АймақҰлытау

Ұлытаулықтар көмегі

Ел басына іс түскен қиын-қыстау кезеңде елдік мұрат ұстанымымен қапысыз қимыл танытып, қарымды әрекет үлгісін көрсету – бағзы күндердегі бабалардан қалған тағылымды үрдіс. Осынау ізгі ұстанымды басшылыққа алған Ұлытаудың ұл-қыздары жалпы қауымға жағымды бастама көтеріп, оны жұмыла жүзеге асыруға кірісіп кетті.

 

Бастаманың басты талабы – ел ішіне ендей кірген қатерлі дертке шалдығып, Жезқазған қала­сындағы ауруханаларда ем алып жатқан науқастарға қолдау көрсетіп, оларға нақты көмек көрсету арқылы қолұшын созу. Соның аясында Терісаққан селолық округінің тұрғындары «бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол» шығара отырып, мейірімге мұқтаж сырқаттарға бойға қуат дарытып, дертке дәру болатын ауылдың бал татыған қымызын жеткізіп берді.

Салиқалы істі салмақты түрде қабылдаған Сарысу селолық округінде тұратын белсенді азаматтар жеткілікті көлемдегі мал етін, 200 литр қымыз, құрт, сары май және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерінің Жезқазғанға жеткізіліп, тиісті емдеу орындарына тапсырылуына ұйытқы болды.

Жарасымды істі ұтымды жалғастырған Шеңбер селолық округінің азаматтары мысты шаһардағы аймақтық көпсалалы ауруханаға қымыз жеткізіп беріп, жуыр маңда тағы да қымыз, ет, қаймақ секілді бойға сіңімді тамақ түрлерін тасымалдап, сырқат жандардан бөлек, қоғам көмегіне мұқтаж қала тұрғындарына да тапсыру қамына кірісті. Шалғайдағы Шеңбер ауылының тұрғындары осы мақсат аясында өз бастамаларымен арнайы есеп-шот ашып, қаржы жинау шарасын да қолға алғанын айта кеткен жөн.

Ымыра мен бірліктің, азаматтық сипаттағы қоғамдық белсенділіктің қажеттілігі айрықша айғақталған тұста қозғау салынған жарасымды іске аудан аумағындағы басқа да селолық округтердің жаппай қолдау көрсетері күмәнсіз.

Өз тілшімізден.

ҰЛЫТАУ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button