ЖаңалықтарҚарағанды

ШҰБАРКӨЛДІҢ рекорды

«Шұбаркөл Көмір» АҚ өндірген көмір көлемі 180 млн. тоннаға жетті. Және кен орнын игеру жұмысы басталған сәттен бергі аршылған аумақ 500 млн. текше метрді еңсерді. Шахтерлер бұл жетістіктерін кәсіпорынның 35 жылдығына арнап отыр.

«Шұбаркөл Көмір» АҚ баспасөз қызметі хабарлағандай, рекордтық көрсеткішке «Центральный» разрезінде қол жеткізілді. Рекордты экскаватор машинисі Зият Хасенов, оның көмекшісі Полат Жүсіпбеков және Caterpillar-777E көлігінің жүргізушісі Асхат Мұқашев орнатты. Сондай-ақ, «Западный» разрезінің кеншілері, Hitachi экскаваторы экипажының құрамы Оңдасын Құтжанов пен Берік Медиев, көлік жүргізушісі Рүстем Беркінов 500 миллионыншы текше метрді аршып алды.

– Біз әдеттегідей жұмыс істедік. Біздің бригада рекордтық тоннаны беру құрметіне ие болады деп ешкім күтпеген еді, – дейді Шұбаркөлде 27 жыл жұмыс істеп келе жатқан Зият Хасенов.

«Шұбаркөл Көмір» республиканың коммуналдық-тұрмыстық мақсаттағы көмір қажеттілігінің 30 пайызын қамтамасыз етеді. Кәсіпорынның технологиялық паркі қазіргі заманғы тау-кен тасымалдау жабдығымен жабдықталған. Үнемі жаңартылып отырады. Былтыр инвестициялық бағдарлама аясында 11 Caterpillar-777E самосвалы мен Hitachi EX1900-6 (LD) екі гидравликалық экскаваторы өндіріске енгізілді.

– Біздің ұжым осынау қиын уақытта бірліктің, табандылықтың үлгісін көрсете алды. Коронавирус пандемиясына қарамастан, біз жоспарларымызды сенімді түрде орындап қана қоймай, жаңа рекордтарға қол жеткіздік. Бұл – мерейтой қарсаңындағы тамаша тарту болды, – дейді «Шұбаркөл Көмір» АҚ президенті Рустам Ибрагимов.

Бүгінде кәсіпорын санитарлық-карантиндік талаптарды сақтай отырып, штаттық режимде жұмыс жүргізуде.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button