Жаңалықтар

Өңірлерде құрылыс – қарқынды

Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында аймақ басшысы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына назар аударып, қолға алынған құрылыс жұмыстарымен танысты.

Бұқар жырау ауданының әкімдігі тұрғындарды баспанамен қамту мәселесіне күш салуда. Бұл мақсатта Ботақарада жыл соңына қарай «Жастар» шағын ауданы пайда болады. Мұнда «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша жүз жиырма пәтерлік екі қабатты тоғыз үй салынуда. Жергілікті билік өкілдері облыс әкіміне тұрғын үй секторын дамыту әлеуеті туралы есеп берді.

– 120 пәтер халықтың әлеуметтік осал топтарынан тұратын отбасыларға арналған. Желтоқсан айында пәтер кілттерін тапсыруды жоспарлап отырмыз, – деді аудан әкімінің орынбасары Сапар Сатаев.

Бүгінде ауданда 938 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Бұл азаматтарды баспанамен қамту үшін болашақта тағы бірнеше шағын аудан салу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, қазір аудан орталығында отыз алты пәтерлі бір үй және Үштөбе ауылында 54 көпбалалы отбасыға арналған бір үй салынуда. Жыл соңына дейін кезекте тұрған 240 отбасы жаңа пәтерге көшуі тиіс.

Жеңіс Қасымбек құрылыс сапасына ерекше назар аударды.

– Егер халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үй салсаңыздар, онда бір жерде ақаулар жібере салуға болады деп ойламаңыздар. Мұндай жағдайда ерекше тексеру болады, – деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, Доскей ауылында 90-шы жылдары бос қалған бес қабатты ғимарат қалпына келтірілді. қырық пәтерлік үйді биыл аяқтау жоспарланып отыр. Кентте барлығы тоғыз үй қалыпқа келтірілуі тиіс. Облыс әкімі жөндеу жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

– Жақсы идея. Бұл жөндеу бюджет үшін соншалықты қымбат емес. Жұмысты жалғастыра беріңіздер, – деді Жеңіс Қасымбек.

Ботақара кентінде жұмыс істеуге келген жас дәрігерлер баспаналарына ие болды. Аудандық орталық аурухананың жас мамандары үшін арнайы төрт пәтерлі үй салынды.

– Пәтер жақсы. Маған ұнады. Осында тұрып, жұмыс істеп жатырмын, – деп атап өтті жас акушер-гинеколог Заңғар Есанпаев.

Жеңіс Қасымбек «Ауыл – Ел бесігі», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламаларын іске асыру барысын, әлеуметтік нысандар құрылысын тексерді.

Ботақара кентінде 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Келесі жылдың күзінде аяқталады.

Сондай-ақ, облыс әкімі аудан басшысы Шагурашид Мамалиновтың ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебін тыңдады.

***

Облыс әкімінің жұмыс сапары Қарқаралы ауданында жалғасты. Аудан орталығында медицина қызметкерлеріне арналған үй тапсыруға дайындалып жатыр. Оған 27 адам қоныстанады. Құрылысшылар соңғы әрлеу жұмыстарын жүргізуде. Жеңіс Қасымбек пәтерлердің сапасына көңіл бөлді.

Бір кездері қараусыз қалған жатақхана енді дәрігерлер мекеніне айналмақ. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, пәтерлер мамандарды тартуға мүмкіндік беріп отыр. Яғни, кадр тапшылығы жойылады.

Облыс басшысын бірінші кезекте дәрігерлер қандай жағдайда өмір сүретіні қызықтырды. Пәтерлер қажетті тұрмыстық техникамен және жиһазбен жабдықталған. Тоңазытқыш, плита, ас үй және жатын гарнитурлары бар.

– Мен Елордада резидентурада оқыдым. Бірақ, жыл сайын Қарқаралыға тәжірибеден өту үшін келіп отырдым. Аурухана ұжымы өте жақсы, мен көптеген пациенттерді білемін. Сондықтан, олар осында жұмыс істеуді ұсынғанда, мен бірден келістім. Маған пәтер берілді, – дейді жас маман Ақтоты Нұрпозылова.

Биыл облыстың медицина қызметкерлеріне 120 пәтер беріледі. Ал, келесі жылы 400 қызметтік пәтер беру жоспарланған.

Аймақ басшысы 320 орындық жаңа ДСК және үстел теннисі орталығында болды. Тұрғын үйлердің құрылыс алаңына барды. Қалада кезекте тұрғандар үшін 72 пәтерлік төрт үй салынуда. Бірақ, мердігер үйді тапсыру мерзімі бойынша артта қалып келеді.

– Тұрғындар көптен армандаған қоныс тойын асыға күтуде. Сіздерге ақша бөлінді, ал сіздер үлгермей жатырсыздар, – деді Жеңіс Қасымбек.

Мердігер жағдайды жұмысшылар жетіспейтіндігімен түсіндіруге тырысты.

– Жұмыстарыңызды үдетіңіздер, табыңыздар, басқа қалалардан жұмыскерлерді жұмылдырыңыздар! Заңда барлығы қарастырылған, сіздерге айыппұл санкцияларын қолдануға мәжбүр боламыз, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы Егіндібұлақта да болып қайтты. Оның тұрғындары №43 мектеп пен Мәдениет үйінің ұзаққа созылған жөндеуіне шағымданды.

Жөндеу мерзімі бойынша шағымдар бар, – деді Жеңіс Қасымбек мердігерлерге. Олар мектеп пен Мәдениет үйіндегі жөндеу жұмыстары бір ай ішінде аяқталады деп сендірді.

Егіндібұлақ тұрғындары ауылдан қалаға тұрақты автобус рейсінің жоқтығына да шағымданды. Облыс әкімі бұл мәселе екі апта ішінде шешілетініне уәде берді.

Егіндібұлақта келесі жылы қайта құру жұмыстары күтілуде. Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады. Сондай-ақ, көшелерді жөндеуге және жарықтандыруға шамамен 250 млн. теңге бөлінеді.

Қарағайлы ауылында да оң өзгерістер бар. Онда санитарлық-дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталып, мектеп жөнделуде.

Жұмыс сапары барысында Жеңіс Қасымбек Қарқаралыдан Қарағайлыға баратын жолдың жөндеу сапасын да тексерді. Күн суытқанға дейін мердігер жөндеу жұмыстарын аяқтап үлгеруі тиіс.

– Әрине, Қарағандыдан Қарқаралыға дейінгі республикалық жолдың сапасы өзекті мәселе болып табылады. Ауданның орасан зор туристік әлеуетін ескере отырып, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен осы жолды жөндеуге қаржыландыруды ұлғайту мүмкіндігін пысықтайтын боламыз. Қарқаралы ауданындағы жолдарды жөндеуге қаржыландыру ұлғайтылады, – деп атап өтті облыс әкімі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button