Руханият

Жомарт жүрек жылуы

Мысты шаһардағы Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде есімі елге танымал меценат, Ұлттық «Алтын жүрек» сыйлығының лауреаты Бекзат АЛТЫНБЕКОВ тағайындаған дәстүрлі «Тұлға» сыйлығын тапсыру рәсімі өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған ерекше бітімдегі шырайлы шара ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналды. Бұл – республика көлемінде өнер, білім және ақпарат саласында дараланған дарынды тұлғаларға берілетін сыйлықтың екінші мәрте тапсырылуы. Тағылымдық мағынасының тереңдігі анық аңғарылған театрландырылған қойылымнан кейін жұртшылық назарына облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ бейне құттықтауы ұсынылды.

Қойнауы құтқа, жайлауы баққа толы қасиетті Жезқазған халқы тағы бір тарихи сәттің куәсі болып отыр. Арқаның Атымтай жомарты атанған белгілі меценат Бекзат Алтынбековтің бастамасымен тағайындалған «Тұлға» сыйлығы еліміздің рухани өміріндегі елеулі оқиғаға айналғанына биыл – екінші жыл.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлт құндылықтарын дәріптеп, өнер, мәдениет, әдебиет саласы майталмандарын қолдауды дәстүрге айналдырған жомарт жүрек иесі Бекзат Қомарұлына алғысымыз шексіз! – деген Жеңіс Махмұдұлы тұғырлы «Тұлға» сыйлығының ұлттың қос ғұламасының мерейтойларына арналуында зор тарихи мән жатқанын атап өтті. «Ұлт мұраты жолында атқарған ұлы істеріңізді Жезқазған топырағы жебеп, Ұлытау ұлықтасын!» деген тілегін білдірді.

Содан кейін сахнаға көтерілген Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Әбсаттаров ел мерейін өсірген ұлағатты іске ұйытқы болған тарапқа алғаусыз алғысын айтып, ауқымы кең шараның ілкімді түрде жүзеге асырылуымен құттықтады. Қадірлі қонақтар – кино және театр жұлдызы, қазақтың Қыз Жібегі Меруерт Өтекешоваға «Қыз Жібек» фильмінің көрерменмен қауышқанына 50 жыл толуына, сондай-ақ айтулы ақын Серік Ақсұңқарұлының биыл 70 жастың биігін бағындыруына орай айрықша құрмет көрсетті. Иықтарына зерлі камзол мен оқалы шапан жауып, Алғыс хат тапсырды.

Салтанатты шара барысында «Тұлға» сыйлығы, сөздің шынайы мағынасында талантты тұлғаларға табыс етілді. Ұлттық кино өнерінің інжу-маржаны «Қыз Жібек» фильмінде басты рөлді сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меруерт Қаратайқызына лайықты марапатты халықтың кіршіксіз қошеметі аясында Қарағанды облысының Құрметті азаматы, абыз ақсақал Мұзараф Аханов тапсырды. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Ақсұңқарұлы «Тұлға» сыйлығын қала әкімі Қайрат Әбсаттаровтың қолынан алды. Қалпы бөлек қарымды қаламгер, «Ел Ана» қоғамдық қорының президенті, республикалық «Мөлдір бұлақ» журналының бас директоры, ұлағатты ұстаз Сәуле Мешітбайқызына жалпыұлттық «Егемен Қазақстан» газеті атындағы «Тұлға» сыйлығы бұйырды. Аталмыш сыйлықты қаламгерге Жезқазған қалалық мәслихатының хатшысы Советбек Медебаев тапсырды. «Тұлға» сыйлығының келесі иегері – Семей қаласындағы М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің директоры, филология ғылымдарының кандидаты Шағангүл Жанаеваға оны тағайындаушы меценат, «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Бекзат Алтынбековтің өзі табыстады. Аталмыш сыйлықтың бесінші иегері – ҚР Вице-Премьерінің кеңесшісі, қоғам қайраткері Нәзипа Шанай. Танымал тұлғаның қызмет бабымен іс-шараға қатыса алмауы себепті, сыйлықтың кейінірек тапсырылатыны мәлімделді.

Салтанатты рәсімде, жоғарыда аты аталғандардан тысқары, жалпы руханиятқа, өнер мен білім беруге қатысты түрлі бағыттар бойынша атаулы сыйлықтар табысталды. Нақтылай түссек, мемлекет және қоғам қайраткері Камал Смайылов атындағы сыйлық «Егемен Қазақстан» газетінің Ақмола облысы бойынша меншікті тілшісі Байкал Баядиновке, ҚР Мәдениет қайраткері Сәбит Байдалин атындағы сыйлық «Қазақстан» РТРК» АҚ Қарағанды облыстық «Saryarqa» телеарнасына, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Зулпа Супьяновна атындағы сыйлық «Жезказганский вестник» газетінің бас редакторы Эльвира Алпанбаеваға, Баубек Бұлқышев атындағы сыйлық айтыс аламанында «Дәридай» әуенімен дәуірлеп, ел мерейін үстем еткен айтыскер ақын Мұқаш Сейтқазиновқа, ақын Сайлаухан Нәкенов атындағы сыйлық ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қайырбек Сәдуақасовқа, Мұқан Иманжанов атындағы сыйлық «Жезқазған қалалық «Сарыарқа» газетінің редакциясы» ЖШС директор – Бас редакторы Дархан Мұқанға, сондай-ақ жазушы Аппаз Қаражігітов атындағы сыйлық ақын, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Танакөз Ілиясоваға табыс етілді.

Құрметті педагог Шабал Бейсенбекова атындағы сыйлыққа Балқаш қаласы «Мектеп-балабақша кешені» базасындағы тірек мектеп (ресурстық орталық)» КММ директоры, облыстық мәслихат депутаты Айман Түкбаева, Халық ағарту ісінің үздігі Қабден Шыңғысов атындағы сыйлыққа Балқаш қаласындағы №15 мектеп-лицейінің директоры Қарлығаш Дүбірбекова, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Нұрия Жұмажанова атындағы сыйлыққа Нұр-Сұлтан қаласындағы Әлихан Бөкейханұлы атындағы №76 мектеп-лицей директоры Сафура Төлекова лайықты деп танылды.

Сонымен қатар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Жанат Хаджиев атындағы сыйлық Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған драма театрының актері Бақытжан Ибраевқа, Қазақстанның Халық әртісі Досжан Жанботаев атындағы сыйлық Қадиша Бөкеева атындағы Орал қазақ драма театрының актері Ербол Есендосовқа, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері Кеңес Нұрланов атындағы сыйлық Нұр-Сұлтан қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актері Мейрам Қайсановқа, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бегайдаров атындағы сыйлық Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының дарынды актері Азамат Чукеевке, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Серік Бұлғақбаев атындағы сыйлық С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театрының актері Ардақ Жарқынбековке, «Құрмет» орденінің иегері, театр шебері Райхан Ибраева атындағы сыйлық Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық драма театрының талантты жас әртісі Қарлығаш Байдалинаға, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов атындағы сыйлық Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының актері Наурызбай Есейге берілді.

Бұлардан бөлек, Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойына орай, арнайы тағайындалған «Достық» сыйлығына Қарағанды облысы әкімі аппаратының этносаралық қатынастар саласындағы қоғамдық келісім мәселелері жөніндегі инспекторы Гүлфайруз Рымбекова ие болды. Биылғы жылы Қазақстанның кәсіптіктехникалық білім беру саласына 80 жыл толғаны белгілі. Маңызды саланың мерейтойына байланысты та­ғайындалған атаулы сыйлыққа Жезқазған индустриалдық-гуманитарлық колледжінің директоры Марал Тілеужанова лайықты деп табылды.

Келісті кеш барысында «Тұлға» сыйлығының нышаны ретінде әзірленген кәдесый – қобыз мүсіндерін ағаштан ойып жасаған қызылордалық шеберлер Бекзат Алтынбековтің азаматтық ұстанымына тәнті екендіктерін танытып, өздері ағаштан ойып арнайы дайындаған, «Ұлы Дала» атауы телінген ғажайып қолөнер туындысын тарту етті.

Салтанатты шараның шырайын Береке Көшенов, Ғалым Мұхамедин, Серік Көшкінбаев бастаған өнерпаздар орындаған әсем әндер мен Байғара Сәдуақасовтың қобызынан төгілген қоңыр үн енгізе түсті.

Тұлғаларды бұрынғыдан да тұлғалы етіп, шаттығын еселей түскен, келер күндерге сенімін нығайтқан, қарапайым көрермен қауымның көңіліне қуаныш сезімін ұялатқан салтанатты шараның тағылымы мен тәрбиелік мәні ел ауызында сан мәрте қайталанып айтылары күмәнсіз. Себебі қалың бұқара оны осы өңірдің ғана емес, тұтас республиканың мәдени-рухани өмірінде орын алған ерекше оқиға ретінде бағалады. Ақсұңқар құс секілді тапқанын «шашып» жейтін дара бітімді тұлға – Ұлт ұланы Бекзат Қомарұлының даладай дархан пейіліне ризашылықтарын бүкпесіз білдіріп, бата-тілектерін жаудырды.

Қысқаша түйіндесек, көзделген мақсат толықтай әрі орнықты орындалды. Демек, келер күндердің межесі бұдан да биік болары – күмән тудырмас ақиқат. 

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ.

Суретті түсірген Виктор ЩАВНЕВ.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы. 

Басқа материалдар

Back to top button