек Ері атағына ие болдыңыз, – деді өңір басшысы.
Аймақ басшысы сондай-ақ Арқа ән дәстүрін 21 ғасырда жаңғыртқан , 300- ден астам шәкірт баулыған қайраткердің дәстүрлі әннің сахналық ғұмырын ұзартқанын ерекше атап өтті.
Кеш барысында облыс әкімі ұлттық өнер майталманына “Өз ауылыңызда бір үйіңіз болсын деп” Қарағанды қаласынан пәтер кілтін табыстады. Дәстүрлі ән орындаушылар мен мәдениет қайраткерлері өнер көрсетті. Сахна төрінде Айгүл Қосанова, Ардақ Исатаева, Ержан Базарбеков, Еркін Шүкіман, Құрмаш Ыбышеев, Сержан Мұсайын, Айтбек Нығызбаев, Ғалым Мұхамедин сынды өнерпаздар дәстүрлі әндерді шырқады.
Сондай-ақ Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Серік Ақсұңқарұлы сахна төріне шығып, «Қазақ пен Қайрат туралы аңыз» атты өлеңін оқыды.
Кештің көркін Тәттімбет атындағы халық аспаптар оркестрінің және Нұрғиса Тілендиевтің «Мұрагер» күйі кіргізді.
Кеште облыс әкімі ұлттық өнер майталманына үш бөлмелі пәтер кілтін табыстады.
Қайрат Байбосынов – ұлттық дәстүрлі ән өнерінің символына айналған тұлға.
Ол қазақтың ән қазынасын сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізген ұлағатты ұстаз, дара өнерпаз.
Кеш соңында жүргізушілердің «Ән-думанымыз тарқамасын, ағайын!» деген сөзімен мерекелік кеш көрермендердің зор қошеметімен аяқталды.
Жамал АКПАРОВА