Қарағанды облысында 19 қазаннан бастап санитарлық бекеттер орнатылады

Қарағанды облысында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу үшін карантиндік шараларды күшейту туралы шешім қабылданды. 19 қазаннан бастап облыстың периметрі бойынша сегіз санитарлық бекет пайда болады, онда полиция қызметкерлері мен дәрігерлер кезекшілік етеді.

Бұл туралы Saryarqa телеарнасында тікелей эфирде өткен брифингте тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті департаменті басшысының м.а. Юрий Залыгин хабарлады.

Көрші облыстарда сырқаттанушылықтың өсуіне байланысты алдын алу шарасы ретінде 19 қазан күні сағат 00.00-ден бастап өңірде санитарлық бекеттер орнату туралы шешім қабылданды. Облыс бойынша сегіз бекет болады: Жезқазған, Ұлытау, Нұра, Осакаров, Бұқар Жырау, Қарқаралы аудандарында және Приозерск қаласында.

Жүргізушілер мен жолаушылардың денсаулық жағдайын дәрігерлер полиция қызметкерлерімен бірге тексереді. Бақылау термометрия мен сауалнаманы қамтиды.

Кіреберістерде, лифтілер мен паркингтерде тәулігіне кемінде екі рет профилактикалық дезинфекциялау және ылғалды жинау жүргізу қажет.

Күн сайын балалар мен аула алаңдары дезинфекцияланады.

65 жастан асқан адамдарға қозғалысты шектеу ұсынылады.

Мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдарда қызметшілердің 50%-ы қашықтықтан жұмыс форматына көшірілуі тиіс (штатында 30-дан астам қызметкер бар).

Шетелге шығатын туристермен ақпараттық жұмысты күшейту талап етіледі.

Ереже бұзушылықтарды нақты уақыт режимінде тіркеу үшін сауда-ойын-сауық орталықтарында, сауда үйлерінде, желілік дүкендерде, қоғамдық тамақтану пункттерінде (50-ден астам отыратын орын бар) бейнекамералар орнату ұсынылды.

Өнеркәсіптік кәсіпорындарда, автовокзалдар мен автобекеттерде стационарлық тепловизорлар мен ақылды бейнебақылау жүйелерін орнату талап етіледі.

Жолаушылар көлігіне жүктемені төмендету мақсатында кәсіпорындар мен ұйымдардың сараланған жұмыс кестесі бойынша мәселе шешілетін болады.

Өнеркәсіптік кәсіпорындардың басшылары өз қызметкерлерін жұмысқа және үйге жеткізуді ұйымдастыруы керек.

Облыста еріктілер зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету жұмыстарын жандандырады.

Бетперделік режимнің, санитариялық-дезинфекциялық талаптардың сақталуын бақылау күшейтілетін болады.

Ойын-сауық, спорттық, отбасылық, естелік, салтанатты және басқа да бұқаралық іс-шараларды (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу), оның ішінде үйде өткізуге тыйым салынады. Ойын-сауық мекемелерінің (караоке, бильярд, компьютерлік клубтар, түнгі клубтар, боулинг орталықтары, жабық үй-жайлардағы балалар ойын алаңдары мен аттракциондары, батуттар және т.б.), кинотеатрлардың (ашық кинотеатрлардан басқа), букмекерлік кеңселердің жұмысына әлі де рұқсат етілмеген.

Карантин кезінде мобильді топтар 17 000-нан астам нысанды қамти отырып, 3440 рейд жүргізді. 970-тен астам бұзушылық анықталды. Тәртіп бұзушыларға қатысты 101 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.
Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің м.а. тұрғындарды талаптарды сақтауға шақырды.

— Вирус әлі де қауіпті. Үйден қажет болмаған жағдайда шықпаңыздар, көпшілік жиналатын жерден аулақ болыңыздар, әлеуметтік қашықтық пен маска режимін сақтаңыздар», — деді Юрий Залыгин.